Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарих ғылымына терең бойлаған тұлға

0 60

Кез келген мемлекеттің болашағын білім-ғылымсыз елестету мүмкін емес. Өйткені дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Адамзат жетістіктің бәріне тек соның арқасында қол жеткізіп, сол арқылы ғана жаратылыс құпиясын танып білген.

Ұлы далада өркендеген ғылымның да тамыры тым тереңде жатыр. Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің құнды мұралары – соның айқын көрінісі. Көне заманнан бастау алған ілім жолы ешқашан үзілген емес. Әрине, ғылым тек бір ғана емес, бірнеше бөліктен тұрады. Оның ішінде тарих ғылымының көтерер жүгі де, артқан жауапкершілігі де ауыр. Аталған сала өткен ғасырда қарқынды дамып, Ермұхан Бекмаханов, Манаш Қозыбаев секілді ұлт мақтаныштары қазақтың жаңа шежіресін жазып шықты. Олардың қаламынан туған әрбір зерттеу тарихқа тың түрен салып, өскелең ұрпақтың баға жетпес қазынасына айналды.
Біз атаған ұлылардан үлгі алып, солардың ізін лайықты түрде жалғастырып келе жатқан тұлғалар әлі де аз емес. Солардың қатарында тарих түкпіріне терең бойлап жүрген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тарих» кафедрасының профессоры, «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Сейдахан Бақторазовтың орны бөлек.
Сейдахан Уәлиұлы 1962 жылы 21 наурызда Байзақ ауданының Дихан ауылында өмірге келген. 1979 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті үздік бітіргеннен кейін, арман қуып Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетіне оқуға түседі.
1985 жылы аталмыш оқу ордасын ойдағыдай аяқтап, содан бері 40 жыл ғұмырын ғылымның көкжиегін кеңейтуге арнап келеді. Оның ширек ғасыры педагогикамен ұштасып, шәкірттерін қалың тарихымыздың құнарымен сусындатуда. Осы уақыт аралығында ол Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) Абай атындағы педучилищеде оқытушы, кейіннен бұрынғы Жамбыл гидромелиорация және құрылыс институтында, қазіргі ТарМУ-да, одан кейін ТарМПИ-де аға оқытушы болып жұмыс істеді. Сонымен қатар 1991-1996 жылдары облыстық «Қазақ тілі» қоғамында жауапты хатшы, Байзақ ауданында Халық депутаттары аудандық кеңесі төрағасының кеңесшісі, жеке кәсіпорын директоры қызметтерін де атқарды. Ал 2003 жылдың 12 наурызында «Оңтүстік Қазақстанда 1920-30 жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін» тақырыбындағы диссертациясын бастап, 2010 жылы аталған ғылыми жұмысын ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты жанындағы «БД 53.33.01» Диссертациялық кеңесінде сәтті қорғап шықты.
Ғалым өз ғылыми жолында бірқатар іргелі зерттеу жүргізген. Айталық, 2007 жылдың мамырында «Оңтүстік Қазақстан саяси қуғын-сүргін (репрессия) жылдарында (1917-1939 жж.)» тақырыбындағы оқу құралын, 2010 жылы «Жеңістің өшпес шырағы», 2011 жылы «Тәуелсіздік туымыз» атты кітаптар мен 2014 «Дулатитану» пәні бойынша лекциялар жинағын баспадан шығарды. Сонымен қатар 2017 жылы саяси қуғын-сүргін нәубетіне 80 жыл толуына сәйкес, «Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: тағдырлар қасіреті» атты монографиясын, 2020 жылы «Жамбыл өңіріндегі бірлік пен жасампаздық аясындағы 80 жыл (1939-2019 жылдар)» атты монографиясын, 2021 жылы «Әулиеата өңірінде жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін (1917- 1939 жж.)» және «Жамбыл облысының Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихы (1991-2021 жылдар)» тақырыбындағы монографияларын, 2022 жылы «Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі жүргізілген саяси қуғын-сүргін (1917-1939 жж.)» және «Әулиеата өңіріндегі кәмпескелеу және ұжымдастыру науқандары кезіндегі дүрбелең» атты монографиялары жарық көрді. Сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шығарылған «Жамбыл облысының тәуелсіздік кезеңіндегі тарихы (1991-2016 жылдар)» тақырыбындағы монографиясы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығы Ел Егемендігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырған тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуына арналған республикалық ғылыми шығармалар байқауында «Үздік кітаптар» номинациясының тарих бағыты бойынша дипломмен марапатталды.
Бұларға қосымша 200-ден аса ғылыми-зерттеу еңбегі жарияланды. Ғылыми мақалалары Білім және ғылым саласында қадағалау және аттестациялау жөніндегі комитеттің тізіміне енгізілген журналдарда, басқа да ғылыми баспаларда, халықаралық журналдарда, республикалық, облыстық және жергілікті басқа да басылымдарда үнемі жарық көріп тұрады.
С.Бақторазов бүгінгі күні Жамбыл облысының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының жұмыс тобының жетекшісі ретінде Жамбыл облысы тарихының өзіне қатысты кезеңдерін зерттеумен шұғылдануда. Ол еліміздегі және өңіріміздегі қоғамдық-саяси іс-шараларға да белсенді атсалысады. Жыл сайын Қазақстанның әр облысында өтетін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумының белсенді мүшесі. Сонымен қатар «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Таныс та беймәлім Тараз» тақырыбындағы өлкетану жобасына қазы ретінде қатыса отырып, осы бағыттағы жобалардың ғылыми айналымға енуіне өз септігін тигізді.
Ғалымның ғылым саласында қол жеткізген толайым табыстары аз емес. Айталық, осы жылдың 23 қыркүйегінде «тарих ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесіне ие болды. Тиісінше, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Педагогика, психология және тарих» кафедрасында аға оқытушы, доцент, кейіннен «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарды. 2020 жылы «ТарМУ-дың Құрметті профессоры» атағын еншіледі. Негізгі қызметімен қоса биылғы оқу жылынан бастап университеттегі Ғылыми кеңес шешімдерінің орындалуын қадағалау комиссиясына төрағалық етуде. Бұған қоса ҚР Журналистер одағының, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының эксперті және республикалық «Қаһармандар» қорының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы.

Гүлдана Жұмаділ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.