«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» ҚР 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572-XII Заңы 2-бабының 5-тармағына сәйкес, облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мың адамнан асқан кезде өзара бірнеше ауданға бөлінуі тиіс. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, бүгінгі таңда Тараз қаласында 427 мыңнан астам халық тұрады. Осыған байланысты шаһарды тиімді басқару және өзекті мәселелерді жедел шешу үшін екі аудан құру қажеттілігі туындауда.
Соған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен шаһардағы екі әкімшілік-аумақтық бірлікке атау беру бойынша құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Басқосуда сөз алған шаһар басшысы аталған жиынның маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Қаланы екі ауданға бөлу халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай туғызады. Сонымен қатар облыс орталығының әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Сондықтан мұны Тараз қаласын екіге бөлу деп ғана емес, оны тиімді басқарудың тетігі деп қарастырған жөн. Ал мұндай мәселеде жеке-дара шешім қабылдауға болмайды. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген қанатты сөз бар. Сол үшін арнайы жұмыс тобын құрып, ұсыныстарға құлақ түрмекпіз. Сіздердің тараптарыңыздан айтылған барлық ой-пікір міндетті түрде назарға алынады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған жұмыс тобының мүшелері де өз кезегінде орамды ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Осы орайда республика көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстары ҚР Үкіметінің №138 қаулысының талаптарына сәйкес және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» 555, «Тарихи жер-су атаулары» 380 және «Дәстүрлі атаулар» 298 тізімін басшылыққа ала отырып жүргізілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап қалаларға, аудандар мен елді мекендерге кісі есімдерін беруге тыйым салынған.
Осынау маңызды мәселеден қала тұрғындары да шет қалмай, өз ұсыныстарын жеткізуіне толықтай мүмкіндіктері бар.
Құрбанәлі Шахабай