Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тас мүсіндер саябағы Тараз болмысын жаңа қырынан ашар еді

0 499

2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы сол ежелгі сыр-сипатын сақтап, жылдан-жылға түрленуде. Тіпті жасарып келеді десек те болады. Оған соңғы екі-үш жылда ашылған, халықтың бір сәт серуендеп, тынығуына бар жағдай жасалған саябақтарды, тарихи-мәдени кешендерді айтуға болады.

Бұрын елеусіздеу жататын, негізінен өзге аймақтардан келетін туристер аяқ басып, тағзым ететін Тектұрмас кесенесінің маңы бүгінде адам танымастай өзгеріп шыға келді. Қыруар қаржы бөлініп, «Тектұрмас» этнотарихи кешені ашылды. Шынын айтқанда, бұл өте сәтті жоба, ұтқыр шешім болды. Себебі Тектұрмас бабаға тағзым етіп, киелі жерге Құран бағыштауға келген жұрт, ашығын айтқанда, сол жерден саялауға көлеңке таппайтын. Тағзым етіп болған соң, кетуге асығып жатқан талайын көзіміз көрген. Ал бүгінде ол жер тараздықтар да жиі баратын, серуен құрып, естелікке суретке түсетін тамаша орынға айналып отыр. Ондағы Әулиеата бабаның алыстан менмұндалаған алып ескерткіші баба болмысын керемет ашып тұр. Адамды алыстан өзіне тартады. Ал ескерткіштің қос қапталына қатар орналасқан қағандардың есімі жазылған тұғыр да көне тарихтан сыр шертіп, құдды бір Қарахан мемлекетін басқарған ұлы қағандар арамызда жүргендей күй кешесің. Кешенге кіреберіс қақпа, кейінірек салынған сарқырама, жағалау – бәрі-бәрі көздің жауын алатындай тартымды, айшықты.

Жалпы ішкі туризмді дамыту үшін оның нысанын ғана емес, оған апарар жолын, жарығы мен өзге де коммуникациялық желісін реттеген дұрыс. Әрине, атқарушы билік ондай шаруаларды қаржының мүмкіндігінше атқарып-ақ жатыр. Десе де, әлі де ақсап жатқан тұстар баршылық. Мәселен, қаламыздың шығысында, аса алыс жерде болмаса да «Ақыртас» археологиялық кешеніне апарар жолдың жайы жылдар бойы қолды байлап келді. Десе де, кейінгі жылдары кешен басына ғимарат салынып, жолы жоқтан жоғары болса да жөнделіп, туристерге жағдай жасалды. Сол сияқты Тараз қаласы маңындағы кіші қалашықтарға жеткізер жолдардың жайы да әлі күнге көңіл көншітпей тұр.

Жалпы кейінгі жылдары Таразды туристік қалаға айналдыру бағытында қолға алынып жатқан шаруалар қолдауға тұрарлық-ақ. Қала ішіндегі көне ғимараттар мен археологиялық қазба орындары – расында, турист тартуға таптырмас орындар. Тек жолы мен жарығын, сервистік әлеуетін, жалпы қаланың қызмет көрсету мүмкіндігін арттырса болғаны. Туристер өздері-ақ ағылады.

Осы ретте қала тұрғыны ретінде тағы бір ой айтып, ұсыныс жасасам деймін. Жалпы біздің өңірде көне дәуірлерден қалған тас мүсіндер, балбал тастар аз емес. Бірақ олар бір орында емес, яғни жақын шоғырланбаған. Бірі Қордайдың шетінде жатса, енді бірі Меркінің тауының ұшар басында. Мойынқұм даласында да өне бойына тарихтың талай сырын бұққан қаншама тастар қалған. Жуалы, Талас ауданы аумағында да сақ дәуіріне тиесілі тас жәдігерлер баршылық. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, ол жерлерге апарар жолдың жайы қынжылтады. Нақты картасы да жоқ. Тауып бару қиын. Сондықтан Тараз қаласынан тас мүсіндердің саябағы ашылса деймін. Әрине, оған балбал тастардың түпнұсқасын қою мүмкін емес шығар, десе де бірді-екілісін алып келіп, кейбірінің көшірмесін жасауға да болатын шығар. Оның үстіне облыстық өлкетану музейінен де көптеген тастарды көргенбіз. Бірақ оны көпшілік біле бермейді және қазір музейге бас сұғатындардың да қатары сиреп қалған сияқты. Сондықтан оған жаңаша көзқараспен қарап, ашық жерге шығарғанымыз жөн. Бұл ретте елімізге белгілі жамбылдық суретші, мүсінші Қали Қораласбаевтың да еңбегін атап өтуге болады. Бұл кісінің де тастан қашалған скульпторлық туындылары аз емес. Қали ағаның да тас мүсіндер саябағын ашу керек деп жүргеніне біраз уақыт болып қалды.

– Рас, соңғы бірнеше жылда Тараз адам танымастай өзгерді. Қаланың қай аумағына барсаң да қыз-қыз қайнап жатқан құрылыс жұмыстарын көресің. Қала бүгінде жоғы бүтінделген, кем-кетігі түзелген әсем де көркем шаһарға айналды. Әсіресе, сәні кеткен саябақтар ретке келтіріліп, тараздықтардың, қала қонақтарының жайлы демалыс орнына айналғаны қуантады. Осы орайда алдағы уақытта табиғи тас мүсіндер саябағын ашу туралы ұсынысымды айтар едім. Осындай саябақ арқылы тарихымызды танытып, өткенімізді дәріптей алар едік. Әлемнің дамыған елдерінің барлығында мұндай саябақ бар. Мәселен, Жапониядағы тас мүсіндер саябағы жыл сайын миллиондаған туристің табан тірейтін жеріне айналған. Осындай тарихи-мәдени орынды көне шаһар Таразда да неге ашпасқа, – дейді Шуда жатып-ақ елдік деңгейдегі талай дүниені жасаған мүсінші ағамыз.

Расында, көне шаһарды көруге келген көпшілік бұл саябаққа да бас сұқпай кетпес деп ойлаймын. Ең бастысы, қалада туризмді дамытудың сеңі қозғалды. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, жұмыс қарқын алғанда тас мүсіндер саябағын да ашып қойсақ артық етпес.

Ақбота АСҚАРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
1-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.