Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тараз» төменгі лигаға неге түсіп қалды?

0 1  977

«Тараз» футбол клубы жаңа маусымды бірінші лигада бастайды. Бұл туралы клуб ресми түрде мәлімдеді. Мұндай шешімге олар сүреңсіз ойындарынан емес, амалсыздан баруда. Турасын айтқанда, Премьер-лигада ойнау құқығына ие болған құраманы Қазақстан футбол федерациясы Жоғарғы лигадан мәжбүрлі түрде шығарып жіберіп отыр.

Жалпы «Тараз» футбол клубы Ұлттық құраманың ұстаханасы саналатын. Бауыржан Исламхан, Бахтиер Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахметов сынды әлемдік деңгейде ойнап жүрген футболшылардың барлығын тараздық клуб түлеткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Сондықтан «тараздық» ойыншылар десе ел ғана емес, әлем скауттарының өздерінің көзқарасы бөлек болатын. Алайда кейінгі онжылдықта «Тараздың» ойыны оңалмай қойғаны жасырын емес. Тіпті бірер жыл бұрын төменгі лигаға түсіп қалып, Жоғарғы лигаға қайта әрең көтерілген. Енді міне, қайта бірінші лигада ойнауларына тура келіп отыр. Оған басты себеп – қаржылық қиындықтар. Клуб директоры Жандос Ахметовтің айтуынша, клубтың қарызы 1 миллиард теңгеден асып кетіпті.
– «Тараз» футбол клубы 2021 жылдан бері қарыздан шыға алмай келеді. Өткен жылы қарыздан құтылудың барлық амалдарын жасағанымызбен, бәрібір футболшыларға да, салыққа да берешегіміз көп болды. Сол себепті Қазақстан футбол федерациясы бізді Жоғарғы лигадан шеттетіп тастады. Қарызға батуымыздың басты себебі – маған дейін клубты басқарған адамдар шетелдік мамандар мен ойыншыларды көптеп алып, айлық жалақыны шекті мөлшерден асырып жіберген.

– Жергілікті ойыншылардың да жалақысын көтеріп, қаржыны үнемдемеген. Соның салдарынан клуб қарызға белшесінен батып, қарызға қарыз жамала берген. Өткен жылы үнемдеудің арқасында 400 миллион теңгедей қарызымыздан құтылған болатынбыз. Алайда жыл соңындағы салықтық төлемдермен қарызымыз қайта 1 миллиард теңгеден асып отыр. Биыл облыс әкімдігі жылдағы меже бойынша 1 миллиард 200 миллион теңге беретін болып отыр. Осы сомамен қарызымызды жабамыз деп отырмыз. Содан кейін Жоғарғы лигаға қайта оралуға күш саламыз, – дейді клуб директоры.
«Тараз» төменгі лигаға түсіп қалғандықтан, команда ойыншыларының 95 пайызы өзге клубтарға кетіп қалған. Сондықтан жамбылдық клубқа ойыншыларды қайта жасақтауға тура келіп отыр. Биылғы маусымда клуб қосалқы құрамдағы жас ойыншыларға сенім артпақ. Жандос Ахметовтің айтуынша, бұл, бір жағынан, жастарға беріліп отырған мүмкіндік екен.
– «Тараз» футбол клубының дублінен бөлек, бірінші лигада ойнайтын құрамасы да бар. Міне, осы жігіттерден негізгі құраманы жасақтаймыз деп отырмыз. Бұл – олар үшін үлкен мүмкіндік. Егер негізгі құрамда жақсы ойын көрсетсе, үлкен клубтарға жол ашылады. Ал, ең бастысы, сырттан легионер шақырмайтын болғандықтан, қаржы үнемделеді. Сондай-ақ жергілікті ойыншылардың да жалақысын барынша тиімді етіп қоямыз. Осы арқылы қарыздан құтыламыз деген жоспар бар, – дейді Ж.Ахметов.
Былтырғы жылы «Қазфосфат» ЖШС клубқа демеушілік етіп, қолдан келгенше көмек көрсетіпті. Ал биыл кәсіпорынның өзі қиындықтарға тап болып, демеушілік жасай алмайтындықтарын айтқан. Сондықтан клубқа өз күндерін өздері көрулеріне тура келіп отыр.
Естеріңізде болса, өткен жылы команданың бас бапкері Нүркен Мазбаев өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. Оның маусым соңындағы шешімін жанкүйерлер құраманың сүреңсіз ойынымен байланыстырған. Десе де, «Тараз» турнир кестесінде 12-орынға тұрақтап, Жоғарғы лигада ойнау мүмкіндігін сақтап қалған. Команданы соңғы ойындарына бас бапкердің міндетін атқарушы Нұрмат Мырзабаев шығарған еді. Алайда Жандос Ахметовтің айтуынша, биыл бұл маманға сенім артылып отырған жоқ екен. Сондықтан клуб командаға жаңа бапкер іздеуде.
Міне, осылайша «Тараз» футбол клубы ойыншыларды ғана емес, бапкерлер құрамын да түбегейлі өзгерткелі отыр. Бұдан қандай нәтиже шығатынын уақыт көрсете жатар. Ең бастысы, «Тараз» қарызынан толықтай құтылып, Премьер-лигаға қайта оралуын тілейміз. Өйткені Ұлттық құраманың ұстаханасы саналатын команданың төменгі лигада ойнауға құқығы жоқ.

Саят ЖАПАРҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.