Тараз қаласындағы «Достық үйінде» Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «TARAZ HACKATHON-2021» атты жас веб бағдарламашылар арасындағы республикалық байқаудың қорытынды кезеңі және марапаттау рәсімі өтті.
Байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жастардың IT саласына қызығушылығын арттыру және жас таланттарды ынталандыру, олардың креативті ойларын іске асыру арқылы қоғамға жаңа бағыт енгізу мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында жарияланған болатын.
Жалпы байқауға 14-30 жас аралығындағы 56 командадан (200-ге жуық жас) өтінім түсті.
І кезеңнің тапсырмасы бойынша жарысқа қатысушылар өңірдегі жастар саясатын дамытуға негізделген креативті Instagram маска мен эффект әзірледі.
ІІ кезеңге өткен командалар электронды порталдардың дизайнын және сегменттерін құру бойынша сынға түсті.
ІІІ кезеңде командалар 4 түрлі тақырыптың (Алаш зиялылары, Қазақ батырлары мен хандары, Ұлттық фольклор, Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар) біреуіне креативті негізде Android немесе iOS программалық бағдарламаларына орнатылған квест, интеллектуалды ойын немесе қызықты викторина құрастырды.
Қазылар алқасы тапсырмаларды уақтылы орындаған командаларды арнайы критерийлер (дизайн, функционалдық жағы (контентпен толтырылуы), технологиялық жағы (функционалдылық мүмкіндіктерінің болашақта кеңеюі), аяқталған жоба (жұмыс істейтін прототиптің болуы), мобильді бағдарламаның креативтілігі, ойындардың заманауилығы)бойынша бағалап, 6 команданы қорытынды кезеңге өткізді:
- «Jameco Universe» – Тараз қаласы, Жамбыл инновациялық жоғары колледжі, «Бағдарламалық қамтамасыздандыру» және «Маркетинг» мамандығының 3 курс студенттері
- «Gambit» – Жамбыл облысы, Жаңатас көпсалалы колледжі, веб-дизайнер
- «КТК» – Түркістан облысы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, «Инженерия» факультеті, «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 4 курс студенттері
- «Polytech» – Нұр-Сұлтан қаласы, «Astana polytechnic» жоғары колледжі, «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 4 курс студенттері
- «Frontend» – Алматы қаласы, №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжі және №163 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімдері
- «Do.EKTU»– Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері
Бұл уақытқа дейін қатысушылар тапсырмаларды онлайн орындап келсе, қорытынды сайыста ІІІ кезеңде орындаған тапсырмасын іс жүзінде көрсетіп, таныстырылымын жасады. Олар ұлттық тәрбие негіздеоген онлайн ойынды жасау технологиясы, оның мақсаты, іске асырылу механизмдері жайында кеңінде айтып өтті.
Сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Виртуалды және толықтырылған нақтылық саласындағы технологиялар құзыреті және трансфері орталығының жетекшісі Четтыкбаев Руслан Қайратұлы «Қазақстанда IT саласын қалай жақсартуға болады?», Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжі «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 4 курс студенті Сейтжанов Ерғанат Қанатұлы «Қазақстандағы IT саласының даму қарқыны мен саладағы мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, өз өңірлерінде ІТ саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
«Біздің команда қандай мақсаттарды көздейді? Жеңісті ме, тәжірибені ме деген сұраққа келер болсақ, мен әрине басымдықты тәжірибеге берер едім. Біз үшін хакатон – бұл өз дағдыларыңды дамытуға өте жақсы мүмкіндік, мұндай мүмкіндікті оқу орындары толық бермейді. Бағдарламашылар кодтауды үйренеді, қандай да бір жаңа тілдерді меңгереді, сонымен қатар презентация жасау мен көпшілік алдында сөз сөйлеуде өз шеберліктерін шыңдайды», – деген Р.Четтыкбаев байқаудың маңыздылығын айтып, жастарды ІТ саласына қызықтырудағы өз тәжірибесімен, жетістіктерімен бөлісті.
Е.Сейтжанов өз сөзінде: «Мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген қатысушымын. «TARAZ HACKATHON – 2021» байқауы 3 кезеңнен тұрды.Сол кезеңдерде біз тобымызбен бірге креативті идеяларды ортаға салып, брэйнсторминг жасадық. Ақтық сында ұлттық нақыштағы ойын дайындау барысында ойлана келе жастардың рухани құндылығын дамыту мақсатында батырлар, Алаш зиялыларына арналған онлайн викториналық ойын құрастыруды жөн көрдік», – деп, байқаудың жастар үшін сұранысқа ие әрі қызықты өткенін баяндап, басқа командалармен өзара тәжірибе алмасқанын айтып өтті.
Ғылыми-техникалық білім, сыни ойлау дағдылары, белсенді коммуникация және командалық жұмыс жасаудың керемет үлгісін көрсете білген командаларды М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Физика және IT» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Тасуов, Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Нұрақбаев Ринат Даниярұлы, Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің ақпараттық бөлімінің редакторы, Жамбыл облысындағы «Время» республикалық қоғамдық-саяси газетінің аймақтық журналисі Әуелбекова Айжан Ермекқызы бағалап, Бас жүлдемен Жамбыл облысы, Сарысу ауданының «Gambit» (жүлде қоры 250 мың теңге), І орынменТүркістан облысының «КТК» (200 мың теңге), ІІ орынмен Алматы қаласының «Frontend» және Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласының «Do.EKTU»(150 мың теңге), ІІІ орынмен Нұр-Сұлтан қаласының «Polytech» және Тараз қаласының«Jameco Universe» (100 мың теңге) командасын марапаттады.
Жеңімпаз командаларға жүлде қорынан бөлеккубок пен дипломдар табысталды.