Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда 4 мың бетперде тегін таратылды

0 286

Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен коронавирустың алдын алу мақсатында 4 мыңға жуық медициналық бетперде көпбалалы, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға тегін таратылды.

Арайлым Бақытжанқызы Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап қала әкімдігіне қарасты мекемелер мен қала тұрғындары бір-біріне қол ұшын беру үшін аянып жатқан жоқ. Бірі жалғызбасты қарттарға азық-түлік жеткізсе, енді бірі көшелерде тегін бетперде мен залалсыздандыруға арналған түрлі құралдарды тегін үлестіруде. Сондай қайырымды жандардың бірі – Алтынай Бекенова. Ол өзінің «Алтын-ай» тігін ательесінде мерекелік демалыстарға қарамастан жұмыс істеп, бетперде таппаған жандардың сұранысын қанағаттандыруда.

– Бүгінге дейін бес тігінші күніне мыңға жуық бетперде тігіп үлгерді. Жалпы біздің ателье 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Қыз-келіншектер ел басына осындай қиын жағдай туғанда үйде отырмай, қолдан келгенше қолғабыс етіп, дәріханаларда жоқ масканы тігейік деп шештік. Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарына кішкене болсын өз пайдамызды тигізу. Бетперделер бірнеше рет пайдалануға арналған, – дейді «Алтын-ай» тігін ательесінің басшысы Алтынай Тұрарқызы.
Күнделікті таңғы 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейтін тігін ательесіне келіп, кез келген тұрғын бетпердені тегін ала алады. Негізгі мақсат – көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға бетпердені тегін тарату.

– Төтенше жағдай жарияланған күннен-ақ Тараз қаласының әкімдігімен бірлесіп көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың тізімін жасақтадық. Сондай-ақ әкімдік тарапынан бетперде тігуге арналған барлық қажетті маталар мен құралдар қыз-келіншектерге алынып берілді. Бұл орайда тігін тігетін қыз-келіншектердің басын қосып, жұмысты бастау керек болды. «Алтын-ай» тігін ательесінің қыз-келіншектері бұл жұмыстарды өздерінің жауапкершілігіне алғаны үшін алғыс білдіреміз. Бүгінде 4 мыңнан астам бетпердені тігіп, бізге тапсырды. Ал біздің ұйым қажетті мекенжайларға таратып жатыр, – деді «Ақжүніс» аналар қоғамының облыстағы жетекшісі Жанат Естаева.

Қаладағы өзге де тігін шеберханаларында тігінші қыз-келіншектер бетперделерді ақысыз түрде дайындауда. Игі бастаманы қолдап, қол ұшын беріп жатқан қыз-келіншектер «қатарымыз көбейсе нұр үстіне нұр болар еді» дейді.

«Алтын-ай» тігін ательесінің бетперделерін алғаш алушылардың қатарында 7 баланың анасы Күнсұлу Күзенбаева бар. «Біз үйден шығып жатқан жоқпыз. Бір балам Алматы қаласында. Бүгінде ешбір дәріханадан бетперде таппадық. Көрсетіп жатқан жақсылықтарыңызға мың алғыс. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Барлығымыз төтенше жағдай кезіндегі нұсқаулақтардың барлығын орындасақ, аурудың таралуын тоқтатамыз», – деді көпбалалы ана.
Жалпы бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.