Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз сервис және технология колледжі: Жылдың үздік оқу ордасының жобалары көпке үлгі

0 1  091

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек», – деп атап өтті. Себебі кәсіби білім алып, маман иесі атанған жастар еңбек нарығына тез бейімделуде. Осы мақсатта облыс орталығындағы оқу базасы жетілдірілген Тараз сервис және технология колледжі де кәсіптік білім беріп, жастардың бәсекеге қабілетті болуына барынша үлес қосуда.

         Б. Маймышев

Кәсіби мамандар даярлауда 50 жылдық тәжірибесі бар іргелі оқу орны Кеңес үкіметі тұсында өңірдегі химия саласына білікті кадр даярлауға үлес қосқан. Сол тұста зауыттың сұранысына сай жастар слесарь, электрик, токарь, сылақшы-әрлеуші, дәнекерлеуші мамандықтарын меңгеріп шыққан. Міне, енді білім беру саласында небір кезеңдерден өтіп, заманға сай жаңарып келген колледж сервис және қызмет көрсету саласына жұмысшы мамандар дайындайтын өңірдегі бірегей оқу орнына айналып отыр. Материалдық-техникалық базасы нығайып, жетілдірілген оқу орнында 869 студент білім алуда. Оның ішінде 782 жас мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Бұл – мемлекет тарапынан кәсіптік оқытуға ерекше көңіл бөлінгенінің айғағы. Оқу орнында студенттер аспаз, тігінші, шаштараз, туризм, қонақ үй шаруашылығы, сәндік-қолданбалы өнер, автокөлік жөндеу мамандықтарында теориялық білімін жетілдірумен шектелмей, түйген-білгенін практикада шыңдауда. Колледж басшылығы сапалы білім беруді тиімді ұйымдастыру мақсатында бірқатар жобаларды қолға алған. Мысалы, 2016 жылы «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығындағы бір топқа дуальді оқыту тәжірибесі енгізілген. Бұл, әрине, студенттердің өндірісте ысылып, мамандыққа бейімделуіне таптырмас мүмкіндік болғаны рас. Себебі биылғы оқу жылында 4 мамандық бойынша 14 топта білім алатын 340 студент дуальді оқыту жүйесімен тәжірибесін арттыруда. Сонымен қатар 2017 жылы колледж-де екі мамандық («Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу») бойынша модульді оқыту технологиясы енгізіліпті. Ал 2018 жылы ерекше қабілеті бар жандардың өзгелермен тең дәрежеде білім алуы үшін инклюзивті білім беру жобасы жүзеге асқан. Бұл бастаманың шарапатын алғашқыда екі мамандықта білім алатын 30 студент көрген. Енді биылғы оқу жылында инклюзивті оқытумен 114 студент қамтылып отыр. Демек, колледж басшылығы мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз білім алуына ерекше көңіл бөліп отыр. Заманауи оқу орнында студенттер мен оқытушылар облыстық, республикалық байқауларда біліктілігінің арқасында жүлделі орыннан көрініп жүр. Мысалы, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған халықаралық қозғалыс шеңберіндегі «Worldskills» чемпионаттарына колледж студенттері 2016 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Соңғы төрт жылда колледждің 16 студенті облыстық «Worldskills» додасында жеңімпаз, жүлдегер атанып үлгерген. Ол – ол ма, үш студент өңіраралық «Worldskills» жарысында топ жарса, республикалық «Worldskills Kazakhstan» аламанында 6 түлек «Үздік маман» медалін иеленіп, бір түлек «Құзыреттілік шебері» атанған. Ал соңғы өткен «Worldskills Kazakhstan – 2021» республикалық чемпионатында «Шаштараз өнері» құзыреттілігі бойынша колледждің өндірістік оқыту шебері А.Бейзер қола медальді қанжығалаған. Сонымен қатар «Қазақстан Рес-публикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасына қатысқан Ерасыл Берді 2019 жылы жеңімпаз атанса, былтыр Талшын Жаханова, ал биыл колледждің 2-студенті Ясмина Тоқсанбаева мен Рамазан Серікбай еліміздегі колледждер арасында үздік 100 студенттің қатарынан көрінген.

– Оқу орнында білім алатын 8 ерікті жас «Biz birgemiz» жалпыұлттық акциясы аясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатына ие болды. Былтыр 4 студентіміз «Жамбыл облысы Жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігінің «Жас депутаттар» корпусына сайланды. Өткен жылдың желтоқсанында «Біз біргеміз» акциясы аясында колледждің 4 ерікті студенті Президенттің Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында Алматы, Ақтау, Қарағанды, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған ірі байқауда 4 студентіміз жүлдегер атанды. Кәсіби жастардың «Профи – 2018» облыстық байқауында 4 жас маман орын алса, 2019 жылы аталған байқауға қатысқан 3 студент бірінші орын, 4 студент екінші орынға ие болды. Бұдан бөлек, озат жастарымыз түрлі жарыстарда топ жарып, оқу орнының беделін көтеруде. Бұл – біз үшін үлкен олжа әрі мақтаныш, – дейді колледж директоры Бекбол Маймышев.
Былтыр Тараз сервис және технология колледжі «Жас маман» жобасында үздік атанып, республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұған оқу орнының әкімшілігі ақылдаса келе, «Тамақтандыруды ұйымдастыру» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтарын ілгерілету мақсатында халықаралық стандарттарға сай заманауи жабдықтар сатып алған. Колледж директоры «Worldskills» форматы кадр-ларды даярлауға және жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретінін жақсы біледі. Аталған жоба аясында колледжде «Аспаз ісі» және «Сән технологиялары» құзыреттілік орталығы құрылған. Енді орталық базасында жастарды инновациялық және стартап жобаларға тарту мақсатында қыруар жұмыстар қолға алынған.

Колледж педагогтары да кәсіби бағыттағы байқауларға қатысып, шеберлігін шыңдаудан қол үзбеген. Мысалы, өндірістік оқыту шебері Д.Таубалдиев 2018 жылы Алматы қаласында өткен IV Халықаралық аспазшылар турнирінде қола медаль, ал «Дәмді. Taraz food tourism» республикалық ұлттық тағамдар көрмесінде бас жүлдені иеленіпті. Сонымен қатар 2018 жылы колледж оқытушысы М.Мустафина «ТжКБ-да инклюзивтік білім берудің үздік педагогы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде топ жарса, «Үздік педагог – 2017» байқауында 3-орын алған. Бұл қатарда педагогика саласында өзіндік орны бар тәжірибелі маман Р.Тажманова «Үздік педагог – 2019» байқауында 2-орынды иеленгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ «Өз ісінің шебері – 2020» атты өндірістік оқыту шеберлері арасында өткен облыстық байқауда Ж.Орманалиева 2-орын алса, жас мамандардың «Педагогикалық старт – 2020» облыстық байқауында А.Мұхтар бірінші орынға ие болған. Сол секілді биыл облыстық «Үздік авторлық бағдарлама – 2021» байқауында Л.Альдибаева бірінші орын алса, «Үздік бейнесабақ – 2021» облыстық байқауында арнайы пән оқытушысы Ғ.Айдашбекова 2-орыннан көрінген. Қысқасы, биыл Тараз сервис және технология колледжінің облыс бойынша «Үздік колледж» атануы бекер емес. Бұл кәсіптік білім беріп, сан салаға білікті мамандар даярлауда ілкімді бастамаларды шебер жүзеге асырып келген оқу орнына берілген лайықты марапат деп білеміз. Әрине, білім беру бір бөлек болса, студенттердің еңбек нарығына қалыптасып, шебер маман атануы бір басқа. Себебі колледж әкімшілігі өндіріс орындарымен кеңесе отырып, сұранысқа сай мамандар даярлауда. Яғни оқу орны әлеуметтік серіктестік бағытына да аса жоғары мән беруде. Нәтижесінде колледж басшылығы студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі үшін бас-аяғы 72 мекемемен келісімшарт жасаған. Мұның бір айғағы ретінде әлеуметтік серіктестер мен колледждердің біріккен «Үздік тәлімгер – 2020» байқауында «Шафран» мейрамханасының бас аспазы А.Панфилов пен колледж студенті Т.Горохов бірінші орын иеленгенін атап өтуге болады. Бұл – колледждің әкімшілік құрамы мен педагогтардың бірлесіп қолға алған бастамаларының жемісті нәтижесі.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру бойынша заңға енгізілген түзетулерді Тараз сервис және технология колледжі ә дегеннен-ақ қолдап, талаптарды орындауға кірісіп кеткен. Сәйкесінше колледж әкімшілігі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп студенттер дайындаған кондитерлік өнімдерді қаладағы 6 әлеуметтік дүкенге сатылымға шығарған. Сондай-ақ колледж студенттері дайындаған өнімдер Тараз қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі ұйымдастырған ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесінде саудаланған. Заңға енгізілген өзгерістерді колледж басшылығы барынша тиімді пайдаланып, студенттердің мамандыққа бейімделуіне ықпал етуде. Содан болар, биыл жыл соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен елімізде тұңғыш рет колледждің «Студент өнімі» атты дүкенін ашу жоспарланыпты. Шаһардағы тауар өндірушілер арасында бәсекелестікті арттыратын жарқын бастама техникалық және кәсіптік білім беру бағытында жұмыс істеп келе жатқан колледждер үшін де тиімді болмақ. Бәлкім, жоба жүзеге асып, оң нәтиже беріп жатса, еліміздің басқа да колледждері үлгі алып, дүкен ашуға ниеттенер. Бір білетініміз, оқу орны өз шеберханалары мен шағын цехтарында дайындалған өнімдерді нарыққа шығаруға дайын. Енді дүкен ашылса, тұрғындарға қолжетімді, табиғи әрі сапалы жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдерден бөлек, өздерінің тігін шеберханаларындағы тауарларды ұсынбақ. Жас шеберлер қолдан жасаған ұлттық киімдер, жастықша, сөмке секілді бұйымдары сатылымға шығаруды ойлас-тыруда.
Әрине, осы толайым тірліктің барлығын жүйелі ұйымдастыра отырып, колледж өзінің негізгі міндеті, яғни сапалы білім беруге басымдық беруден танбайды. Себебі оқу орнының негізгі миссиясы – білімді шәкірт тәрбиелеу. Сондықтан Тараз сервис және технология колледжінің ұжымы қолға алған жаңа жобалар мен тың идеялардың барлығы жастардың еңбек нарығына қабілетті болуына ықпал етуде. Осы ретте колледжде білім алған жастардың басым көпшілігі қоғамда өз орнын тауып, таңдаған бағыты бойынша табысты еңбек етіп жүргенін айта кеткен жөн.
Елімізде NEET санатындағы 237 мың жұмыссыз жас бар екен. Олар жоғары және кәсіптік білім алмаған. Ал жоғары оқу орындарына жыл сайын шамамен 50 мың түлек ақылы негізде оқуға түссе, олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленген. Осы күрделі мәселені ескерсек, мемлекет тарапынан техникалық және кәсіби білім беруге үлкен қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Ал оның тиімділігін біз Тараз сервис және технология колледжінің жетістігіне қарап аңғардық. Ендеше, ұрпақ тәрбиелеуде өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқан арнаулы орта оқу орнының алдағы алар асулары тағы биік болсын деп тілейміз. Бекбол Маймышевтай жас та болса үлкен оқу орнына бас болып отырған басшы барда, біз колледждің келешегі кемел болатынына бек сенімдіміз.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.