Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтар топ жарды

0 237

Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Б.Момышұлы мен И.Панфилов атындағы кикбоксингтен республикалық турнир өтті. Бәсі жоғары бәсекеде жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте топ жарды.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суреттерді түсірген А.РЫСМАХАН

Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған дәстүрлі турнир ел чемпионаты алдында жас өрендердің спорттық бабының қандай екенін байқатты. Бәсекеде 20 салмақ бойынша 180 спортшы турнир жүлдесін сарапқа салды.
Кикбоксинг спортының негізгі 6 түрі болса, аталмыш турнирде жас спортшылар «Фулл-контакт» және ( К-1) «Кей уан» ережесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Нақтырақ айтсақ, фулл-контактта спортшылар белден жоғары тепсе, кикбоксингтің ең қиын түрі саналатын «К-1»-де спортшыларға қарсыласының санынан қолғаптың сыртымен және тіземен соққы жасауға рұқсат берілген. Үш күнге созылған жарыстың алғашқы күнінде-ақ үміт күткен спортшылар жаттықтырушы мен көрермендердің көңілінен шыға білді. Әр аймақтың бас бапкерлері сенім артқан шын мықтылар ақтық сынға дейін сүрінбей жетті. Бабы келіскен жастар ешкімге есе жібергісі келмейтінін байқатты.
Жарыс қорытындысына тоқталсақ, жамбылдық 10 жас спортшы ақтық сынға жолдама алып, Дулат Дүйсенов (54 кг), Талант Уралбаев (71 кг), Байкен Тойшат (57 кг), Мұса Мерзиев (60 кг), Әлішер Әсілбеков (51кг), Ерлан Әуесханов (63кг) өз салмағында қарсылас шыдатпады. Жалпыкомандалық есепте 6 алтын, 4 күміс және 12 қола жүлде еншілеген жамбылдық жас өрендер командалық есепте топ бастады. Одан кейінгі екінші орынды нұр-сұлтандық споршылар иеленсе, үздік үштікті Оңтүстік Қазақстанның жастары түйіндеді. Кикбоксинг спортынан облыстың бас бапкері Сәбит Усинов:
– Турнирдің финалдық бәсекесінде шеберлік байқасқан 10 спортшының қай-қайсысы болмасын ел біріншілігінде топ жаруға мүмкіндігі бар. Сәуір айында өтетін байрақты бәсекеде турнирде тәуір нәтиже көрсеткен жастар бақ сынайды. Ол сатыдан сүрінбей өткендер жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайды, – деді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.