Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараздағы Әз Наурыз ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияларды үйлестірді

0 37

Кеше Тараз төріндегі Орталық алаңда Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шарада ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, өңірдің рухани келбеті мен заманауи бет-бейнесі қатар айшықталды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауым өкілдерімен, ардагерлермен және тұрғындармен бірге киіз үйлерді аралап, көпшілікпен бірге мерекелік көңіл күйді бөлісті.

Бұл жолғы Наурыз тойының басты ерекшелігі ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерінің үйлесім табуы болды. Киіз үйлердің ішінде ұсынылған жобалар жаңа дәуірдің тынысын сездіріп, дәстүр мен цифрландырудың өзара сабақтастығын айқын көрсетті.

Осы бағытта ерекше мазмұнмен ұйымдастырылған №4 киіз үй — “Мақал-мәтелдер” тақырыбына арналды. Мұнда колледж студенттері дайындаған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, көрермендерге ұлттық даналықтың терең мәні заманауи форматта жеткізілді.

“Айдос” пен “Ақтөс” роботтары балаларды ойнатып, көтеріңкі көңіл күй сыйласа, “Айжамал” роботы қонақтарға мақал-мәтелдер жинақтарын таратып, көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Бұл көрініс дәстүрлі тәрбие мен цифрлық технологиялардың үйлесімді байланысын айшықтай түскені сөзсіз.

Сонымен қатар, мақал-мәтелдер негізінде ата мен әженің тағылымды өсиеттері және қыз бен жігіт айтысы сахналық қойылым ретінде көрсетіліп, ұлттық тәрбиенің мәні көркем түрде ашылды.

Бұған қоса колледж студенттері жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып әзірлеген Алдар көсе мен робот айтысын интерактивті панель арқылы ұсынуы да жұртшылыққа ұмытылмас әсер қалдырды.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті тіккен киіз үйде ЖИ сервис арқылы дайындалған бейнеконтентте Жамбыл Жабаевтың өмір жолы мен балаларға деген өсиеті сипатталған.
Атап өтерлігі, Digital Nauryz — ойын, білім беру және креативті құралдар арқылы пайдаланушыларды Наурыздың тарихымен, дәстүрлерімен және құндылықтарымен интерактивті форматта таныстыратын көпфункционалды ЖИ-ассистент.

Ассистент онлайн қолжетімді және білім беру ұйымдарында, мәдени іс-шараларда, сондай-ақ университеттің цифрлық платформаларында пайдалануға болады.

Осылайша, Наурыз мейрамы Тараз қаласында тек салт-дәстүрді жаңғыртып қана қоймай, жасанды интеллект арқылы ұлттық мұраны жаңа қырынан танытқан, мазмұны бай әрі заманауи сипаттағы мерекеге айналды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.