Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз – дүниежүзілік қолөнершілер қаласы

0 150

Облыс орталығында төрт күнге жоспарланған халықаралық қолөнершілер көрмесі өтті. «Тараз – қолөнершілер қаласы» тақырыбында ұйымдастырылған ауқымды шараға алыс-жақын шетелден және еліміздің әр аумағынан қолөнершілер мен құрметті қонақтар қатысуда.

Таң алакеуімнен кәдесый өнімдерін сату жәрмеңкесі өтіп, онда тек облыс, қала тұрғындары мен қонақтары ғана емес, сонымен қатар жақын және алыс шетелден, атап айтсақ, Бразилия, Нидерланды, Үндістан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Татарстаннан келген қолөнершілерді де қуантып, өзіндік қайталанбас бұйымдарымен таң қалдырды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ҚР Мәдениет және спорт министрінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков, Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, «Асыл-Дизайн» сән үйінің «Аспара» брендінің бас дизайнері Айдархан Қалиев, «Шебер шаңырақ» мүгедектер ҚБ төрағасы Анар Бексұлтанова және Ресей, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикаларынан келген бірқатар қонақтармен кездесті.

Аймақ басшысы өз сөзінде 2000 жылдан астам тарихы бар Тараздың өткені өнегеге, тағылымға бай екенін, бүгінде құндылықтарды жаңғырту жолында ауқымды жұмыстар жоспарланып, қолға алынып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы Тараздың Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы статусына лайық екенін және оны оң бағалап, шешім шығарған сарапшыларға зор алғысын білдірді.

Өз кезегінде облыстың қолөнершілік және туристік әлеуеті жоғары екенін атап өткен Азиз Муртазаев Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылы құрылғанын, бүгінгі таңда бұл тізімге дүниежүзінің 59 шаһары енгендігіне тоқталды. Сонымен қатар ол Тараз аталған тізімге енген Қазақстандағы алғашқы қала екендігін де баса айтты.

Халықаралық көрмеге қатысқан қолөнершілер арасында Алматы қаласынан арнайы келген қолөнер шебері Жеңіскүл Дәулетова да бар.

– Бұл көрме ел мен жердің арасын жалғап, жан-жақтан жиналған шеберлердің басын қосты. Мен мұнда өз қолыммен дайындаған қазақы нақыштағы қос етек көйлектерім мен оюлы қамзолдарымды, сонымен қатар заманауи жастықтар мен қазір сәнге айналған тақияларды алып келдім. «Көне Тараз» тарихи кешені қолөнершілердің көз тартарлық көркем дүниелерімен жарқырап тұр, – дейді шебер.

Шара барысында Азиз Муртазаев Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізу бойынша сарапшылар комиссиясының қорытынды сертификатын шаһар басшысы Бақытжан Орынбековке салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар қолөнер шеберлерін марапаттады.
Төрт күнге жалғасқан халықаралық көрме аясында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, Тараз қаласындағы тарихи нысандарға ақпараттық тур, дөңгелек үстел, суретшілер және қолөнершілер байқаулары, шеберлік сағаттары және тағы да басқа шаралар ұйымдастырылды.

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.