Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда 417 үй жаңғыртуды қажет етеді

Оның 50-ін биыл күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда

0 477

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен өткен жиында «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС-нің директоры К.Абжановтың қала аумағында атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен алдағы жоспар туралы баяндады.
Шаһарда бүгінгі таңда 410 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Әлі де 417 үй жаңғыртуды қажет етеді. Мекеме тарапынан демеушілердің көмегімен 14 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін бояу, муралдар салу жұмыстары жүргізілді. Ал 2022 жылы Тараз қаласында 50 көпқабатты тұрғын үйге, бағдарлама аясында күрделі жөндеу жоспарлануда.
2020 жылы тұрғын үйлерді жөндеуде өз міндеттерін дұрыс орындамаған 4 бірдей мердігер сотқа беріліп, 2 мекеменің лицензиясы алынды. Бүгінде сапасыз атқарылған жұмыстар бойынша қаражат мемлекет есебіне өндірілуде.
Шаһар басшысы Е.Жылқыбаев тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасын жұмысын сапалы орындайтын, тәжірибелі компанияларға тапсыру керектігін ескертті.

«Былтыр біраз үйлер сапасыз жөндеуден өткен. Жұмысын бүгінге дейін созып, салғырттық танытқандар да бар. Мұның барлығы «Тұрғын-үй жөндеу – Тараз» ЖШС басшысы тарапынан дер кезіндегі бақылаудың жоқтығынан» – деді қала әкімі.

Тұрғын үйі жаңғыртылған тұрғындар жөндеу жұмыстары үшін ай сайын қомақты қаржы төлейтіндіктен бұл іске асқан жауапкершілікпен қарап, халық тарапынан түсетін шағымдар мен талап-тілектерді жіті назарға алуды, халықтың келісімін ала отырып, тірлікті ақылдасып атқару керектігін ескертті.
Жұмысты жүйелеу, бүгінгі жаңашылдыққа сай бейімделу – қазіргі уақыт талабы. Өткен жылғы атқарылған жұмыс өз деңгейінде еместігін айтқан Е.Жұматұлы биылғы жөндеу жұмыстарына қазірден тыңғылықты дайындалу керектігін тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.