Тараз қаласында қоғамның тұтқасы саналатын отбасы институтын нығайту, жастар арасында саналы неке мен жауапты ата-аналықты қалыптастыру бағытында жаңа әлеуметтік жоба іске қосылды. «Отбасы құндылықтары: берік неке – жарқын болашақ» атты бұл жоба отбасы тәрбиесін заман талаптарына сай жаңғыртып, жұптардың арасында берік қарым-қатынас орнатуға жол ашуды мақсат етеді.
Жоба Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен жүзеге асырылып отыр. Игі бастаманы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдап, ал негізгі ұйымдастырушысы – «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығы» жастар клубы» қоғамдық бірлестігі.
Жобаны қолға алуға негіз болған басты себептердің бірі – Қазақстанда, оның ішінде Тараз қаласында отбасы институтының әлсіреуі және ажырасу көрсеткіштерінің күрт өсуі. Сарапшылардың айтуынша, неке бұзылуына себеп болатын негізгі факторлар қатарында зинақорлық немесе екінші отбасының пайда болуы, туыстар тарапынан артық араласу, жүйелі түрде орын алатын тұрмыстық зорлық-зомбылық, қызғаныш пен ішімдіктің әсері және жұмыссыздық пен баспана тапшылығы сынды әлеуметтік мәселелер бар.
Сонымен қатар, қазіргі жастардың отбасылық өмірге психологиялық, моральдық және әлеуметтік тұрғыдан толық дайын болмауы да ажырасуға әкеп соғатын тағы бір маңызды себеп болып отыр. Осы орайда, жобаның басты бағыты – ақпараттық, ағартушылық және психологиялық қолдауға негізделген жүйелі шараларды жүзеге асыру.
Жобаның негізгі мақсаты – Тараз қаласы тұрғындары арасында отбасы құндылықтарын дәріптеу, неке тұрақтылығын нығайту, ажырасудың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейін төмендетуге ықпал ету. Бұл бағытта қоғамдық ақпараттық шаралар арқылы кемінде 500 қала тұрғынын қамту көзделіп отыр.
Жоба аясында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылады. Атап айтсақ, колледж студенттері арасында отбасылық қарым-қатынас, ата-аналық жауапкершілік, ажырасудың алдын алу тақырыптарында 10 семинар өткізіліп, кемінде 300 жас қамтылады. Сондай-ақ жас отбасыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша 100 адамға дәріс оқылады. Бұған қоса қоғамдық орындарда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы ұйымдастырылып, қазақ және орыс тілдерінде 500 парақша таратылады. «Жас отбасы мектебі» жобасы аясында жоғары оқу орындарындағы 100 студентке арналған ақпараттық курс өтеді және 20 отбасыға кәсіби психологиялық кеңес беріледі. Бұған қоса әлеуметтік желілерге арналған, ұзақтығы 1,5 минуттан аспайтын 4 бейнебаян түсіріледі. Оның ішінде 2-еуі салауатты отбасылық қарым-қатынасты насихаттаса, қалған 2-еуі әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталады.
«Отбасы құндылықтары: берік неке – жарқын болашақ» жобасы – тек бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың тағдырын айқындайтын, қоғамдық сананы оң бағытқа бұратын маңызды бастама. Бұл – жастарды отбасылық өмірге саналы түрде дайындауға, жауапты ата-ана болуға баулитын, әрі қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа өз үлесін қосатын жобаға айналады деп күтілуде.
Азамат Намелбек,
«Отбасы құндылықтары: берік неке – жарқын болашақ» әлеуметтік жобасының менеджері