Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тасымалдаушы мекемелер талапқа сай жұмыс істеуі керек

0 301

Тараз тұрғындарының саны көбейген сайын қоғамдық көліктерге деген сұраныс та артып келеді. Автобус тапшылығы бүгінде тараздықтардың басты мәселесіне айналып отыр. Себебі тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Мектеп оқушылары мен студенттерден бастап барлығы дерлік діттеген жеріне автобустармен қатынайтыны белгілі.

Дегенмен осы қызмет түріне көпшіліктің көңілі аса тола бермейді. Осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін облыс орталығында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Бұған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков төрағалық еткен шаһар аумағындағы тасымалдаушы мекеме басшыларымен өткен кеңесте көз жеткіздік.
Басқосу барысында әуелі Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Сапар қоғамдық көліктердің жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жағдайы туралы баяндады.
– Қалалық жолаушылар бағытында 9 тасымалдаушы мекеме 37 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылы рейстерді толық орындамаған, арнайы үлгідегі киім үлгілерін сақтамаған, тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүру кестелерін, жылдамдық режимін сақтамаған, жылжымалы құрамды жаңалауға және кешкі рейстерді толық орындамаған тасымалдаушыларға 79 ескерту хаттары берілді. Сондай-ақ бүгінде бөлім тарапынан кемшіліктерді жою мақсатында қызмет көрсету сапасын бағалау тәртібі енгізілуде.
Өз кезегінде аталған тәртіп әрбір жіберілген кемшіліктер бойынша белгілі бір көлемде шығын көлемін қысқарту, тасымалдаушы мекеме басшылары тарапынан бақылауды күшейту, қызмет көрсету сапасын көтеруді көздеуде.
Жүргізушілер тапшылығын шешу мақсатында барлық тасымалдаушы мекемелерде айлық жалақы мөлшері былтырғы жылмен салыстырғанда 20-25 пайыз аралығында көтеріліп отыр. Сонымен қатар жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және де тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналып әзірленген іс-шара жоспары аясында жұмыс жүргізу басты назарға алынған, – деді Нұрлан Сабырұлы өз сөзінде.
Келесі кезекте шаһар басшысы қаладағы қоғамдық көліктердің қызметіне көңілі толмайтынын жасырмады.
– 2021-2023 жылдар аралығында тасымалдаушы компанияларға берілген субсидияның көлемі 4 есеге артты. Алайда олардың қызмет сапасы әлі де көңіл көншітпей тұр. Бұған күні кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен бірге бірқатар бағыттардағы қоғамдық көліктердің жұмысымен танысқанда тағы да көзіміз жетті. Автобустардың көпшілігі тозығы жеткен, кейбір жүргізушілердің мәдениеті төмен. Мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан, әлі күнге бірде бір жаңа автобус сатып алмаған серіктестіктер бар. Соның салдарынан облыс орталығында қоғамдық көліктердің тапшылығы сезілуде. Ал бұл автобустардың жүру аралығын ұзартып, тұрғындардың наразылығын тудырады. Жүру кестесін сақтамайтын серіктестіктер де аз емес. Әкімдік өзіне жүктелген барлық міндеттемені толық орындап отырғандықтан, серіктестік басшылары да жауапкершіліктерін сезінуі тиіс. Сонда ғана жұмысымыз жүйелі болады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы осы сыннан сабақ алмай, тиісті талаптарды орындамаған кейбір серіктестіктермен өзара келісімшарттар бұзылатынын баса ескертті.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.