Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтар ауқымды акцияға белсене атсалысуда

0 522

Қала келбеті мен тұрғындардың өмір сапасы ең әуелі қоршаған ортаның санитарлық жағдайына байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесін назардан тыс қалдырған емес.

Мәселен, биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы: «Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы игі іске миллиондаған азаматымыз атсалысуда. Соның нәтижесінде 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл елге айналады», – деген болатын.
Аталған акция аясында шаһардың тазалығына жауапты «Жасыл ел-Тараз» мекемесі жыл басынан бері қала аумағын тазалауды ерекше қарқынмен ұйымдастырып, қаланың әр аумағында орналасқан қоқыс алаңдары тәулік бойы бақылауда ұстап, тұрмыстық қалдықтар арнайы кесте бойынша тасымалдануда. Нәтижесінде бұрындары тұрғындар тарапынан жиі айтылатын «қоқыс уақтылы шығарылмайды» деген шағымдар бүгінде едәуір азайған.
«Жасыл ел-Тараз»-дың мәліметінше, ағымдағы жылдың 16 қыркүйегіне дейін Тараз қаласынан барлығы 21 858 тонна тұрмыстық қалдық шығарылған. Аталған дерек қала аумағындағы санитарлық тазалық пен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың тұрақты жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Сонымен бірге Таразда қала әкімінің күзгі екі айлықты өткізу туралы қаулысына сәйкес, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар мен еріктілер қатысып, «Талас» шағынауданында және қала аумағындағы өздеріне бекітілген учаскелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Сенбілікке барлығы 2 мыңға жуық адам және 20 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 60 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Қала келбеті мен азаматтардың өмір сүру сапасы қоршаған ортаның тазалығына байланысты екені белгілі. Сондықтан шаһардағы әрбір тұрғын өзінің туған жеріне жанашырлықпен қарап, қоғамдық орындардың, көшелер мен аулалардың тазалығын сақтауға атсалысуға тиіс. Өйткені тазалық – тек белгілі бір мекеменің ғана емес, барша тұрғынның ортақ міндеті.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.