Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарихтан тамыр тартқан Тектұрмас

0 3  353

Еліміздің түкпір-түкпірінен осы күнге дейін сақталып келе жатқан бірнеше мәдени ескерткішті кездестіруге болады. Оның біршамасы халқымыздың басына төнген қауіптен қиратылып, уақыт өте келе қайта қалпына келтірілген. Егемендікті еншілеген соң мәдени мұраларымыз бен тарихи ескерткіштерімізге көңіл бөлініп, олар қайта жаңғырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір Жолдауында тәуелсіздік алған соң, жаһандануға қарамастан еліміздің мәдени іргетасы бекігенін баса айтқан болатын. Сан түрлі төңкерістерге, патшалық дәуірдегі қиыншылықтарға, дұшпандардың озбырлығына қарамастан, қазақтармен қатар ел аумағында тұрып келе жатқан өзге де ұлт өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін қаз қалпында сақтап қалуға тырысты.

Бүгінде еліміздегі тарихи-сәулет ескерткіш-терін жандандырып, оларды зерттеп, зерделеу үшін де көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар іске асырылуда. Соның бірі – «Қазақстанның киелі 100 нысаны». Міне, осы жобаның тізімінде Тараз төңірегінде орын тепкен «Тектұрмас» сәулет ескерткіші де бар. Аталған кешен шамамен Х-ХІV ғасырларда қаланың оңтүстік-шығысына қарай, Талас өзенінің жағасында бой көтерген.

Кесене неге құлатылды?

Бұл кесене негізінде Сұлтан Махмұт ханның бейітінің үстіне салынған. Алғашқы ескерткіштің сыртқы көрінісі туралы «астыңғы бөлігі төртбұрышты, ал үстіңгі жағы күмбезді, күйген кірпіштен қаланып, есігі Тараз қаласына қаратылған», – деп жазылған деректерде. Бұл кесене бертінге дейін бұзылмай тұрған. Себебі бізге ХІХ ғасырдың 80-жылдарындағы ескерткіштің фотосуреті жеткен. «Тектұрмас» кесенесі бірінші рет ХІХ ғасырдың екінші жартысында зерттелді. Оның орнын тапқан шығыстанушы-ғалым Василий Каллаур еді. Осыдан кейін-ақ бұл көне ескерткішке басқа да зерттеушілердің көзі түсіп, арнайы жұмыстар жүргізіле бастаған.
Мысалы, ХХ ғасырдың 40 жылдары Г.Пaцeвич, ал 1949 жылы Л.Peмпeль жетекшілік еткен Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының арнайы экспедициясы, 80-шы жылдары Қ.Байбосыновтың жетекшілігімен тағы да Жaмбыл мұрaжaйының экспедициясы, ХІХ ғасырдың бас кезінде К.Байпақовтың жетекшiлiгiмен Оңтүстiк Қaзaқcтaн кeшeндi aрхeoлoгиялық экспeдициясы зерттеген болатын. Осы зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, кесененің тiкбұрышты ауда- ны – 300х200 м2 болса, қалашықтың сол жағында орын тепкен цитадельдің көлемі – 70х70 м2, ал биіктігі он бір метрге жетеқабыл екені анықталған. Айналасы түгелімен қоршалып, оның сыртынан арнайы ор қазылған екен. Осы жерден табылған құpылыc қaлдықтapы, қыш ыдыcтapдың cынықтaры қалашықта VII-XIII ғасырлардың аралығында тіршілік болғанын дәлелдейді.
Күмбeздiң құpылысы ислам дінi келгенге дейін жүргізілген. Ескерткішке алғашқы залал келген уақыт қоқандықтардың шабуылымен тұспа-тұс келеді. 1864 жылы осы маңға орыс отрядтарының зеңбіректері орналастырылған екен. Міне, осы қаруларды жою мақсатында күмбез маңын жау нысанаға алған. Ал толық қиратылған кезі – ХХ ғасырдың 20-жылдары. Дінге қарсы шыққан большевиктер еш аяусыз діни ескерткішті құлатып, оның сан жылдық кірпіштерін қант зауытының құрылысына пайдаланған. Десек те, сәулет ескерткішін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 2002 жылы ортағасырлық стильмен жаңа үлгіде ескерткіш қайта бой көтерді.

«Тектұрмас» атауы қайдан шықты?

Кесененің ерекше «Тектұрмас» атауына байланысты да бірнеше деректер кездеседі. Оның бірі филолог-ғалым Ж.Дәдебаевтың айтуынша, Тектұрмас атаның азан шақырып қойған аты Сұлтан Махмұт екен. Оны өз дәуірінде хан сарайындағы бек қызметіне ұсынғанда, бас тартқан. Бектіктен бас тартқан соң халық оны Тектұрмас деп атап кетеді. Сұлтан Махмұт көп ұзамай дін жолына түсіп, әулие атанады. Оның әулиелігіне көзі жеткен халық мазарының басына келіп, шырақ жағып, құрбандық шалып, тілек тілеген. Тіпті балаға зар әйелдер келіп түнейтін орын болыпты. Бұл әулие жайында айтылған әңгімелердің бір парасы ғана. Бір аңыздa Тeктұрмac Қapaхан дәуipiнде әскepбaсы болып қызмет етіпті. Ол қызмет бабымен халық жиналған көп орындарға барып, жолаушыларды түгелімен тексереді екен. Күдікті жайтқа куә болса, арнайы шара қолданып, адамдарды жазалап отырған. Жалпақ жұртқа мезі болған оны халық ашумен «Тектұрмас» деп атап, өз наласын білдірген.
Осы ғасырда салынған кесененің биіктігі 14 метрден асады, ал жалпы көлемі төртбұрышты, 7,5 метрді құрайды. Кесене көпшілік орынға арналғандықтан, бірінші шырақшылар үйінің құрылысы жүргізіледі. Кейін 300 метр арырақ күмбездің өзі бой көтереді. Екі аралықта арнайы құрылыс плиталары төселіп, айналасы таудың қатпарлы тастарымен көмкерілген. Ағаштар отырғызылып, көгалдандыру мәселесі де шет қалмағанын байқауға болады. Сондай-ақ арнайы мал сойылатын жер мен құран оқитын орын да бар. Тектұрмас әулиенің басына түнеуге де болады. Ол үшін ыңғайлы орындар салынған. Тектұрмас әулиенің орналасқан жеріне орай келушілер де көп кездеседі. Себебі бұл орын қаланың Көктөбесі іспетті. Тараз қаласының әсем көрінісін тамашалауға таптырмайтын орын.
Биікте тұрған Тектұрмас әулиенің бейітіне қарап, оның өмірде жасаған жақсылығына қарай алған бағасы дейтіндер де көп. «Ісі ақ, жүрегі таза, әділ сөзді, орақ тілді, халықтың қамын жеп, уайымын бөліскен қасиетті әулие жетім мен жесірді жебеп, пақырға қол созып, кембағал жандарға жанашырлық танытқан» дейді кей дереккөздер. Оның осы жақсылықтары үшін халық жамбасы жерге тиген орынды киелі санап, жиі келіп, алақан жайып, дұға оқыған. Халықты адамгершіліктің асыл мұратына үгіттеп, имандылық пен қайырымдылыққа шақырып, әділдік пен ар жолын уағыздаған Тектұрмас әулие заман шындығын айтушы ретінде де сипатталады. Әрдайым ақиқатты іздеген әулие зерттеушілердің болжамы бойынша ХІ ғасырда ғұмыр кешкен көрінеді. Ғалымдар оны үлкен ғұлама дін адамы ретінде көрсетеді. Бірақ нақты ғылыми дәлелденген деректер әлі күнге дейін еш жерде ұшыраспайды.

Жетім-жесірді жебеген әулие

Бұрынғы Тибет халқы өмірдің жаңалығын терең білуші, дүниенің астарын әріден ұғынушы, кемелденген дарыны мен таланты бар, кемеңгер адамды әулие деп атаған екен. Шындығында, осы айтылғандарға дәл келетін, қасиеті мен ісі келіскен әулиелердің бірі – Тектұрмас ата.
Тектұрмас әулие жайында тағы бір аңызға тоқталып кетсек. Атаның сыртқы пішіні, түрі, жүрісі, сөйлеу мәнері басқа адамдардан еш дараланбаған. Тек айырмашылығы – ес білгелі діннің жолына түсіп, исламды дәріптеуі. Ол жетелі жас жетіге келгенде діни сауаты бар, сол замандағы шәкірт оқытушылардың бірі болған атасынан жер астындағы мектепте сауатын ашады. Өзін өмірдің қым-қуыт тірлігінен аулақ ұстап, қараңғы жерге түскен шырақтың жарығымен немересінің бойына, санасына мұсылмандардың қасиетті кітабының нәрін, діни өсиеттерді, исламның ереже-қағидаларын құяды. Тектұрмас атасынан алған білімді текке кетірмей, керегіне жаратып, халықтың да санасына сіңірген. Оның алғашында емшілікпен аты шыққан. Алдына келген ауру адамдар бірден-ақ сауығып, тіпті қиын, емі жоқ дерттерден де айыққан. Жұқпалы саналатын өкпе ауруы, алапес сияқты кеселдердің тамыры кесілген. Тектұрмастың аты осылайша ел аралап кетеді, алдына келушілерде тіпті сан жоқ еді. Осылайша текке жүрмеген әулиелі кісіні халық өз атымен атамай, Тектұрмас деген лақап ат тағады. Дерт берген Алланың дәрмен беретіні анық, соған тек себепші болған әулиелі жан осылайша көптің алғысын алған екен.
Тектұрмасқа қатысты мына бір оқиға халық аузында әлі де айтылып жүр. Бір жас келіншек күйеуге ерте тисе де, жеті жыл бойы бала көтермейді. Барлық ем-домын қабылдаса да, жер-жердегі әулие-бақсыларды кезіп шықса да, діттегені болмай, салы суға кетеді. Бірақ Алла пендесінің шын тілегін естіп, жеті жыл, жеті ай, жеті күн дегенде бойына бала бітіреді. Ол тоғыз ай емес, жеті ай дегенде босанып қалады. Шала туған шаранасын ерінің бас киіміне салып өсіре береді. Ол заманда күні-айы жетпей дүниеге келген баланы кесеқапқа салып жеткізетін дәстүр болған. Енді осы ырымды келіншек қолданып, әйтеуір баласын аман алып қалады. Жетілмей туған баласы бір жасқа келгенде ері мезгілсіз опат болып, жесірліктің тауқыметін әбден тартады. Қорасында малы, қамбасында астығы, қараша үйде қоры жоқ келіншек баласымен әбден кедейшіліктің қиын күндерін басынан өткереді.
Бір күні ашаршылықтан мезі болған әйел жетідегі жарымжан баласын үйіне тастап, сүт іздеп ауыл-аймақты аралап, дала кезіп кетеді. Тау-тасты аралап жүріп, Тектұрмас әулиенің басына келіп қалған екен. Ол әулиенің бейітін көре сала білген дұғасын оқып, алақан жайып, бар ынтасымен тілек тілейді. Сөйтіп орнынан тұрып, тауы шағылып, іздеген сүті табылмай келе жатқанда, ен далада жайылып жүрген жалғыз сиыр кезігеді. Емшегі жер сызған сиыр мөңіреп келіп, келіншектің алдына тұра қалады. Қуанышы қойнына сыймаған ол қолындағы ыдысын толтырып сауып алады да, үйіне асығады. Әкелген сүтін босағаға қоя сала, бір үзім нан іздеп тағы көше кезіп кетеді. Осы кезде Қыдыр ата кейпіндегі жылан келіп, босағаға қойған сүтінен жеті рет ұрттаған екен. Кетіп бара жатқанда аузынан жеті тамшы тамып, сол сүт тамған жерлерге масақ өсіп шығады. Қиын заман болса керек, әйел бір үзім түгілі жарты үзім нан таба алмай, үнжырғасы түсіп үйіне келгенде масақтарды көріп, таң-тамаша болады. Әлгі масақтардан шыққан дәндерді жиып алып, оларды езіп, ұн жасап алады да, жеті нан пісіреді. Жеті жылдан бері бір қадам жасамаған баласына қараса, аяғынан тік тұр екен. Көп ұзамай оның да дерті жазылып, халі оңалады. Халық арасында айтылып жүрген әңгіме осындай. Жалпақ жұрт Тектұрмастың әулиелігіне шын сенеді. Бар ынтасымен барған адамның тілегі қабыл болады деген де түсінік бар.

Орта Азиядағы теңдессіз кешен

Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Тектұрмас» кесенесінің маңайында жаңа тарихи кешен ашылып, ел игілігіне берілген еді. Бүгінде ол шаһар тұрғындары мен қонақтарының жиі аялдайтын демалыс орнына айналды. Сондай-ақ ол Орта Азиядағы теңдесі жоқ тарихи кешен болып саналады.
Ежелгі Тараз қаласының төл тарихын толығымен бейнелейтін «Тектұрмас» этнотарихи кешені Талас өзенінің жоғарғы жағалауындағы «Тектұрмас» тауының биік таулы беткейінің 24 гектар аумағын алып жатыр. Аталған тарихи кешен Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекенін көрсететін, түркі тарихынан сыр шертетін тарихнама ретінде әрі демалыс орны негізінде туризмді дамыту мақсатында салынған. Тарихи кешенді тамашалау Талас өзені арқылы өтетін көпірден басталады. Көпірге кіреберіс жерде екі үлкен стела тұрғызылған. Мұнда дөңгелек күн тәрізді тастың бірінші бетінде Ұлы Батыс түркі қағандарының таңбасы бейнеленсе, екінші бетінде түркі халықтарының наным-сеніміндегі тәңір құсы Самұрық бейнесі көрсетілген. Ал көпір аяқталатын жерінің екі жағында түркі халықтарының негізгі айбарлы белгісіне айналған биіктігі 4 метрлік, салмағы 3 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған, түр-келбеті қазба жұмыстары кезінде табылған артефакт бейнесі бойынша жасалған екі арыстанның мүсіндік бейнесі орнатылған. Сонымен қатар «Көне Тараз» қақпасы «Тектұрмас» этнотарихи сәулетін арттырып тұр. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі – 10 метр, ені 14 метрді құрайды. Қақпаның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралары бар, ортасындағы қасбеттері әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген.
Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар мен кешен ішіндегі жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Яғни құрылысқа қажетті материалдар киелі жердің өзінен алынып отыр. Баспалдақтың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейленген арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың, он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері мен билік еткен ғасырлары таңбаланған. Мәселен, мұнда жазылған Тұран билеушісі Алып Ер Тоңғаның, ежелгі сақ дәуіріндегі билеуші Шу Қағанның, ежелгі Тараздың іргетасын қалаушы Шөженің, діндар абыз Тектұрмас әулиенің, әйгілі ойшыл Жүсіп Баласағұнның есімдері ұрпаққа өнеге болатыны сөзсіз. Кешенде бұдан кейін жоғары жақта Тараз қаласының негізгі символы саналатын Әулиеатаның еңселі ескерткіші бой көтерген.
Алып ескерткіштің салмағы – 10 тонна. Ақ түсті мәрмәр тастан құйылған ескерткіштің постаментінің биіктігі 8 метр болса, мүсінінің биіктігі 13 метрді құрайды. Тарихи деректерде Әулиеатаның Қарахан әулетінен шыққан хан Шах-Махмұд Бұғра Қарахан екені айтылады. Айша бибі өмірден өткенде, оның басына мазар салдырып, өзі қалған өмірін кесенені күзетіп өткізгендіктен, ел аузында Әулиеата аталған делінеді. Сонымен қатар Әулиеатаның ежелгі Тараз топырағында Ислам мәдениетін қалыптастыру жолында еңбек еткені айтылады. Бүгінде шаһар орталығындағы Қарахан кесенесі ХІ ғасырдан бері сақталып келе жатқан көне сәулет үлгісі ретінде құнды. Бұл еліміздегі ең үлкен ескерткіш болып саналады. Ескерткіштен ұлылық пен даналықтың бейнесін көруге болады. Абыз тұлға қос алақанын жайып, Жаратушыдан еліне бақ-береке тілеп тұрғандай кейіпте берілген.
Одан беріде «Тектұрмас» тауының Талас өзені жағындағы ең биік беткейінде Тараз қаласын жоғарыдан көруге арналған тамашалау алаңшасы орналасқан. Бұл алаңда құс ұшу биіктігінен Тараз қаласының тынысы мен Талас өзенінің ағысына қарап, айналадағы тарихи дүниелерді тамашалауға барынша мүмкіндік бар. Ал тамашалау алаңшасының ортасында арнайы биік тастан жасалған билік белгісі – Лауха тұғыры орнатылған. Символикалық белгінің ең ұшар басында әлемді жаратушы Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі ұлы сөзі: «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші», – деген Құран сүресі жазылған. Лауханың қасиетті Құран аятынан кейінгі астыңғы жағында түркі халықтарының тастағы тарихы – Күлтегіннің көне руна-түркі тіліндегі жазуы бейнеленген.
Былтыр кешеннің екінші кезеңі іске қосылды. Алайда алып архитектуралық құрылыс мұнымен тоқтап қалмайды. Жоспарда кешеннің үшінші, тағы басқа кезеңдері бар екен. Болашақта «Тектұрмас» этнотарихи кешені қосымша тарихи және танымдық нысандармен кеңейтіледі деп жоспарлануда. Жоспар бойынша мұнда енді ежелгі қалалар мен қамалдар қабырғаларының үлгісіне сәйкес, ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көрінісі салынады. «Көне Тараз» қорғаны ежелгі керуен-сарайлар мен цитадельдердің дәстүрлі архитектуралық бейнесі бойынша жасалмақ. Сонымен қатар тарихтағы Атлах шайқасы мен Аңырақай шайқасының тасқа қашалған тарихи бейнесі монументалдық қабырға бетінде көрініс табады. Бұдан өзге де жоспарлар жетерлік көрінеді. Ал бүгін кешенде Алып Ер Тоңға бастаған қағандар мен данышпандардың, Әулиеата мен Тектұрмастың рухы қалықтап тұрғандай әсер етеді. Көз алдымызға заманалардың ұлы көші, тарихтың тағылымды сабақтары елестейді.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.