Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарыққанда табынарым – өлеңім, Жабыққанда жалынарым – өлеңім

20 наурыз – Тұманбай Молдағалиевтің туған күні

0 295

Шұғылалы көктемнің алғашқы айында дүниеге келген марқасқаларымыз жетерлік. Солардың бірі – сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиев. Ол тірі болғанда биыл 87 жасқа толар еді. Көзінің тірісінде-ақ «Қазақ лирикасының королі» атанған шайырдың мұңы мен сыры астасқан, нәзік иірімдерге толы жырлары әр қазақтың жүрегінде жазылып, жадында жатталды. Ол Мұқағалидың ақберен асыл қаламынан тасты бұзып, тауды жарғандай жойқын қуат алып, әдебиетіміздің барша құдіретін танытар асау арнаға айналды. Тұманбай сондай жаңа ұрпақтың төлбасы болды. Ендеше, ақынның туған күніне орай жан жадыратып, көңіл тебіренткен поэзиясын оқырманға шашу қылып ұсынбақпыз.

Көктем

Күн жылына бастады, көктем келді,
Ұнатамын бетімен өпкен желді.
Шартылдайды найзағай көк аспанда,
Салып жатыр қып-қызыл отпен белгі.

Күн жылына бастады, жаңбыр жауды,
Бұлттар баса бастады Алатауды.
Күн ашылса әжемнің ақ бұзауды,
Қырға апарып бағуға көңілі ауды.

Күн жылына бастады дала гүлдеп,
Ақыл айтты: «Қозыңды баға біл», – деп.
Қуанады Қожан да: «Атаға еріп
Қой айдасып келуге жарадым», – деп.

Күн жылына бастады, құстың бәрі
Ұшып келді «кетті деп қыстың қары».
Жауып өткен жаңбырдан шығар, бәлкім,
Бақтың іші түн бойы тырсылдады.

Тарыққанда табынарым – өлеңім
Тарыққанда табынарым – өлеңім,
Жабыққанда жалынарым – өлеңім.
Барлығы да өлеңімде сақтаулы,

Ақын болып нені айттым мен, не дедім.
Жүрегіме сүйенемін күй білген,
Жыры арқылы жұрт көңілін идірген.
Ең алдымен сүйдім адамдарды мен,

Анам көріп, әкем көріп сүйдім мен.
Сол өмірдің дегендерін құп алдым,
Әрқашанда көктем алдым, нұр алдым.
Жақсы көрдім қатар жүрген достарды,

Табысына, шабысына қуандым.
Көңілім деп ұқтым гүлді, көгалды,
Өрге бастар өмірімнің жол алды.
Мен жамандық істегем жоқ ешкімге,

Қолдан келген жақсылығымды ел алды.
Көктемдегі көк өзендей тасимын,
Жалғыз ауыз жаман сөзден жасимын.
Қатты сөзге барғаным жоқ ешкіммен,

Тәтті сөзге жебеушім деп бас идім.
Бірін-бірі сүйеп тұр ғой ормандар,
Өсиетсіз, қасиетсіз болмаңдар.
Ей, адамдар, бір-біріңді қолдаңдар,
Ей, адамдар, бір-біріңді қорғаңдар.

Ана

Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап.
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.

Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап.
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..

Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып.
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.

Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай.
Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.

Өмір маған

Өмір маған кейде тау сияқты,
Шыңына шыққым келеді.

Өмір маған кейде бір жау сияқты,
Аяққа жыққым келеді.

Өмір маған кейде бір бел сияқты,
Гүлдерін тергім келеді.

Өмір маған кейде бір шөл сияқты,
Сусын бергім келедi.

Өмір маған кейде бір от сияқты,
Жылысын алғым келеді.

Мен үшін кейде бақыт жоқ сияқты,
Өліп қалғым келеді.

Өмір маған кейде жақсы дос сияқты,
Күнде көргім келеді.

Өмір маған үлкен керуен көш сияқты,
Жетектегім келеді.

Өмір маған кейде адал жар сияқты,
Еркелеткім келеді.

Мені күткен бір бақыт бар сияқты,
Ерте жеткім келеді.

Өмір маған кейде сұлу қыз сияқты,
Құшақтап сүйгім келеді.

Өмір маған кейде «апа», сіз сияқты,
Қуаныш үйгім келеді.

Өмір маған шаттық сезім сияқты,
Мәз болып күлкім келеді.

Өмір маған кейде өзім сияқты,
Өмір сүргім келеді.

Наурыз келді

Наурыз келді ауылға нарға мініп,
Қаңқылдап жүр аспанда қарға күліп.
Жадырайды дүние жарқылдайды,
Жақын келіп қалғандай алдағы үміт.

Қуанды балалар таң атқанға,
Алғыс жолдап ағалар жаратқанға.
Наурыз көже қолымен келіндердің,
Құйылып жатыр ақ күміс табақтарға.

Қонақ күтіп әжелер құрақұшты,
Тізбектеліп тырналар жырақ ұшты.
Малдық бәрі бұл қыстан аман алып шықты,
Сол үшін де қария қуанышты.

Жыл құстары жарысып жаңа келді,
Келуімен қуантып тамам елді.
Маужырайды сұлу күн мейірленіп,
Аялайды нұрымен бар әлемді.

Жылытады енді дүниені от ерінбей,
Қайғы барын өтсе екен бота білмей.
Алатаудың шығып ап иығына,
Ұзақ тұрды наурыз күн көтерілмей.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.