Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз карантинге жабылды

0 318

Тараз қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен 7 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап қала аумағында карантин режимі енгізілді.

Арайлым Шабденова

Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар алаңында онлайн брифинг өтті. Жиында қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен Жамбыл облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев қатысты. Карантин жарияланғаннан кейін барлық автокөлік құралдарының және азаматтардың қала аумағына кіруіне және шығуына тыйым салынады. Азық-түлік тауарларын, медициналық бұйымдар мен препараттарын, бірінші кезекте қажетті тауарларды тасымалдайтын, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізетін автокөлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсат қағазымен ғана рұқсат беріледі.
– Рұқсат қағаздарын жергілікті әкімдіктен ала аласыздар. Қоғамдық көліктер сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Осыған байланысты адамдардың және жеке көліктің Тараз қаласының аумағында еркін жүріп-тұруына тыйым салынады: жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері жүріп-тұру, азық-түлік тауарларын, дәрілік препараттарды және медициналық бұйымдарды сатып алу, медициналық көмекке жүгіну, мемлекеттік және әлеуметтік көмек алу мақсатында мемлекеттік мекемелерге бару, күтпеген төтенше жағдай және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайлар кезінде. Бұл ретте отбасы мүшелерін қоспағанда, адамдардың 3 адамнан артық топтасуына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз жүріп-тұруына тыйым салынады. Жеке тұлғалар, автокөлік жүргізушілері жеке қорғану құралдарын пайдалануға міндетті. Азық-түлік супермаркеттері, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, ветеринариялық дәріханалар, ауыл шаруашылығы техникасына арналған автобөлшектер, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-шөптерді өткізуге рұқсат беріледі. Мейрамханаларға, дәмханаларға, барларға, асханаларға және басқа да қоғамдық тамақтану нысандарына «тұтынушыларға жеткізіп беру» режимі бойынша сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі, – деді шаһар басшысы.
Ал ірі сауда үйлері, ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, барлық азық-түлік емес тауарлар сауда нысандарының, автосалондардың, автоқосалқы бөлшектер сату салондарының, гүл павильондарының қызметі тоқтатылады. Халықтың жаппай жиналатын орындарына, оның ішінде саябақтарға, скверлерге, жағалауларға, алаңдарға, балалардың ойын алаңдарына және қала тұрғындарының өзге де демалыс орындарына баруына тыйым салынады. Барлық қызмет түрлерін көрсету орындары, банк бөлімшелері және ломбардтар, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, қонақ үйлер, сондай-ақ дөңгелек монтаждауға арналған жеке тұрған бокстар жұмыс істейді.
– Қалалық әкімдіктің жанынан жедел штаб құрылды. Штаб құрамына қаланың барлық бөлімдері, полиция, СЭС мамандары енгізілген. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді және арнайы жедел телефондары: 43-15-16, 45-59-85. Қала тұрғындарын карантин кезінде барлық сақтық шараларын ұстанып, үйлеріңізде қалуға шақырамын, – деді Айтқазы Қарабалаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.