Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды

0 269

Террорлық топтың елімізде салған ойраны жұртшылықтың жағасын ұстатты. Бұл қасірет жамбылдықтарға да оңай соқпады. Ресми мәлімет бойынша бүлікшілер облыс әкімдігінің, «Nur Otan» партиясы филиалының және полиция департаменттерінің ғимаратын өртеген. Абырой болғанда, әлеуметтік нысандарға еш зақым келмеген. Дегенмен бүгінде өңірде жағдай тұрақталды. Ахуал арнайы құрылған жедел штабтың қатаң бақылауында. Қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша жергілікті билік пен ерікті халықтың, қоғам белсенділерінің бірлескен әрекеті де жалғасуда. Соның нәтижесінде бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқын алуда.

Айталық, 4 қаңтардан бастап «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің 60 қызметкері тазалау жұмыстарына тартылып, бүгінге дейін 64 текше қоқыс шығарылған. Сондай-ақ өртке оранған көліктер қажетті орындарға жеткізіліп, бүлінген нысандардың аумағын тазалау жұмыстары жүргізілген. Бұған серіктестік тарапынан 4 техника жұмылдырылған. Алайда тазалық шаралары мұнымен шектелмек емес. Шаһарымыздың әсем келбетін бұрынғы қалпына келтіру үшін біраз уақыт жұмсалатыны белгілі. Сол үшін бұған серіктес- тік жұмысшылары ғана емес, шаһар тұрғындары да айрықша атсалысқаны жөн. Әрбір тараздық өзінің ауласын, көшесін, шағынауданын жұдырықтай жұмылып, күл-қоқыстан тазартса нұр үстіне нұр болмақ.
Бұл, бір жағынан, қалыпты өмірге қайта оралып, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесіміз болатыны сөзсіз. Сонымен қатар осы орайда барлық базарлар сағат 17.00-ге дейін, дүкендер мен супермаркеттер 20.00-ге дейін, сауда орталықтары 19.00-ге дейін жұмыс істейтінін және барлық сауда нүктелерінде 19 қаңтарға дейін алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынатынын айрықша айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емханалар штаттық режимде жұмыс істеуде. Ал мектеп оқушыларына демалыс уақыты 17 қаңтарға дейін ұзартылды.
Ал кешеден бастап қала аумағында 34 бағыттағы 222 автобус сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін қатынайтын болды. Төлемақы «TulparCard» арқылы жүргізілуде. Сондай-ақ теміржол бағыты бойынша барлық бағыттар штаттық кестеге сәйкес жұмыс жасауда.
Бүгінгі таңда халықаралық «Әулие-Ата» әуежайынан «Тараз-Нұрсұлтан» бағыты бойынша күніне бір рейс (дүйсенбі, сейсенбі күндері сағат 9.30-да, ал қалған күндері сағат 18.45-те) қатынауда. Ал төтенше жағдайға байланысты «Тараз-Алматы» әуе бағыты тоқтатылған.
Бұған дейін 11 қаңтардан бастап қаладағы балабақшалар жұмысын бастайтындығы айтылған болатын. Алайда төтенше жағдай режиміне сәйкес қала аумағындағы балабақшаларға балаларды қабылдау 17 қаңтарға шегеріліп отыр.
Қала бойынша бүгінгі күнге 7 наубайхана жұмыс істеп тұр. Олар: «Козин» ЖК, «Бидай нан» ЖК, «Тараз нан зауыты» ЖШС, «Касымов М.» ЖК, «Надыров» ЖШС, «Шермухамедов» ЖК және «Ким В.В.» ЖК. Шаһарда нан қажеттілігі тәулігіне 80 000 – 83 000 дананы құрайды. Тіркелген наубайханалар нанға деген қажеттілікті толығымен қамтуда. Қаладағы сауда орындарындағы нанның бөлшек бағасы 80-90 теңге аралығында сатылуда, баға тұрақты. Қала бойынша наубайханаларда ағымдағы жағдайда 48 тонна жоғары сұрыпты ұн, 959 тонна бірінші сұрыпты ұн және «Ақ сарай» ЖШС 540 тон-на бидай қалдығы бар.
Таразда барлық коммуналдық мекемелердің ғимараттарында коммуналдық төлемдер қабылдануда. Интернет жүйесі болмаған жағдайда «ТГЭС» мекемесі «Жамбыл Жарық сауда» Мира 5, «Жамбыл Су» Қазыбек би 136, «ҚазТрансГаз» Қойгелді 177, «Жамбыл жылу» Чехов 14, «ТЭЦ» Исатай батыр 8 мекенжайлары бойынша төлемақы жүргізуге болады.
Автокөлік және мал базарлары әзірге жұмыс істемейді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.