Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда алкоголь өнімдерін сатпайтын алып сауда орталығы ашылды

0 1  049

Бүгін Тараз қаласында «Нұрислам» көтерме сауда орталығының ашылу салтанаты өтті. Әл-Фараби көшесінде, «Салтанат» және «Самал» ықшамаудандарының арасынан бой көтерген нысанның ашылуына жиналған қала тұрғындарының қарасы қалың болды, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Салтанатты шарада тұрғындарға арналып дастарқан жайылып, түрлі ас мәзірі ұсынылды. Сондай-ақ ойындар ұйымдастырылып, жүлдеге бағалы сыйлықтар берілді.

Жаңадан бой көтерген 2 қабатты алып ғимаратқа «Arzan city» атауы берілген. Мұнда азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлар арзан бағада саудаланады. Бұдан бөлек орталық аумағында дәріхана мен өзге де тұрмыстық тауарлар сататын дүкендер орналасқан. Айта кетер жайт, толықтай «Халал» стандартына сай жұмыс істейтін сауда орнында алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды.

Жоспар бойынша мұнда 200-ге тарта адам жұмыспен қамтылмақ. Қызметкерлердің ең төменгі жалақысы  100 мың теңгеден асады.

Орталықтың ашылуына келген қала әкімі Ержан Жылқыбаев жаңа нысанды аралап көріп, істелген жұмысқа оң бағасын берді. Сондай-ақ тұрғындармен тілдесіп, алдағы уақытта азық-түлікті нарық құнынан арзан бағада сататын дүкендердің саны артатынын тілге тиек етті. Ал орталық басшылығына жақын орналасқан ықшамаудан тұрғындарының жүруіне ыңғайлы болуы үшін жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салу мәселесін шешуді ұсынды.

«Нұрислам» көтерме сауда орталығы осы атпен Таразда ашылып отырған екінші дүкен. Бұған дейін Ташкент көшесінің бойында ашылған осындай дүкен Тараз қаласының тұрғындары арасында азық-түлік пен өзге де қажетті тауарларды төмен бағада сатып алуға мүмкіндік тудыруы нәтижесінде сұранысқа ие болған еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.