Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда ардагерлер арасындағы облыстық спартакиада басталды

0 941

Тараз қаласында Жеңістің 78 жылдығына және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай Жамбыл облысының ардагерлері  арасындағы облыстық спартакиаданың салтанатты ашылуы өтті.

Шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев қатысты.

– Ардагерлер ұйымы еліміздегі үлкен саяси, қоғамдық күштердің біріне айналғандығы баршамызға мәлім. Қазіргі таңда облыста 130 953 ардагер бар, оның 17-сі  Ұлыс Отан соғысының ардагері.

Аға буын өкілдері жастарға отансүйгіштік, адамгершілік, ізгілік тәрбие беруде белсенді, әрі жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, ел бірлігін, қоғам тұтастығын нығайту жұмыстарына белсене атсалысып жүр.

Бүгінгі дүбірлі жарыстың да басты мақсаты – халық арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, ардагерлердің өнегелі ісін жастарымызға үлгі етіп көрсету.

Тартысты жарыста ардагер спортшыларға сәттілік пен табыс тілеймін, – деді Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде Еркімбек Солтыбаев та өз лебізін жеткізді.

Айта кетейік, спартакиадаға өңіріміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық ардагер ойыншыдан құралған 11 команда қатысуда. Олар волейбол, үстел тенисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, дартс, ләңгі секілді спорт және ойын түрлерінен сынға түседі.

Нұржан Нұржігітов «Тараз-Арена» спорт кешенің іші-сыртын аралап, жағдайымен танысты. Іргесі қаланғанына 10 жыл болған нысанның кейбір кем-кетіктерін реттеу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.