Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тас атып, темірмен ұрды»: сарбаздар бүлік кезінде не болғанын айтып берді (ВИДЕО)

0 931

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 1300-ге жуық адам зардап шеккен. Оның 209-ы Ұлттық ұланның сарбазы.

Көбіне басынан соққы алып, аяқ-қолы сынған әскерилердің қазір 30-ға жуығы ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлады «Астана» арнасы.

Бүлік басталған күні Диас Сапаралы да әскерилермен бірге оларға тосқауыл болуы үшін алаңға шығады. Лаңкестерді тоқтату үшін Ұлттық ұлан сержанты екі күн бойы үйдің бетін көрмеген.

Бір мезетте содырлардың қоршауында қалып, аяусыз соққының астында қалған.

«Тастар жан-жақтан ұшып жатты. Тура жанымда тұрған тағы да бір сарбазға тиген кезде ол құлады. Сол кезде оны құтқарамын дегенде маған да тас тиді. Үстіме бір топ адам мініп алып, жан-жақтан темірмен, ағашпен ұра бастады. Басымды көлегейлеуге тырыстым», – дейді Ұлттық ұланның сержанты Диас Сапаралы.

Алматыда Ұлттық ұланның 209 сарбазы зардап шеккен. Содырлар оларды қолына түскен тас, таяқ, темір сынды ауыр заттармен ұрған.

«Жан-жақтан тас пен неше түрлі заттар лақтырды. Топ болып келіп шабуыл жасады. Қол сынды, бас жарылды», – дейді Ұлттық ұланның қатардағы жауынгері Ерсұлтан Өксікбаев.

Ұлттық ұланның 7552 әскери бөлімінің медицина қызметінің басшысы Марат Айтбаевтың айтуынша, сарбаздардың көбі бас жарақатын алған, қолы-аяғы сынып, оқ тигендер де болды. Қазіргі таңда 23 жаралы бар. Жағдайлары қалыпты, дейді ол.

sputnik.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.