Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тарихтан туған рәміздер

0 104

Ғасырлар бойы ата-бабамыздың жүрегінде сақталған қасиетті арман – Тәуелсіздік еді. Бұл арман  өз алдына дербес мемлекет атанып, өз тізгінін өз қолына алу жолындағы ұлы мақсатпен ұштасып жатты. Сан ғасырлық күрес пен бабаларымыздың мызғымас рухының арқасында 1991 жылы еліміз аңсаған азаттығына қол жеткізді.

Осы егемендікпен бірге халқымыздың өмірінде жаңа парақ ашылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің негізгі саяси-экономикалық бағыты ғана емес, сонымен қатар рухани іргетасы да қаланды. Соның айқын көрінісі  азаттығымызды айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз болатын.

Рәміздер – құр таңба немесе сурет қана емес, ол – ұлт рухының, мемлекет мәртебесінің, елдің еркіндігі мен егемендігінің бейнесі. Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлттық мемлекеттілігіміздің тұғыры, тәуелсіздігіміздің белгісі әрі халқымыздың рухани-тарихи жадының көрінісі. Бұл – жай ғана бейнелік таңбалар емес, ұлттың тарихи жолын, болмысын, құндылықтарын, келешекке деген ұмтылысын білдіретін асқақ символдар. Сондықтан рәміздерге құрметпен қарау, оларды дұрыс қолдану – елдің саяси мәдениеті мен құқықтық санасының көрсеткіші.

Мемлекеттік рәміздер – әрбір азаматтың жүрегіне патриотизм сезімін ұялататын, елдік сана мен тарихи жадыны қалыптастыратын бірегей құндылық. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мемлекеттік рәміздеріміз – Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз – Тәуелсіздіктің қасиетті белгілері. Олар – халқымыздың асқақ рухын, бай мұрасын, елдік мұратын танытады» деп атап көрсеткен болатын.

Жоғарыда атап өткеніміздей рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың борышы ғана емес, ұлттың ұлағатын ұрпаққа жеткізудің кепілі. Бұл ұстаным мемлекеттік басқару деңгейінде де, білім беру жүйесінде де, қоғамдық санада да орнығуы қажет.

Бүгінде Тараз қаласы әкімдігі тарапынан мемлекеттік рәміздерді қолдану мәдениетін арттыру мақсатында жүйелі және кезең-кезеңімен шаралар қабылданып келеді. Атап айтқанда, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қала бойынша 200-ден астам мемлекеттік мекемеде рәміздердің қолданылу тәртібіне кешенді мониторинг жүргізілді. Бұл мониторинг Мемлекеттік рәміздер туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкестік деңгейін анықтауға бағытталды.

Тексеріс нәтижелері мекемелердің басым бөлігінде рәміздердің орнатылуы мен қолданылуы заңнамаға сәйкес екенін көрсетті. Мәселен, мемлекеттік Ту ғимараттардың кіреберісінде немесе төбесінде тиісті биіктікте, дұрыс бұрышпен ілінген. Елтаңба мемлекеттік стандарттарға сай, жарықпен қамтамасыз етілген. Іс-шаралар кезінде Әнұранның орындалу тәртібі сақталады.

Мектептер мен балабақшаларда «Мемлекеттік рәміздер бұрыштары» орнатылып, ондағы мазмұн үнемі жаңартылып отырады. Мұнда оқушылар мен тәрбиеленушілерге арнайы танымдық сабақтар, патриоттық викториналар, сынып сағаттары өткізіледі. Әсіресе, мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу  жыл сайынғы тұрақты дәстүрге айналған.

Сонымен бірге мониторинг барысында техникалық және эстетикалық талаптарға сай келмейтін жекелеген фактілер де тіркелді. Атап айтқанда, Тудың тозуы немесе уақытында жаңартылмауы, Елтаңбаның жарықтандырылмауы, Әнұран орындалатын сәттерде тиісті рәсімнің бұзылуы сияқты кемшіліктер болды. Мұндай жағдайлар көбінесе материалдық-техникалық жабдықталу деңгейінің төмендігінен немесе жауапты тұлғалардың немқұрайлылығынан туындайды.

Бұл ретте Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан нақты ұсыныстар әзірленіп, түсіндіру және әдістемелік қолдау шаралары жүргізілуде. Жергілікті әкімдік тарапынан мемлекеттік орган басшыларын нормативтік талаптардан хабардар етіп, рәміздерді қолдануға жауапты тұлғаларға арнайы нұсқаулықтар таратты. Қажетті жағдайда жаңа рәміздерді сатып алу немесе техникалық құралдарды жаңарту мәселесі жергілікті бюджет қаражаты есебінен шешімін табуда.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық Заңы мен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі рәміздердің қорғалуын құқықтық деңгейде қамтамасыз етеді. Заңда мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу, оларды стандартқа сай қолданбау әрекеттері үшін нақты жауапкершілік түрлері көзделген. Бұл құқықтық тетік азаматтардың заң алдындағы міндетін нығайтумен қатар, мемлекеттік идеологияны да бекемдейді. Сондай-ақ, білім беру, мәдениет, ішкі саясат салаларында мемлекеттік рәміздерге қатысты идеологиялық және тәрбиелік маңызы бар мазмұндық жұмыстар жүйелі жүргізілуі тиіс. Бұл ретте Тараз қаласы тәжірибесі өңірлік деңгейде үлгі бола алады. Себебі, мұндағы жұмыс тек формальды сипатта ғана емес, азаматтық ұстаным мен мәдени жауапкершілікке негізделген.

Мемлекеттік рәміздер –  жай ғана көрнекі атрибуттар емес, халықтың тарихы, бүгіні мен болашағы. Тараз қаласындағы рәміздерді қолдану мәдениеті де ұлттық идеология мен әкімшілік тәжірибенің тоғысында қалыптасқан маңызды бағыт. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар  ел бірлігі мен мемлекеттік рәміздердің құндылығын ұғындыруға бағытталған жүйелі қадамдар десек болады.

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет –  қоғамдағы жауапкершілік деңгейінің, азаматтық белсенділіктің, ұлттық болмыстың көрсеткіші. Сондықтан, Тараз қаласының тәжірибесі  еліміздің басқа өңірлеріне де үлгі боларлық деңгейде екенін зор мақтанышпен атап өткен абзал.

Бағлан Абилдаева,

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.