Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Тараз – қауіпсіз қала»

Жемісті жоба аясындағы жұмыстар жалғасын табады

0 68

Кеше Тараз қаласының әкімдігінде өткен мекемеаралық жиында «Тараз – қауіпсіз қала» жобасын іске асыру бойынша уәкілетті органдар қабылдаған шаралардың тиімділігі қаралды. Басқосуға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Нұржан Боранбаев пен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Шара барысында әуелі қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Берік Сәлемов жоба аясында атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.
– 2025 жылы жүргізілген рейдтік шаралар нәтижесінде ойын-сауық орындарындағы бұзақылық 24-тен 11 дерекке дейін азайса, «102» пультіне келіп түскен шақыртулар саны 2 510-нан 2 191-ге дейін төмендеді.
Сонымен қатар профилактикалық шаралар арқылы қоғамдық орындардағы құқықбұзушылық – 22,8, көшелердегі құқықбұзушылық – 19,6, бұрын сотталғандар арасындағы құқықбұзушылық – 34,7, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылық 1,4 пайызға азайды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар – 11,3, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар – 25,3 пайызға кеміді.
Ерекше атап өтерлігі, қылмыстардың ашылу көрсеткіші 100 пайызға жетті. Алайда жан-жақты жүргізілген кешенді шараларға қарамастан топпен жасалған қылмыстар – 20,6, ауыр дене жарақатын келтіру дерегі – 100 және түрлі алаяқтық фактілері – 128,1, жол апатынан қаза тапқандар саны 23,8 пайызға артып отыр, – деген Берік Жақсылықұлы шаһар аумағындағы жедел ахуал құқық қорғау органдарының тұрақты әрі қатаң бақылауында екенін қадап айтты.
Келесі кезекте Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов, Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова, қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева жоба шеңберінде қолға алынған ілкімді істерге тоқталып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі заңбұзушылықтың алдын алу бағытында әлі де жүйелі шаралардың жетіспей жатқанын атап өтіп, бірқатар сала басшысының жұмысын сынға алды.
– Әрине, жоба аясында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Алайда көптеген кемшіліктің бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, оқу ордаларындағы кибербуллинг пен әлімжеттікке әлі күнге дейін нақты тосқауыл қойылмай келеді. Бұған жасөспірімдермен жұмыс жүргізетін инспекторлардың жетіспеушілігі, білім ордаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзет агенттіктері қызметінің нашарлығы және оған сала басшылары тарапынан қатаң бақылаудың жоқтығы өз әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар рұқсат етілмеген уақыттан кейін ішімдік сататын көңіл көтеру орындарының басшыларымен тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары жүргізілмеуде. Салдарынан қалада орын алған қылмыстардың дені осындай орындарда жасалатыны анықталып отыр, – деген Бақытжан Әмірбекұлы аталған мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.