Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда Меркі ауданының күні өтті

0 429

Биыл жыл басында ел егемендігінің 30 жылдығымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілген-ді. Соған сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында апта сайын аудандар Тараз төріне ат басын бұрып, тұрғындарды өнерімен тәнті етуде. Осы аптада шаһарда Меркі ауданының күндері өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бұл күні қала тұрғындары Меркі ауданының шаруалары жеткізген өнімге қарық болды. Орталық концерт залының маңында өткен жәрмеңкеде ет, сүт, бал сынды табиғи таза азық-түлік өнімдері арзан бағада саудаланды. Ең бастысы өнімдердің сапасы мен бағасы тұрғындардың көңілінен шықты. Ауқымды іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ержан Жылқыбаев та қатысып, тұрғындармен бірге тарихы таразбен тамырлас Меркі ауданының айшықтарын тамашалады. Бұл күні «Баласағұн» орталық концерт залының маңына Меркі өңірінің тарихы, табиғаты, мәдениеті мен өмір салтынан хабар берген көрме ұйымдастырылды. Мысалы аудандық «Өркен» балалар шығармашылығын дамыту орталығының шеберлері дайындаған көздің жауын алатын қолөнер бұйымдары көпшілікті тәнті етті.

Сонымен қатар ауданнан шыққан даңты батырлар мен тау тұлғалы азаматтарға арналған кітап көрмесінің де өзіндік маңызы бар. Осы ретте қала тұрғындары ауданда көптеген ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқанынан хабардар болып, олардың өнерін сүйсіне тамашалады. Орталық концерт залдың алдында ауданның Славян, Қарашай-балқар, Әзірбайжан, Өзбек, Түрік этномәдени бірлестігінің мүшелері қонақжайлығын көрсетіп, ұлттық тағамдарын ұсынды. Тіпті әзірбайжан ұлтының азаматтары ұлттық биімен көзге түсті. Осынау мерекелік іс-шараның жалғасы Баласағұн орталық концерт залында меркілік өнерпаздардың концертімен түйінделді .

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.