Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздық қолөнершілер — Индонезия төрінде

0 768

Бүгінде ұлттық құндылықтарымыз кеңінен ұлықталып, мемлекет тарапынан жан-жақты дәріптеліп келеді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Ұлы Жібек жолы бойында жатқан көне шаһар – Тараз 2022 жылы Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енген. Ежелден сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың мұндай мәртебеге ие болуы заңдылық. Байырғы дәуірде-ақ қолөнер шеберлерінің таңдаулы туындыларымен талай жұртты тәнті еткен Таразда халықаралық көрме ұйымдастыру кейінгі жылдары дәстүрге айналғаны да баршаға мәлім.

Әлемдік деңгейде өз орнын айқындаған тараздық қолөнершілер күні кеше Индонезия мемлекетінде өткен «INACRAFT – 2025» халықаралық көрмесіне қатысты.

Әулиеаталық делегацияны бастап барған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова тараздық шеберлер әлем алдында зор беделге ие екендігін айтты.

– Аталмыш көрменің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға Орта Азия, Оңтүстік Азия елдері және Дүниежүзілік қолөнершілер тізіміне енген қалалардың қолөнершілері қатысты. Солардың арасында Қазақстанның ұлттық қолөнері ерекше бағаға ие екенін аңғардық. Әрине, бұл мемлекетіміздің жан-жақты қолдауының нәтижесі екені даусыз. Төрт күнге ұласқан бұл халықаралық шара аясында жергілікті шеберлеріміз өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып қана қоймай, төл мәдениетіміздің дамуына да зор үлес қосты, – дейді Гүлдана Әлімжанқызы.

Осы ретте тараздық танымал қолөнер шебері Анар Бексұлтанова көрмеден алған әсерімен бөлісті.

– Біз қолөнершілердің дүниежүзілік тізіміне киім бұйымдары арқылы енгенбіз. Сондықтан осы көрмеге өз тарапымыздан төрге ілетін тұскиіз, сырмақ, ұлттық киімдеріміз – шапан, жадағай, киізден жасалған аяқ киім, бас киім, сөмке түрлерін апардық. Барлығы дерлік сарапшылардың қызығушылығын туғызды, – дейді қолөнерші ағынан жарылып.

Бүгінде қолөнер – тек бұйым жасау емес, мәдениет пен дәстүрді сақтап қалудың маңызды құралы. Сондай-ақ ол рухани байлықтың, мәдени мұраның көрінісі екені даусыз. Сол себепті осы өнер түрін сақтап қалу және болашақ ұрпаққа жеткізу – тек шеберлердің ғана емес, әрбір азаматтың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.