Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

0 235

2023 жылғы 15 қыркүйектегі № 7-6 ШЕШІМ

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы Заңына, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 қаулысына сәйкес Тараз қалалық мәслихаты ШЕШті:
1. Қоса беріліп отырған Тараз қаласы бойынша Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасы осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешімнің №2 қосымшасына сәйкес Тараз қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3.«Тараз қалалық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы шешімнің «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Жамбыл облысының Әділет департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;
2) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Тараз қалалық мәслихаты интернет-ресурста орналастыруын қамтамасыз етсін.
4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Тараз қалалық мәслихатының төрағасы К. Олжабай

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі
________ облысының/қаласының Әділет департаменті
Нормативтік құқықтық акті 21.09.2023
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік
тіркеудің тізіліміне № 5082-08 болып енгізілді


Тараз қалалық мәслихатының
2023 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 7-6 шешіміне 1-қосымша

Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі – Үлгілік Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылдың 30 маусымындағы №523 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Тараз қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
4) әлеуметтік көмек – ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – құны бойынша ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең бір адамға шаққандағы ең төменгі ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге де мерекелері;
9) уәкілетті мемлекеттік орган – «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін Тараз қаласы әкімінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;
11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Тараз қаласы әкімдігімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) мереке күндеріне ақшалай көрсетілетін көмек түсініледі.
4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
5. Азаматтардың мұқтаждар санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда 1 рет, жылына 1 рет) Тараз қаласы аумағында тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі:
6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің дүркінділігін Тараз қаласы әкімдігінің ұсынымы бойынша Тараз қалалық мәслихаты белгілейді.
7. Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бекітеді.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
8.Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.
Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:
1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;
2) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.
9. Атаулы күндер мен мереке күндеріне мезгілді әлеуметтік көмек жылына бір рет, келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне:
бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге жылына бір рет мөлшерінен кем емес;
9 мамыр – Жеңіс күніне:
– Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi, Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерге – 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтарға – 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарға – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– 1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға – 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар-ға – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары-на – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– 1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне – 50000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң,оның ішінде бейбіт кезінде қайтыс болған ардагерлердің отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
–1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– 2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге жылына бір рет мөлшерінен кем емес;
– 1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге жылына бір рет мөлшерінен кем емес;
– оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;
– Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;
– бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;
– Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде;
– 1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 150 000 ( бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
– Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар-ға – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес;
16 желтоқсан -Тәуелсіздік күніне:
– Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған адамдарға – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінен кем емес.
10. Әлеуметтік көмек жылына бір рет өтініштері бойынша:
– табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне нұқсан келтіруге байланысты әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы жиырма еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда, үш жүз айлық есептік көрсеткіштен көп емес арнайы комиссия қорытындысы негізінде.
– Әлеуметтік көмекке жүгіну табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап алты ай мерзімде жүргізіледі;
– әлеуметтік мәні бар қатерлі ісік ауруымен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы екі еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда, жылына бір рет жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
– бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебіндегі үш ай ішінде, табысы үш күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда, арнайы комиссияның анықтауымен он бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде;
– жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, санаторий – курорттық емделуге әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген деңгейінен аспаған жағдайда, қырық бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі;
– жоғары білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерінің оқу ақысын төлеу үшін, әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген, жан басына шаққандағы орташа табысы, өтініш жасалған тоқсанның алдындағы қала бойынша белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан аспайтын, отбасы құрамында студенттері бар аз қамтылған отбасылар, табыстарын есепке алмай жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінен кем емес.
Ай сайынғы әлеуметтік көмек көрсетіледі:
– туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы үш еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда ай сайын он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
– адамның вирустық иммун тапшылығын (АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың немесе АИТВ-мен ауыратын балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы үш еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда ай сайын отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
– мұқтаж адамдарға қалалық бағыттағы жолаушылар көлiгiнде жол жүруге төлем бойынша шығындарын өтеуге бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде ұсынылады:
– өтініш жасаған тоқсанның алдындағы Жамбыл облысы бойынша белгіленген тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің он еселенген мөлшерінен аспайтын орташа табысы бар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;
– басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
– 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға;
– өтініш жасаған тоқсанның алдындағы Жамбыл облысы бойынша белгіленген тоқсандағы үш күнкөріс деңгейінен аспайтын орташа табысы бар нашар көретін екінші топ мүгедектігі бар адамдарға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар балалар, мектеп-интернаттарда тәрбиеленетін және (немесе) оқитын мүгедектігі бар балалар, білім беру кезеңінде кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарында жатқан балаларға білім алу кезеңінде.
– жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің он еселенген мөлшерінен аспайтын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне байланыс қызметі (абоненттік төлем) мен табиғи газ төлемі шығындарын төлеуге бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Қағидаға сәйкес айқындалады.
12. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан ары – КММ) осы Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:
– дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
– әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;
– жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;
– жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;
– жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;
– бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
13. Осы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша осы Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Аумақтық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
16. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.
17. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
18. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
19. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы Үлгілік қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
20. «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
21. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.
22. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Тараз қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
23. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады. Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
24. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
25. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган «Е-собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі
________ облысының/қаласының Әділет департаменті
Нормативтік құқықтық акті 21.09.2023
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік
тіркеудің тізіліміне № 5082-08 болып енгізілді


Тараз қалалық мәслихатының
2023 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 7-6 шешіміне 2-қосымша

Тараз қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

1. «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №66-8 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде №150486 болып тіркелді);
2. «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №66-8 шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №4-4 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде №154965 болып тіркелді);
3. Тараз қалалық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №66-8 «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы» Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 20 сәуірдегі №14-3 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде №166909 болып тіркелді);
4. Тараз қалалық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №66-8 «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 16 қаңтардағы №22-2 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде №178186 болып тіркелді);
5. «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №66-8 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 4 мамырдағы №3-2 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде №180809 болып тіркелді).

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі
________ облысының/қаласының Әділет департаменті
Нормативтік құқықтық акті 21.09.2023
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік
тіркеудің тізіліміне № 5082-08 болып енгізілді

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.