Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтар жыл басын сән-салтанатымен қарсы алды

0 535

Әз Наурыз – әлімсақтан жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі – күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ. Сондықтан ата-бабамыз ежелден шуақты көктем мерекесіне айрықша мән беріп, оны Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған.

Наурыз бүгінде нағыз халықтық мерекеге айналды. Бұл күндері мейірімділік, жанашырлық, жасампаздық сияқты қасиеттер ерекше дәріптеледі.
Биылғы мейрамның мазмұны бөлек, мәні жоғары. Мереке қарсаңында «Наурызнама» онкүндігі жарияланып, Ұлыстың ұлы күні жаңаша сипатқа ие болғаны белгілі. Соның аясында Тараз төрінде көптеген көптеген тағылымға толы іс-шаралар ұйымдастырылды. Айшыққа толы шаралардың легі Орталық алаңда өткен «Ар ма, әз Наурыз» атты көңілді думанмен жалғасты.

Әуелі көпшілік сонау Сақ дәуірінен бастап, тәуелсіздік таңындағы кезең бейнелегенген керуендер шеруін қарсы алды. Бұдан соң Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерексімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесі – күн мен түннің теңелер шағы. Халқымыз үшін айтулы мереке, айрықша күн!
Бұл күні – бүкіл тіршілік жаңарып, табиғат түрленіп, жаңаша кейіпке енеді. Сондықтан да бабаларымыз бұл күнді ерекше қадір тұтып, «әз Наурыз» деп атаған. Тамыры тереңде жатқан әз-Наурыз дана халқымыз үшін қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі.
Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – тазалыққа етене жақын халық. Осы ұлыстың ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызып, қоршаған ортаны тазалау – ертеден келе жатқан дәстүріміз. Осылайша бұл түрлі сипатта атап өту арқылы біз ата-баба салтын берік ұстанып келеміз.
Жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған әз-Наурызбен тағы да құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық алып келсін! – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Келесі кезекте «Топжарған» этномәдени орталығының өнерпаздары ұлттық ойындардан көрініс көрсетсе, «Алатау серілері» тобы, Ернар Айдар, Наркенже Серікбаева сынды танымал эстрада жұлдыздары мен К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртістері әсем әндерден шашу шашты.

Жалпы осы күні Орталық алаңға 15 киіз үй тігіліп, қазақ халқының өткен дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі даму тарихы бейнеленіп, қолөнер, тұрмыстық, ұлттық салт-дәстүрлерінен көріністер көпшілік назарына ұсынылды. Әр киіз үйге Абай ауылы, Кенен ауылы, Жамбыл ауылы секілді түрлі атаулар берілген. Бұдан бөлек фото, тағамдар, сахна аймақтары ұйымдастырылып, тұрғындардың көтеріңкі көңіл күймен тарқасуына барлық жағдай жасалды.

Бұлардан өзге қаланың барлық аумақтық округтерінде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойлануда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.