Тараздық кәсіпкер тұрғындарға демалыс алаңшасын тарту етті
Көне шаһарымыз күн санап көркейіп келеді. Оған облыс орталығында салынып жатқан сан түрлі бағыттағы сәулеті келіскен нысандар септігін тигізуде. Бұл іске сүйікті қаласына сый жасап, көркіне көрік қосып жатқан кәсіпкерлердің қосып жатқан үлесі де аз емес.
Осындай жомарт жанның демеушілігімен бой көтерген нысанның бірі бүгін пайдалануға берілді. Абай даңғылы №123 үйдің ауласында бой көтерген балалар мен ересектерге арналған демалыс және ойын алаңшасының ашылуына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысты. Сондай-ақ алаңның құрылысына демеушілік еткен «Таразстрой-2004» компаниясы директорының орынбасары Мәди Изенбаев пен облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов те құрметті меймандардың қатарынан табылды.
Салтанатты шарада Оңласын Қарабайұлы тарихы терең Тараздың жыл өткен сайын жасара түсуіне үлесін қосып жүрген кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, заманауи талаптарға сай алаңшаны сыйға тартқан «Таразстрой-2004» серіктестігіне алғысын жеткізді.
Сонан соң сөз алған шаһар басшысы балалар бар жақсылыққа лайық екенін айтып, барша жанды балдырғандардың бал дәуренін жайлы ету үшін жағдай жасауға шақырды.
– Өздеріңіз куә болып отырғандай, «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балаларымызға арнап спорттық және ойын алаңшасын тарту етіп отыр. Бұл біздің сүйікті қаламызға үлкен сый болды.
Дәл қазір қаламызға 200 балалар ойын алаңшасы қажет десек, биыл 27 ойын алаңшасын салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 40-тан астам алаң демеушілер есебінен салынады деп күтілуде. Осы орайда қала әкімдігінің ұсынысына қолдау білдіріп, алғашқы болып іске кіріскен «Таразстрой-2004» компаниясына үлкен алғысымды айтамын. Осы орайда қаладағы бизнес өкілдерін, атымтай жомарт жандарды сүйікті қаламызға сый жасауға шақырамын. Қаламыздың көркейіп, дамуы тікелей Сіз бен бізге байланысты. Сол себепті сүйікті қаламызды одан әрі көркейте берейік! – деді Бақытжан Әмірбекұлы өз сөзінде.
Келесі кезекте «Таразстрой-2004» ЖШС басшысының орынбасары Мәди Изенбаев сөз алып, бүлдіршіндерге шаттық сыйлағанына қуанышты екенін жеткізді.
– Мәңгі жасыл Тараз шаһарымызды шын жүрегімізбен жақсы көреміз, шаһардың жаңара түскенін қалаймыз. Осы орайда әкімдік тарапынан түскен ұсынысты үлкен құлшыныспен, шын ықыласпен қуана қабыл алдық. Жалпы алаңның құрылысына компания есебінен 23 миллион теңге жұмсалды. Осы ретте облыс орталығының көркеюіне қосқан үлесіміз мұнымен бітпейтінін, алдағы уақытта да жаңашыл жобаларға атсалысатынымызды жеткізгім келеді, – деді демеуші компанияның өкілі.
Су жаңа алаңшада балаларға арналған спорттық және ойын құрылыстары, шағын аттракциондар, карусельдер, әткеншектер және тағы да басқа керекті жабдықтармен орнатылған. Ойын аймағына толықтай балаларды жарақаттан сақтайтын арнайы жұмсақ жабын төселген. Сонымен қатар ересектерге арналған жаттығу құралдары, демалыс аймағы мен самалдық орналастырылған.
Аулада балаларға арналған заманауи ойын алаңының ашылғанына шын қуанған тұрғындар қала әкімі мен демеушілерге риясыз алғыстарын жеткізіп, өз ризашылықтарын білдірді. Бүлдіршіндер де қуанып, асыр салып ойнап, ағаларына риза болысты.