Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз қаласындағы бірқатар аумақтың құрылыс жоспары қаралды

0 411

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласындағы бірқатар аумақтың егжей-тегжейлі жобалау жоспарына енгізілген кейбір түзетулер талқыланды.

Жиында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков баяндама жасады. Ол облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы үш алқаптың жоба-жоспарына жан-жақты тоқталды.

Атап айтсақ, 15 шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы соңғы рет 2019 жылы бекітілген болатын. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс орындарының аумағы ұлғаюда.

Аталған аумақта көпқабатты тұрғын үйлер саны – 154, жеке тұрғын үйлер – 967 болатын. Оның ішінде 255 жер телімін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша беру қарастырылған.

– Бұған дейін 47 жер телімі пайдалануға берілді, қалған жер телімдерін үй-жай үлгісіндегі танхаустар құрылысы үшін қарастырып, аукционға шығаруды жоспарлап отырмыз. Жобамен 69 типтік танхаус қарастырылуда. Әрбір танхаус 8 пәтерден жоспарлануда.

Жалпы алғанда шағын ауданда 4 орта мектеп құрылысы көзделсе, оның 2-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сай келеді. 280 орындық 6 балабақша, 750 келушіге арналған 3 емхана,  2 спорт алаңы, оңалту орталығы, мешіт, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, оқушылардың мектептен тыс даму орталығы, көгалдандыру аумағы қарастырылған,- деді Бақытжан Орынбеков.

Жоспарланып отырған жұмыстар барысында 38,55 гектарға сквер, саябақтар, демалыс аймақтарын салу көзделген. Түйте және Үшбұлақ каналдары бойын көгалдандыру, арнасын қайта қалпына келтіріп, жағалауын абаттандырып, серуендеу аймақтары ұйымдастырылмақ.

Сондай-ақ, кеңестің күн тәртібінде қаралған екінші аумақ – 14 шағын ауданының көлемі 125 гектар болып бекітілуде.

Қазіргі уақытта, шағын ауданның шекараларында мамандандырылған IT лицей-интернаты, облыстық онкологиялық аурухана, «Біз біргеміз» монументі орналасқан және облыстық оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде.

Мұнда жобамен 81 көпқабатты тұрғын үй (жалпы 4532 пәтер)  қарастырылған. Оның ішінде 64 танхаус үлгідегі үй, 25 үш қабатты көппәтерлі үй, 29 бес қабатты, 6 жеті қабатты, 5  тоғыз қабатты, 11 он қабатты, 5 он үш қабатты үйлер бар.

Аумақта білім, денсаулық сақтау, спорт нысандарынан бөлек, жалпы ауданы 15 мың шаршы метрден асатын сауда-ойын-сауық орталығы және 1200 орындық концерт залы қарастырылуда.

Басқосу барысында Асқаров көшесінің соңындағы 312 га аумақтың жобасы да талқыланды.

Облыс әкімі барлық жоспарлы жұмыстарда жаңашылдықпен қатар Тараз қаласының өзіндік тарихи болмысын да назардан шығармаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы аумақтардың барлық инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамтылуына, халыққа қызмет көрсету нысандарының қолжетімділігіне және қауіпсіздік шарлараның сақталуы ескерілуі керектігін ескертті.

– Біз тұрғындарды баспанамен ғана емес, олардың игілігіне қызмет ететін нысандармен де қамтып, қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасауға тиіспіз.

Облысымыздың айнасы саналатын – Тараз қаласындағы көптеген қордаланған мәселелерді шешуге күш салу керек. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 7 миллиардқа жуық қаржы қаралуда. Қоғамдық көліктерді жаңарту, ирригациялық және жылу жүйелерін реттеу секілді басқа да маңызды мәселелерге басымдық беріледі,- деді Нұржан Нұржігітов.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.