Жуырда облыстық көпсалалы аурухананың перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді. Таразда өмір есігін ашқан Кәусар, Сезім, Үмітім есімді үш қыздың анасы Айткүл Қыдырбаеваның айтуынша, үшінші жүктілік тосын сыйларға толы болған. Олар үшем туатынын кеш білген. Жолдасы Мақсат Ерімбетов екеуінің Аелин мен Айару есімді екі қызы бар екен.
Облыстық көпбейінді ауруханасының неонаталдық қызметінің басшысы Талғат Толықбаевтың айтуынша, сәбилер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің жетінші айында дүниеге келген. Туу салмағы – 1443,0, 1455,0 және 1255,0 грамм болған.
– Нәрестелер өмірге келген алғашқы күндерінде балаларға қарқынды терапия қажет болды, сондықтан олар 8 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Кейіннен анасымен бірге неонатология бөліміне ауыстырылды. Сәбилердің өміріне бүгінде қауіп төніп түрған жоқ, оларға барынша арнайы күтім жасалуда, – дейді Т.Толықбаев.
Біз де сәбилердің бауы берік болсын дейміз.
Құрмаш Қаптағай