Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тапсырма уақтылы орындалу керек

0 264

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көрме павильонында өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, халық алдында есеп берді. Аймақ басшысы жыл ішінде жасалған жұмыстармен қатар алда тұрған жоспарлы міндеттерді де айқындады.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген А. РЫСМАХАН

Облыс әкімінің есебі биыл ерекше форматта өтті. Мемлекеттік мекемелер мен басқарма, бөлім басшыларынан бөлек, есепке келген халықтың қарасы қалың болды. Сонымен қатар есепке өзге аудандар да тікелей байланысқа шықты. Алдымен Бердібек Машбекұлы баяндамасын өткен жылы өңір тізгінін ұстаған Асқар Мырзахметов пен жауапты сала мамандарының жемісті жұмысын жоғары бағалаумен бастады. Содан кейін облыс әкімі негізгі көрсеткіштерге тоқталды.

– Өткен жылы экономикалық өсім 105,5 пайызды құрады. Десе де, әлі де болса өңірдің өндірістік әлеуетін көтеру қажет. Сондай-ақ Жамбылдың жер қойнауын жіті тексеріп, қазба байлықтарға геологиялық зерттеулер жүргізуіміз керек. Бұдан бөлек, облысқа инвестиция тарту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Әулиеата өңірі аграрлық аймақ болғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласына басымдық бергеніміз абзал. Биыл егістік алқаптарын 705 мың гектарға, ал суармалы жер көлемін 8000 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Егістік алқаптарын майлы және бұршақты дақылдармен әртараптандырып, қант зауыттарының қуатты күшін арттыру үшін қызылша шаруашылығын мықтап қолға алуымыз керек. Ал өткен жылғы өлшем бойынша қант қызылшасына қатысты шаруалар арасында туындаған түйткілдерді зерделеп, толықтай шешетін боламыз. Саладағы тағы бір маңызды мәселе – игерусіз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Бұл бағытта биыл 70 мың гектар жерді егістік ретінде айналымға енгізсек деп отырмыз. Өткен аптадағы сауда орындарын аралауымда өңір шаруалары пияздан басқа өніммен өлкені қамтамасыз ете алмай отырғанына көзім жетті. Егер картоптың өзін Павлодардан әкелетін болсақ, бұл облыстың ауыл шаруашылығы саласына үлкен сын. Биыл аграрлық салаға 21 миллиард теңге субсидия берілетін болады. Сондықтан өңірдегі диқаншылар өз өнімімізбен аймақты қамтуы қажет. Бұдан бөлек, биыл механикалық жасақ та өз жұмысын жалғастырады. Сондай-ақ бес су қоймасының жұмысын реттеп, 5000 гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу көзделуде. Былтырғы жылы жанданған жамбылдықтардың тұрмысын жақсарту жобасының жұртшылыққа берері мол деп есептеймін. Алғашқы кезеңіне 7 миллиард теңгеден астам ақша бөлінді. Осы қаржыға 7886 өтінім беруші несиесіне қол жеткізсе, 194 бірлік техника сатып алынып қойылды. Енді алдымызда осы жобаны толықтай жүзеге асырып, тек облыста ғана емес, өзге өңірлерге де үлгі ретінде көрсету міндеті тұр, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы құрылыс саласында атқарылған және биыл жандануы тиіс жобаларды баян етті. Баяндамасында аймақ басшысы әлеуметтік сала, білім, денсаулық және спорт саласындағы жұмыстарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев баяндамасын күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша жауапты сала мамандарына жүктеген тапсырмаларымен түйіндеді.

– Биыл Еріктілер жылы екені белгілі. Алайда біз еріктілерді түрлі тазалық жұмыстарына жұмылдырып, тегін жұмыс күші ретінде пайдаланбауымыз керек. Олардың қызметін қоғам өміріне маңызды арналарға бұрғанымыз жөн. Сондай-ақ биылғы жылға өтпелі облыс орталығындағы мәдени және тарихи нысандардың құрылысы жалғасын табуы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, барлық аудандар мен ауылдарда интернет желісін жақсартуды жауапты мамандарға тапсырамын. Наурыз айында аталып өтетін мерекелерде мәдени шаралар облыс пен аудан орталықтарында ғана ұйымдастырылып қоймай, ауылдарда да өткізілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Ең бастысы – ұлттар мен ұлыстардың достығы, халықтың бірлігі мен елдің тыныштығы. Осыны ешкім естен шығармауы керек, – деді Б.Сапарбаев.

Бұдан кейін сұрақ-жауап кезеңіне кезек беріліп, тұрғындар облыс әкіміне өз ретімен сауалдарын қойды. Алғаш болып сөз алған Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны, облыстық «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүсіп Шахназар Жастар жылының жалғасы ретінде жарияланған Волонтер жылына қандай іс-шаралар жоспарланғанын, өткен жылы жасөспірімдерге қарсы бірқатар зорлық-зомбылық әрекеттер жасалып, жеткіншектердің қатысуымен орын алған қылмыстар өршігенін айта келе, осы бағытта нендей жұмыстар атқарылатынын сұрады. Сондай-ақ Тараз қаласының тұрғыны Ербол Есенқұлов «Жансая» ықшам ауданынан жұрт Жуалы ауданына, Түркістан облысына қатынау үшін Тәуке хан көшесінің бойында көлік тосуға мәжбүр екенін, сол маңнан такси тұрағы ашылуын өтінді. Бұл мәселе Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа тапсырылды.

Тұрғындардың бірқатары «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінен «Тектұрмас» этнотарихи кешеніне аспалы жол салына ма?», «Тараз қаласының қай жерінде құрылыс жұмыстары жүргізіледі?», «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабынан жаңа мектептің құрылысы қашан басталады?» деген сауалдарға жауап іздесе, ал енді бірі Тараз қаласының жастарын жұмыспен қамтитын өндіріс орны ашылса деген тілегін білдірді. Тағы бірі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағынан жас кәсіпкерлерге ойын алаңы үшін жер бөліп беруді өтінді. Өз кезегінде өңір басшысы бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолға алған жұмыстары жалғасын табатынын, Тараз қаласындағы құрылыс жұмыстары арнайы жасалған жоспар бойынша жүзеге асырылатынын, егер бала саны жаңа мектеп салуды қажет ететін болса, бұл мәселе қарастырылатынын, жастарды жұмыспен қамту арнайы тетіктер арқылы жүзеге асырылатынын айтты. Ал «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені көпшіліктің серуендеуіне арналған және түрлі бағыттағы жиындар өткізілетін аумақ болғандықтан, мәселе байыппен шешуді қажет ететінін ескертті. Өйткені қазірдің өзінде әлдебіреулер қала сәнін келтіріп тұрған жаңа дүниелерді қиратып кетіп жатқанын, ойын алаңында жалға берілетін велосипедтердің жаяу серуендеушілерге, көрікті дүниелерге зияны тимеу керектігі, десе де, бұл мәселе жөнінде арнайы ұсыныс дайындап жолданса, ол қаралатыны түсіндірілді. Жеке қабылдауға жазылғысы келген азаматтардың да өтініші мақұлданды.

Бұдан бөлек, тұрғындар тарапынан аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерін, төрағаларын ауыстырып, орнына жастарды тарту, есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларын күшейту, «Шөлдала» тұрғын алқабындағы ескі саяжайларға атау берілсе, қоғамдық көліктер мектеп маңымен өтсе деген өтініш-тілектерін жеткізіп, оларға нақты жауаптар берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.