Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Таразда білім саласының өзекті мәселелері қаралған көшпелі кеңес өтті

0 82

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Абубекович Оршубековтің төрағалығымен Тараз қаласында білім беру саласының өзекті мәселелеріне арналған көшпелі кеңес өтті. Кеңес жұмысына Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы Алтынбаева, білім беру ұйымдарының басшылары, сала мамандары мен жауапты қызметкерлер қатысты.

Жиын барысында өңірдегі білім беру жүйесінің қазіргі жай-күйі, білім сапасын арттыру, педагог кадрлардың кәсіби деңгейі, тәрбие жұмыстары, оқушылардың қауіпсіздігі және білім беру ұйымдарының басқару тиімділігі мәселелері жан-жақты қаралды.

Кеңесте сөз сөйлеген білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков 2025 жылы білім саласында бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып, негізгі жоспарлы көрсеткіштердің орындалғанын атап өтті. Сонымен қатар алдағы кезеңде ерекше назар аударуды талап ететін өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестаттаудан сапалы өтуін қамтамасыз ету, мектепішілік бақылау жүйесін күшейту, оқу процесін ұйымдастырудағы кемшіліктерді жою қажеттігі айтылды. Мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған бірқатар мектептер бойынша нақты кемшіліктер көрсетіліп, оларды қысқа мерзімде түзету тапсырылды.

Сонымен бірге «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерінің көрсеткіштері сараланып, сандық көрсеткіштен гөрі білім сапасына басымдық беру керектігі қатаң ескертілді. Ұлттық бірыңғай тестілеу, білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингісі және қорытынды аттестаттауға дайындық жұмыстарын күшейту міндеті жүктелді.

Басқарма басшысы педагог кадрлардың кәсіби даярлығы мәселесіне де ерекше тоқталды. Педагогтердің білім деңгейін бағалау нәтижелері кадр сапасына қатысты жүйелі проблемалардың бар екенін көрсеткенін айтып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, курстармен қамту және кәсіби даму жұмыстарын жүйелеу қажеттігін атап өтті.

Көшпелі кеңесте тәрбие жұмыстары, оқушылар арасындағы буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, психологиялық қызметтің жұмысын күшейту мәселелері де кеңінен қозғалды. Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру, өтініштермен жұмыс сапасын арттыру, халықпен кері байланысты нығайту және білім беру ұйымдарындағы ашықтық пен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Өз кезегінде Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева қаладағы білім беру ұйымдарының қызметі туралы баяндама жасап, білім сапасының көрсеткіштері, педагогтердің жетістіктері, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық жүйелерді енгізу және тәрбие жұмыстары бағытында атқарылған жұмыстарды таныстырды. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған негізгі міндеттер мен даму бағыттары баяндалды.

Кеңес қорытындысында білім саласындағы жүйелі мәселелерді шешу, білім сапасын арттыру, педагог кадрлардың кәсіби деңгейін көтеру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғаммен тиімді коммуникация орнату бағытында нақты тапсырмалар берілді. Білім беру ұйымдарының басшыларына жауапкершілікті күшейтіп, оқу-тәрбие процесін сапалы ұйымдастыру міндеттелді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.