Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде

0 339

Сәні мен салтанаты жарасқан көне шаһар – Тараз күннен-күнге көркейіп, еңселі ғимараттар мен зәулім үйлер бой көтеруде. Мұның бәрі қаланың шырайын ашып қана қоймай, тұрғындардың жайлы тұрмысына да оң септігін тигізіп отыр. Айталық, алып құрылыс алаңына айналған Тараз қаласындағы «Ұлы дала» (15) шағынауданында қазір 34 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 10 үйдің құрылысы толығымен тәмамдалса, 17-сін ағымдағы жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Ал қалған 7 тұрғын үй 2025 жылға өтпелі.

Сондай-ақ Асанбай Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта (№16 шағынаудан) 16 үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Бүгінде 6 тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Сонымен қатар мемлекеттік құрылыс саласындағы келісімшартқа сәйкес осы жылдың соңына дейін 6 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Аталған шартқа байланысты «Агроспецстрой» ЖШС мердігерлігімен қалған 4 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Бұған қоса биылға аталған алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.
Ерекше атап өтерлігі, биыл «Әулие-Ата» (14) шағынауданында да құрылыстың қазығы қағылды. Нақтырақ тоқталсақ, мұнда 22 тұрғын үй салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы толық әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Жобалаушы мекемесі – «Капитал Проект» ЖШС. Қазіргі таңда нысандардың мердігер мекемелері анықталып, келісімшарт жасалған. Ал техникалық қадағалау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, келісімшарт жасалуда. Бүгінде аталмыш нысандарды құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Айнура СЕЙДІЛДАЕВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.