Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда «Қазфосфат» ЖШС-нің жаңа минералды тыңайтқыштар цехы іске қосылды

0 175

Республика күні қарсаңында Таразда «Қазфосфат» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа цехы іске қосылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің отын-энергетика және химия салаларын дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары – Энергетика министрі Журабек Мырзамахмудов қатысты.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің  айтуынша, «Қазфосфат» химия саласы нарығындағы ірі кәсіпорын болып табылады. Агрохимия секторында өнімнің жартысынан көбін аталған кәсіпорын өндіреді.

– Бүгін ең көп сұранысқа ие тыңайтқыштардың бірі – аммофос өндірісінің екінші желісін іске қостық. Осы жобаны табысты іске асырудың нәтижесінде алдағы жылы қазақстандық аграрийлердің аммофосқа деген қажеттілігін толық қанағаттандыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне сыртқы факторлардың әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын тұрақты жүргізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агрохимиялық секторды дамытуға ерекше назар аударылды, – деді Қайырбек Өскенбаев.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жамбыл өңірі тарихта Қазақстанның химия өнеркәсібінің орталығы болғанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ішкі нарықты минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып табылады.

– Республика күнін қарсаңында ашылған жаңа цехтың ашылуы маңызы зор. Фосфоршылар өңірдің дамуына зор үлес қосуда. Соңғы жылдары серіктестік әлеуметтік міндеттемелерді орындау аясында ауқымды жұмыстар атқарды. Барлық қызметкерлерге қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамын! Жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Жұрабек Мирзамахмудов баршаны айтулы оқиғамен құттықтап, жаңа нысан кәсіпорынның экспорттық әлеуетін дамытуға қуатты серпін беретінін баса айтты.

Жаңа цех жылына 500 мың тонна аммофос шығара алады. Осылайша кәсіпорын минералды тыңайтқыштар өндірісінің жылдық қуаты бір миллион тоннаға дейін артып отыр.

Бүгінгі таңда «Қазфосфат» ЖШС филиалдарында 7 мың адам жұмыс істейді. Жаңа өндіріс желісінің іске қосылуының арқасында тағы 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңадан қабылданған қызметкерлер тікелей өндіріс орнында кәсіптік оқудан өткен мамандар.

«Қазфосфат» фосфорлы минералды тыңайтқыштардың ірі отандық өндірушісі болып табылады.

Серіктестік пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында аммофос бағасын 2022-2024 жылдарға бекіту туралы меморандумға қол қойылған. Меморандум шарты бойынша «Қазфосфат» аммофос бағасын көтермеуге міндетті.

Бұл күні Қайырбек Өскенбаев пен Нұржан Нұржігітов «Қазфосфат» ЖШС жұмысшыларымен кездесу өткізді. Басқосу барысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және химия өнеркәсібін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Министр заманауи энергия үнемдейтін жарықтандыру өнімдерін шығаратын  «Energy Taraz» ЖШС қызметімен де танысты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.