Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараздық теміржолшылар династиясы

0 480

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп атап өткен еді. Расында да, маңдай терін төгіп, адал еңбегімен ел еңсесін көтерген жандардың еңбегі қашанда ұлықталуға лайық. Осындай құрметті жандардың қатарында теміржолшылардың орны айрықша.

Заманның күре тамыры саналатын теміржол – елдіктің, бірліктің, ілгерілеудің айнасы. Шойын жолдың бойымен талай тағдыр тоғысты, талай отбасы тіршілігін тапты. Осы саланың қазығын қағып, отын маздатып, өмірін соған арнаған әулеттер аз емес. Солардың бірі – бірнеше буын өкілдерімен осы саланың жүгін көтеріп келе жатқан тараздық Айнақұловтар әулеті.
Тарихқа сәл шегінсек, 1926-1931 жылдары салынған алып құрылыс – Орталық Азия мен Сібірді тұтастырған «Түрксіб» теміржолы – қазақтың елдік тарихындағы ең ірі жобалардың бірі еді. Биыл сол жолдың бастау алғанына 112 жыл толып отыр. «Түрксібтің» қазығын қаққан тарпаң тұлғалардың қатарында Алаштың ардақты ұлдары Тұрар Рысқұлов пен Мұхамеджан Тынышпаев тұрды. Ал мыңдаған жамбылдық жерлесіміз сол арманды қол еңбегімен жүзеге асырды. Солардың алғашқы қарлығаштарының бірі – әулиеаталық Арынбай Айнақұлұлы болатын.
1906 жылы жарық дүние есігін ашқан Арынбай атаның ғұмыр жолы – қайсарлық пен төзімнің, еңбек пен ерліктің шынайы шежіресі. Оның балалық шағы халқымыз үшін ең бір ауыр кезең – нәубет жылдарымен тұспа-тұс келді. Аштық пен ауыр тұрмыс кішкентай жүрегін ерте есейтіп, болашақ теміржолшыны өмірдің қатал мектебінен өткізді. Жиырма жасында ол Луговой станциясында тас төсеп, теміржолдың алғашқы табандарын қалап, елі үшін еңбек етті.
Алайда тағдырдың үлкен сынағы әлі алда болатын. 1941 жылдың 22 маусымында, таңғы төртте фашистік Германия Кеңес Одағының батыс шекарасына басып кіргені баршаға белгілі. Дәл осы тұста Арынбай ата да қолына қару алып, майдан шебіне аттанып кете барды. Қанды қырғын төрт жылға созылғанымен, 1945 жылы Жеңіс туы біздің аспанымызда желбіреді. Биыл 80 жылдығын атап өтіп отырған сол Ұлы Жеңістің алауын жаққан азаматтардың қатарында Арынбай ақсақал да бар еді. Алайда ол туған жерге жеңіс қуанышымен бірге соғыстың қасіретін арқалап, бір қолынан айырылып, санына оқ тиген ауыр жарақатпен оралады.
Дегенмен, ол тағдырдың тәлкегіне мойымады. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген халық даналығы Арынбай атаның өмір жолына дөп түскендей. Өлім аузынан аман қалған қайсар жан қайтадан еңбекке араласып, тағдырдың ауыр жүгін арқалаудан тайынбады. Сұм соғыстан сыналған, қолы кем болса да, жігері кемімеген ол теміржол саласына қайта оралды. Жаңа өмірдің бетін ашып, Түрксіб станциясында жол монтері болып еңбек етті.
Заманның күре тамырына айналған шойын жолда аянбай еңбек еткен Арынбай ата күн ұзағына тер төгіп, кеш батқанда ғана шаңырағына оралатын. Сондай бір сәттерде ол Құдай қосқан қосағы Жібек апамызға сыр шертіп: «Шіркін-ай, келешекте немере-шөберелерім де осы теміржолда қызмет етсе ғой», – деп арманын айтып отырады екен. Тағы бірде Жібек апамыз балаларына айтқан әңгімесінде: «Алғаш паровоз айқайлап, Әулиеатаға табан тірегенде, елдің үрейі ұшып, «шайтанарба келе жатыр» деп жан-жаққа қашқаны бар. Сондағы елдің аңқаулығы да, қорқынышы да әлі көз алдымда», – деп Арынбай атамен бірге өткізген қызығы мен қиындығы мол жылдарды еске алыпты.
Жалпы, Төле би бабамыздың «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген сөзі дәл осы әулетке қаратып айтылғандай. Сөзімізге дәлел, Арынбай атаның ізін немересі Мұрат Мытысбайұлы абыроймен жалғады. 1964 жылы Т.Рысқұлов ауданының Қызылшаруа ауылында дүниеге келген Мұрат 1985 жылы еңбекке араласып, «Қазақстан теміржолы – «Жүк тасымалы» ЖШС филиалы Жамбыл бөлімшесіне қарасты Жамбыл локомотив пайдалану депосында жұмысын бастайды. Сол жылы еліміздің түкпір-түкпірінен жастар жолдамамен Таразға келіп, «Теміржолшы жастардың үйінде» жаңа өмір бастаған еді.
Көп ұзамай тағдыр Мұраттың жолына Сыр елінің өр мінезді қызы Інжуді кезіктірді. Жігіттің жүрегін жаулаған ару 1965 жылы Ақмешітте дүниеге келген. Ол 1984 жылы Қызылорда теміржол техникумын тәмамдап, сол кездегі МПС-тің жолдамасымен Жамбыл станциясына келеді. Осылайша тағдыр қосқан қос жүректі Тараздағы теміржол саласы тоғыстырыпты.
Сол бір «махаббат қызық мол жылдар» мен бүгінгі бақытты сәттерін еске алған Інжу Шаханова өткен шаққа ой жүгіртіп, жүрек сырын ақтарды.
– Таразға жолдамамен әр аймақтан келген жастарға арнайы жатақхана берілетін. Біз оны «Теміржолшылар үйі» деп атайтынбыз. Ол үйде тұрудың жалғыз шарты бар – бойдақ болуың керек, отбасылы теміржолшыларға мұнда рұқсат жоқ еді. Қызылорданың қызымын, Таразда ешкімді танымаймын, уыздай жас шағым. Бүгін ойлап отырсам, сол «Теміржолшылар үйі» талай жастың жүрегін тоғыстырған, талай шаңырақтың іргесін қалаған құтты орда екен, – дейді өткен күндерді үлкен сағынышпен еске алған Інжу Шәйімбетқызы.
Иә, шойынжолдың шаңын кешкен әріптестерінің көбі бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отыр. Бірі – немере-жиен сүйген ардақты ата-әже, енді бірі – әке жолын жалғап, осы саланың ауыр жүгін көтеріп жүрген жас маман.
– Мұрат екеуміз Құдай бізге «теміржолдың релсіндей ұзақ ғұмыр берсе, сол ғұмырды бірге сүреміз» деп серттестік. Шүкір, сертіміз берік болды. Жолдасым екеуміз осы салада қызмет етіп келе жатқанымызға 40 жылдан асыпты. Екі ұлымыз бар, екеуі де біздің ізімізді жалғап, теміржол саласында еңбек етуде. Бүгінде сол ұлдарымыздан сегіз немере сүйіп, ата-әже атанып отырған бақытты жанұямыз, – дейді Інжу апай жүзін шаттық кернеп.
Бүгінде «Қазақстан теміржолы» филиалы, Тараз станциясының коммерциялық агенті болып қызмет атқаратын Інжу Шаханова табанды еңбегінің таудай жемісін көріп, талай мәрте даңқ төріне шығып, кеудесі медальға, құшағы гүлге толған. Басқа марапаттарды айтпағанда, Қазақстан теміржол саласында 30 жылдан артық еңбек еткені үшін алтын медаль еншілепті. Бұл осы саладағы қызметкерлерге берілетін ең жоғары атақтың бірі саналады.
Ал аталарының арманын орындаған, әке мен шешенің жолын жалғастырған қос ұлдың тұңғышы – Нұрлан Айнақұлов. 1986 жылдың көктемінде Тараз қаласында дүниеге келген Нұрлан – тек еңбек адамы ғана емес, елдің ертеңін ойлаған әке. Екі бірдей жоғары білім алған, отбасында бес ұл-қыздың қамқоршысы. Бүл күндері ол «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» ЖШС ЖТ Жамбыл бөлімшесінің Тараз станциясында вагондардың жылдамдығын реттеуші қызметінде.
– Атамыз да, әкеміз де, анамыз да теміржолдың шаңын жұтып, маңдай терін осы жолға арнады. Солардың қасында жүріп еңбекке етіміз үйренді. Бүгін солардың ізін жалғап, «теміржолшы» атанып жүргенім мен үшін үлкен мақтаныш. Өйткені бұл – әулетіміздің тарихы, біздің тағдырымызбен біте қайнасқан қасиетті жол, – дейді Нұрлан Мұратұлы жүрекжарды сезіммен.
Сонымен бірге Айнақұловтар әулетінің кенжесі – Нұржан Мұратұлы 1990 жылдың 15 шілдесінде Тараз қаласында дүниеге келген. Балалық шағынан еңбекқорлығымен көзге түсіп, өмір жолын теміржол саласымен байланыстырған, екі жоғары білімі бар, кәсіби тәжірибесі мол жас маман 2017-2020 жылдары Алматы қаласында «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарасты «Қонаев вагонында», көпшілікке «Гранд Отель» атауымен белгілі бағытта жолсерік болып еңбек етіп жүздеген жолаушының сапары жайлы әрі қауіпсіз өтуіне үлес қосқан. Осылайша тәжірибесін шыңдап кейін туған жері Таразға табан тіреген ол бұл күндері «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» ЖШС ЖТ Жамбыл бөлімшесінің Тараз станциясында вагондардың жылдамдығын реттеуші қызметінде істейді.
Бүгінде ол – отбасының тірегі, үш ұл мен бір қыздың әкесі. «Отан – отбасынан басталады» демекші, Нұржан шаңырақтағы жауапкершілікті де, қызметтегі абыройды да қатар алып жүрген азамат.
– Теміржол – жауапкершілігі мол сала. Әр пойыздың қауіпсіздігі, әр жолаушының аман жетуі бізге артылған сенім. Сондықтан бұл жұмысты жүрек қалауым деп білемін. Әулетіміздің жұмысын жалғап, балаларыма да адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсеткім келеді. Ең бастысы – болашақта балаларым да біздің жолды жалғайды деп сенемін, – дейді Нұржан Айнақұлов.
Шойын жолға саналы ғұмырын арнаған Айнақұловтар әулетінің еңбегі еленіп, биыл олар облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Өнегелі отбасы» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – бірнеше ұрпақ бойы теміржол саласына төккен маңдай тердің, қажырлы еңбектің әділ жемісі.
Мақаладан байқағаныңыздай, әулеттің әрбір мүшесінің өмір жолы – теміржол тарихымен біте қайнасқан. Бірі күн-түн демей пойыз тізгіндесе, екіншісі жүк пен жолаушы қауіпсіздігіне жауап береді. Үшіншісі пойыз құрастыруда, төртіншісі инфрақұрылымды жаңғыртуда тер төкті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осы жауапкершілік пен берекелі бірлік – әулеттің басты байлығы.
Қорыта айтқанда, еңбек өтілі 100 жылдан асатын Айнақұловтар әулетінің өнегелі өмір іздері – Қазақстан теміржолының шежіресінде алтын әріппен жазылатыны анық.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.