Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда «Анаға тағзым» республикалық аналар форумы өтті

0 621

Тараз қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Анаға тағзым» республикалық аналар форумы өтті.
Екі тәулікке созылған форумның алғашқы күні шара қатысушылары көне шаһардың тарихи-мәдени нысандарын аралап, тарихи жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ А. Тоқпанов атындағы облыстық драма театр сахналаған «Домалақ ана» қойылымын тамашалады.
Ертесіне «Анаға тағзым» рухани- адамгершілік тәрбие беру орталығына бас сұғып, тыныс-тіршілігіне қанықса, Көне Тараз» этно-тарихи кешенінде «Қазақтың киелі қыздары» арнайы көрмесі қонақтар назарына ұсынылды.
Бұдан кейін жиын «Әйелдер – тәуелсіздік дәуірінің тірегі» тақырыбындағы пленарлық отырысқа ұласты. Басқосу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, форумның мән-маңызына кеңінен тоқталды.
– Форумға республикамыздыңоблыстарынан келген ардақты аналарымыз бен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып жүрген,танымал қайраткер әйелдеріміз, атап айтсақ, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, Ақжайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерева, тіл жанашырлары Асылы Осман, Оразкүл Асағазы, республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Ыдырысқызы, еліміздің іскер ханымдарын үйіріп жүрген Раушан Сарсембаева, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада, Бахаргүл Төлегенқызы, қазақтың Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешова сынды қазақтың аяулы қыздары мен сонау бауырлас Түркия елінен Бурса аймағының ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке баулыған Сермин Чакалыоглу қатысып отыр. Барлығыңызға да бүгінгі біздің жиынымызға шақыртуымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғысым шексіз. Бұл аналарымыздың, әйел-азаматшалардың еліміздің дамуы мен өркендеуіне, қоғамдық-саяси әлеуетін іске асыруға белсенді қатысып жүргендігінің бірден-бір белгісі.
Бүгінде нәзікжандыларымыздың отыз жылдық белесте еліміздің өсіп-өркендеуіне қосып жүрген үлесі өте зор, – деген аймақ басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
Бұдан соң ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи, мемлекет және қоғам қайраткері Асылы Осман, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Күләш Ахметова мен Ақұштап Бақтыгереева, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай, көпбалалы ана Алтын Каникар сынды қайраткерлер баяндама жасап, форум жұмысына табыс тіледі.
Пленарлық отырыс барысында форумның Үндеуі жарияланып, ел дамуына үлес қосып жүрген біртоп нәзікжандылар марапатталды.
Форум жұмысы түс қайта «Бақытты отбасы – бақуатты Қазақстан», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Бизнес және әйел: жаңа мүмкіндіктер», «Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат тақырыптарындағы секция отырыстарымен жалғасты. Сондай-ақ шара барысында «Сіңліге сыр» атты ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу кеші ұйымдастырылды.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.