Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда темір жолдың екі жағын жалғайтын тағы бір көпір салынады

0 617

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізуде. Басқосу барысында шаһар басшысы 30 жылға жуық уақыттан бері көтеріліп келе жатқан қаланың негізгі бөлігі мен «За линией» аталатын аумағын баланыстыратын көпір салу мәселесі жайында сөз қозғады.

Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленді. Қазіргі уақытта қала аумағы 18 787 гектар құраса, жобалау аумағы 30542 га құрады.

Жаңа Бас жоспар бойынша Тараз қаласының құрамына Жамбыл және Байзақ аудандарынан жалпы көлемі 10,4 мың гектар, халық саны 44,5 мың адамды құрайтын 14 елді мекен мен 2 саяжай алқаптарын енгізу қарастырылған.

Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтады. Мәселен, Абай даңғылының Балуан шолақ көшесімен қиылысқан аумағындағы теміржол үсті өтетін көлік жолы құрылысы арқылы  халық арасында «За линией» аталатын аумаққа жалғастырылады.

Сонымен қатар, Абай даңғылы солтүстік-батыс бағытта жер үсті көлік жол құрылысы арқылы жалғастырып 14-ші шағын ауданы арқылы  Алматыға бағытталған жолға қосылады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы аталған мәселе жайында.

Бұдан бөлек Әл-Фараби көшесі оңтүстік бағытта жалғасып, «Шалғай Қарасу» алқабына, солтүстік бағытта Қойшыбеков көшесімен жалғасып, айналма жолға қосылады екен. Ал Қазыбек би көшесі «Қарасу» өзенінен көпір арқылы өткізіліп, Қ.Тұрысов көшесімен жалғаспақ. Сондай-ақ, Ташкент көшесі «Талас» өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысымен «Қант кенті» арқылы «Кирпичный» кентіне шығып, Алматыға бағытталған жолға қосылмақ. Көшек батыр көшесі 15-ші шағын аудан арқылы жалғасып, Бас жоспар бойынша қала шекарасына енгізу көзделген Шайқорық ауылына дейін созылады екен. Сол секілді С. Сейфуллин көшесі де созылып, Айша бибі көшесіне қосылмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.