Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз жылында толағай жұмыс атқарылады

0 507

Қала әкімі Ержан Жылқыбаев М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ

Ержан Жұматұлы алдымен шаһардағы орын алған соңғы өзгерістерге, түрлі салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Қаламыз біраз жылдан бері көркейіп, дамып келе жатқанымен, әлі де шешілмей тұрған мәселелер шаш етектен. Қала кіреберіс қақпадан бастап қазіргі заманға сай болуы керек. Шаһарды дамыту мен көркейту жолында сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен пікірлеріңіз біз үшін маңызды. Осы қызметке келгелі бірнеше мәселені алға қойып отырмын. Біріншісі – экономика. Экономика дамымай, үлкен мәселелерді шеше алмаймыз. Сондықтан туризм мен шағын және орта кәсіпкерлікті қолға алуды көздеп отырмыз. Тараз қаласының даму мүмкіндігі жоғары. Енді осы бағытта жүйелі жұмыс істеу үшін бірнеше жобаны қолға аламыз. Тұрғындар тарапынан көптен бері көтеріліп жүрген коммуналдық мәселелерге ерекше көңіл бөлінуде. Сапасыз жол, жарық, қоғамдық көлік мәселелері күн тәртібінде. Төрт жүз мыңнан астам халқы бар Тараз қаласының жоспарына өзгеріс енгізіп, жаңа аудан құруды да мақсат етіп отырмыз. Қалаға қосылған саяжайларға инфрақұрылым жүйелерін тартпақпыз. Қала келбетін ашу жолында жаңа өзгерістер болады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы жылды «Тараз қаласының жылы» деп атап өтті. Соған сәйкес қыруар жұмыстар атқару жоспарда бар, – деген Ержан Жұматұлы аулаларды жаңарту жұмыстары биыл да жалғасатынын баяндап, қаланы дамыту бағытындағы жоспарлардың айқын екенін айтты.

Зиялы қауым өкілдерімен еркін форматтағы кездесуде бірқатар мәселелер ортаға салынды. Жиында мәдениет, гуманитарлық салаларға қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Алдымен сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков қаланы көркейтіп, дамытуға бағытталған нақты жоспарларды қолдауға шақырды. Осыдан кейін ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, қоғам қайраткері Александр Савченко қала жолдарында бейберекет қазу жұмыстарын жүргізудің алдын алу мәселесін көтерді. Сондай-ақ көктем шыға отырғызылатын ағаш көшеттерін күтіп-баптау, суғару жұмыстарының көңіл көншітпей тұрғанын жеткізді. Облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов тарихы терең Тараз қаласының жүріп өткен белесіне қысқаша тоқталып, қаланың шырайын ашу мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстарға табыс тіледі. Жазушы-драматург Елен Әлімжан қаланың сәулетін жаңартып, туризмді көтерумен қатар, қала мәдениетін қалыптастыру керектігін айтты.

– Қаланың жасы, дәуірі деген болады. Біз соған жоғары мән беріп отырмыз. Бірақ қаланың әулиеаталық кезеңі деген бар. Осыған жеткілікті көңіл бөлуіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жолға қойылса, біткен іс болғалы тұр. Қаланың шеткі аумақтарына жаяу жүргіншілер жолы салынбаған, арық жүйелері аз. 1970 жылдары қалада «гидротехника» мамандығы лауазымды кәсіп еді. Қазір осы саланың мамандары тапшы. Бірақ 1980 жылдары қалаға келетін суды канал арқылы егістік алқаптарына шығарды. Бүгінде сол арық жүйелерін қайта қалпына келтіруді қолға алсақ, жаңбыр суының салдарынан туындаған қиындыққа тап келмес едік, – деді Елен Әбдуатұлы.

Кездесуде жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы да ұсыныс-пікір білдірді. Ол еліміздің ірі қалаларында салынған веложолдардың Тараз қаласына да қажет екенін айтып, қалаға еңбегі сіңген құрметті азаматтардың аты-жөндерін тақтайшаларға жазып, арбатқа орнатуды ұсынды. Сонымен қатар әкімнің идеология жөніндегі орынбасары ақын-жазушылармен жиі бас қосып тұрса деген ұсыныс-тілегімен бөлісті.

Кездесу соңында қала басшысы айтылған әрбір ұсынысты назарға алып, сол бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.

Осы күні қала әкімі үкіметтік емес ұйым мүшелері және қоғам белсенділерімен кездесті.

Жиында алдымен қала әкімі сөз сөйлеп, облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қаланы дамытуға бағытталған нақты жоспарлы жұмыстар туралы баяндады.

– Биылғы жылы қаламызды дамыту, көркейту бағытында инвестициялық бағдарламалар дайындалуда, нәтижесінде инвесторларды тартып, жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады. Тараз қаласына туристерді тарту мақсатында «Тараз-Түркістан» маршруты іске қосылады. Маршрутты кеңінен насихаттап, Түркістан қаласынан және көршілес облыстардан қаламызға көптеген туристер қатынайды деп отырмыз. Жамбыл облысы әкімінің бастамасы бойынша Таразға тарту ретінде кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, облыстық басқармалар, аудан әкімдіктері әлеуметтік серіктестік негізінде Тараз қаласында бірқатар саябақтар, скверлер, спорт алаңдары, қоғамдық орындар, жалпы 40 нысан абаттандырылып, қала тұрғындарына пайдалануға берілетін болады. Өздеріңізге белгілі, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 игі іс» жобасы аясында 91 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, тұрғын үйлер салынып, білім, денсаулық сақтау, спорт салалары жаңа нысандармен толығады.

Бүгінгі кездесуге белсенді үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен азаматтық қоғам белсенділері қатысып отыр. Сіздермен кездесуіміздің мақсаты қаладағы өзекті мәселелерді анықтау, талқылау және шешу жолдарын қарастыру болғандықтан, жиынды еркін форматта өткізіп отырмыз, – деді Ержан Жұматұлы.
Кездесуде алдымен «Жамбыл облысының Азаматтық альянс Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев сөз сөйледі.

– Бізге мүгедек балаларды оңалту орталығының жұмысын атап өтпеске болмайды. Осы уақыт аралығында оңалту орталығында 1200 адамға қолдау көрсетілген. Оның ішінде сан салада қызмет етіп жүргендері баршылық. Бұл – үлкен жетістік. Қалада қатынайтын инватаксилер соңғы бес жылда қосымша қаржыландырылмаған еді. Ал былтыр осы мәселе шешілді, – деді Зайтжан Юлдашев.

Осыған байланысты Ержан Жылқыбаев инватаксилерді жаңарту мәселесін облыс әкімі де басшылыққа алып отырғанын хабарлады.

Кездесуде қоғам белсендісі Жанна Мамашева қаланы көркейтуге бағытталған бірқатар мәселелерді атап өтті.

– Ержан Жұматұлы, «қоғамдық бірлестіктерді халық пен биліктің арасындағы алтын көпір» деп бұған дейін де айтқансыз. Қоғамдық бірлестіктер ең алдымен табыс табу үшін емес, қоғамдағы жағдайларға барынша қолғабыс ету үшін жұмыс істеуде. Бұған елде індет тараған тұста баршамыз куә болдық. Карантин кезіндегі қоғам белсенділерінің ерлігін баршамыз білеміз. Белсенді азаматтар қаланың барлық қоғамдық-саяси мәселелеріне етене араласып жүр. Тараз қаласында қоғамдық орындар, саябақтар жаңартылып, мәдени бағытта қыруар жұмыс атқарылды. Қазір сол қаланың шырайын ашып тұрған орындарды қайта жаңғыртсақ та артық болмас еді, – деп ұсыныс білдірді.

Бұл сауалға Ержан Жұматұлы қоғамның тыныс-тіршілігінен хабардар қоғам белсенділерімен жұмыс істеудің маңызына тоқталып, кез келген жобаны жүзеге асыруда бірлесе атқарылған жұмыстың берекелі болатынын айтты.

– Саябақтарда бейберекет орналасқан ойын-сауық орындары қала мәдениетіне тікелей әсер етеді. Саябақтарға тұрғындар демалу үшін барса, онда қолайлы қызмет көрсетілсе дейміз. Осының барлығын бюджеттің қаржысынсыз дұрыс ұйымдастыруға болады. Ол үшін арнайы мамандарды шақырып, дизайнын сызып, жерді белгілеп береміз, – деген Ержан Жұматұлы қоғам белсенділеріне «бірер аптада «Зербұлақ» аумағын жаңартуға бағытталған жұмыстар бір жүйеге келеді» деп жағымды жаңалықты жеткізді.

Қала әкімінің айтуынша, онда балаларға, жастарға велосипедпен жүруге қолайлы жағдай жасалып, жүгіру жолағы салынады. Жаңа бастама облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынып, бүгінде инвесторлар да тартылған. Расында, «Зербұлақ» аумағы жөндеуден өтсе, бұл, біріншіден, тұрғындардың демалуына қолайлы болса, екіншіден, туризмді дамыту бағытында жүзеге асқан тағы бір үлкен жоба болғалы тұр.

Кездесуде «Жамбыл облыстық жастар ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан пандемия өршіп тұрған кезде мейрамханаларда әлі де «той маусымы» тоқтамағанын алға тартып, мониторингтік топтардың жұмысын сынға алды. Бұған қала әкімі қоғам белсендісі көтеріп отырған мәселенің орынды екенін айтып, жауабын берді.

– Өкінішке орай, расымен, карантиндік нормаларды сақтау көңіл көншітерлік деңгейде емес. Алматы қаласындағы жағдайды көріп отырсыздар. Тұрғындар карантин нормаларын естен шығарып, тіпті бетперде тақпай жүретіндер де көбейді. Әкімдік тарапынан да бақылаудың әлсіреп кеткенін мойындауымыз керек. Сол үшін қалаға келгеннен-ақ мониторингтік топтың жұмысын қадағалауға кірістім. Он екі топтың барлығынан атқарған жұмыстарының есебін сұрадым. Тек төрт қана мониторингтік топты қалдырып, оның жұмыс бағыттарын қойдық. Аталмыш бағыттар бойынша рейд жұмыстары тек мейрамхана мен кафелерде ғана емес, қоғамдық көліктерде, базарлар, жұмыспен қамту орталықтары, дүкендерде күндіз-түні жүргізілуі тиіс. Мониторингтік топты қайта жасақтап, нақты тапсырмалар бердік, – деген Ержан Жылқыбаев карантинге байланысты жұмыстарды нәтижелі жүргізу ең алдымен өзіміз үшін маңызды екенін баса айтты.

Осыдан кейін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеріп, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы орта қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталды.

Кездесу соңында қала әкімі Ержан Жылқыбаев үкіметтік емес ұйым мүшелері мен қоғам белсенділері көтерген мәселелердің барлығын ескеретінін айтып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.