Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз төрінде Тұрар Рысқұлов ауданының күндері өтті

0 368

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Тараз қаласында «Туған жерім – дархан далам» атты Т.Рысқұлов ауданының мәдениет және өнер күні өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында өткен іс-шара «Баласағұн» орталық концерт залының аумағында ұйымдастырылды.

Шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлы мен Тараз қаласының әкімі Ержан Жұматұлы қатысып, алдымен «Баласағұн» орталық концерт залында орналасқан аудан еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін тамашалады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шығарылған өнімдер төмендетілген бағада саудаланып, қала тұрғындарына ұсынылды.

 Бекітілген жоспарға сәйкес, Баласағұн мәдениет сарайының алдына Т.Рысқұлов ауданының ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде ауданнан 500 кг қой еті, 500 кг сиыр еті және 500 кг жылқы еті, 1000 кг алма, 1500 кг макорон және ұн, 250 кг шұжық өнімдері, 800 кг қияр, 400 кг қызанақ және 200 кг сүт өнімдері қойылды. Қала тұрғындары төмен бағада өздеріне керекті азық-түліктерді саудалап, ризашылықтарын білдіріп жатты.

Іс-шара барысында ерекше назар аудартқан көріністердің бірі – арнайы құрылған қазақ үйде әжелердің қатысуымен ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында тұсаукесер рәсімінің сахналануы болды. Жиналған көпшілікке «Ауыл дәмі», яғни, бауырсақ пен қымыз таратылып, келушілерге сый көрсетілді. Сонымен қатар, көпшілік қауымға түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімдері, ұлттық аспаптары, қолөнерлері ұсынылып, ұлттық тағамдардан дастархан жайылды.

Суретшілер Одағының мүшелері Әлімжан Сметов пен Мақсат Қаңтарбаевтың отызға жуық композициялары қойылды.
Өз кезегінде аудан күндерін тамашалауға келген көпшілік аудандық орталық кітапхана тарапынан ұйымдастырылған Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық белесіне арналған кітап көрмесін және аудандық өлкетану мұражайын ұйымдастырған көрмені аралап, ондағы тарихи жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар, Жамбыл Жабаев, Тұрар Рысқұлов, Мэлс Өзбеков сынды тұлғалардың образын сомдаған аудан артистеріне облыс әкімінің орынбасары – Дәулет Жамаубайұлы оң бағасын берді.

Аудандық білім бөліміне қарасты М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің орындауында 60 жас өнерпаздары Құрманғазының «Балбырауын» атты күмбірлеген күйін орындап, Тәуелсіздікке тарту етті. Сондай-ақ,  тереңнен тамыр тартатын тектілігімізді дәріптеу, төл тарихымыздың тағылымын таныту мақсатында қолөнер шеберлерінің көрмелері қойылды. Қолөнер қалашығында қолдан жасалған ат әбзелдері мен ұлттық нақыштағы құрақ көрпелер,  таза, табиғи теріден жасалған аяқ киімдер мен ыдыс-аяқтар туындылары қойылды.

Бағдарламаға сәйкес, мәдениет сарайы аумағында ұлттық спорттың 6 түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, аудан өнерпаздарының «Көш керуені» атты театрландырылған тарихи көрінісіне ұласты.

Мерекенің концерттік бағдарламаның шымылдығы аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, «Сұлутөр» халықтық   ансамблінің әншісі, сазгер Рысбек Қадырқұловтың орындауындағы Мэлс Өзбековтың әніне жазылған «Келші Құланға» атты әсем ән шашуымен түріліп, аудан көркемөнерпаздарының концерті көпшілік назарына ұсынылды. «Сұлутөр» халықтық  ансамблінің орындауындағы Дүйсеналы Бықыбаевтың «Туған жерім тал бесігім» әні, Түркештің «Көңіл ашар» күйі кештің көрігін одан әрі ашып, тыңдармандарды тербей түсті.

Тұрардай    тұлғаның  есімін  еншілеген   аудан өнерпаздарының әндері мен билерімен бастау алған концерттік бағдарлама қала тұрғындары мен қонақтарына әндерінен шашу шашып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, талай өнер тарландарымен танымал болған аудандық өнерпаздардың өрелі кеші шараға шырай берді. Ұлтымыздың мәдениетін ұлықтайтын мерекелік іс-шарада тамылжыған ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді.

Мөлдір Тастанбек

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.