Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тапқан ана ма, баққан ана ма?

0 843

Дүниеде ананың алақанынан жұмсақ, мейірімінен ыстық, құшағынан жылыны таппайтыныңыз анық. Алайда сол ана деген аяулы адамның да аялы алақаны темірдей қатып, мейірімі тастай суып, Алланың құдіретімен құрсағына сыйғаны құшағына сыймай жататын кездер де кездеседі. Бұдан өткен өкініш бар ма десеңізші?!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ғалымдар баланың анаға деген махаббат құдіретінің қалай, қай уақытта, неден оянатынын білу мақсатында маймылдарды тәжірибеден өткізіпті. Осы ниетті іске асыру үшін екі ана маймылды қолдан жасап шығарып, бірінің денесін жылы етіпті де, екіншісінің денесі суық болса да, омырауынан сүт ағып тұратын ойыншық ойлап тауыпты. Сонда дүние есігін жаңа ашқан бала маймылдар омырауы иіп тұрған ананы айналып өтіп, бойында қорегі жоқ, есесіне құшағы жылы ана маймылға барған екен… Бұл нені білдіреді? Жылылыққа ғана бас ию керектігін, әрине! Әйтпесе, тасқа желіндеп, мұзға туған анадан не үміт, не қайыр?!

Туыстарымның баласы болмады. Емделгенінен еш нәтиже шықпады. Бір күні құрсағына бала бітпеген отанасы есігінің алдында жылап отырған қызды көріп, маңдайын сүйеп, не жағдай болғанын сұрап, ас-суын береді. Қыз студент екен. Аяғы ауыр. Алайда жігітіне де айтқысы жоқ, оң босағада отырып босануды да жөн көрмей дал болып отырғанын жеткізеді. Ол өзі діттеген арман-мақсатына жету жолында жүргенін, қызмет еткісі келетінін, ал бала оған тек қолбайлау болатынын да жасырмайды. Бала аңсап жүрген ерлі-зайыпты жас қызды сәбиді туып, өздеріне тастап кетуге үгіттейді. Екі жақ көп ойланбай-ақ оңай шешімге келіп, қыз осы отбасының үйіне көшіп келіп, босанғанша жасырын ғұмыр кешеді. Ай-күні жетіп, еш қиындықсыз балпанақтай ұл бала туған күні-ақ: «Ал балаларыңыздың бауы берік болсын! Ешқашан іздемеймін» – деп кете барады. Жиырма жыл бойы сәби иісін аңсап келген ерлі-зайыптының әп-сәтте жұпыны үйін жарық етіп, шаңырағын шаттыққа бөлеген жұдырықтай ұл балаға Бақыт деп есім береді.

Арада он бес көктем, он бес күз өткен шақта қымбат көліктен түскен әйел Бақытқа анасы екенін айтып, егіле жылап, қос-қос үйдің кілттерін көрсетіп, сондай-ақ сансыз көліктерінің егесі болатынын жеткізіп, айналып-толғанып іздеп келеді. Сонда тар лашықта күнелтсе де, баққан ата-анасының мейіріміне бөленіп өскен ұл: «Тапқан ана емес, баққан ана! Сіз мені сатып ала алмайсыз! Міне, менің нағыз ата-анам» – деп тапқан шешесіне қайырылмай, баққан анасының құшағынан айырылмай қояды. Бақыт өзінің кішкентай жүрегімен ыстық ықылас пен ізгі ниетті адам ғана нағыз ана бола алатынын дәлелдеген еді.

Осы тұста бір байқағаным, кейде аналық сезім бірден оянбайды. Мәселен, өзім жайлы айтар болсам, кесір тілігімен тұңғыш қызымды дүниеге алып келгенде, әлдебір алпауыт сезімді басымнан кешірдім. Алғаш ота үстелінде сәбиді көрсеткенде үсті-басы түк, шашы желкесін жауып, беті әжімге толы шала туған сәбиден теріс айналыппын. Сонда дәрігердің жан дауысы шығып: «Тезірек аналық сезімін оят» – деп медбикеге бұйырғанын естідім. Медбике де лезде үлгермесе әлденеден құр қалардай асығып-үсігіп саусақтарымен бетімді бүріп жіберді де, жаңа туған сәбиге жүзбе-жүз қаратып қойып: «Қарашы, қандай сұлу қыз! Қарашы, қандай әдемі бөбек!» – деп қайталап жатты. Сол сәт тарс жұмып алған көзімді ашып, бөбектің бетін, көзін, жүзін анық көрдім. Тұла бойым шымырлап, бұл менің ғана балам екенін, құрсағымнан шыққан сәби екенін мойындағаным сол, жылы леп бойымды шарпып өтті де: «Қызым менің!» – деп бас салып құшақтай алдым. Дәрігер енді баяу ғана: «Болды, болды! Аналық сезімі оянды, сәбиді алып кетіңдер» – деді. Мен болсам шыр-шыр етіп, жүзімді тарам-тарам жас жуып: «Жоқ, алып кетпеңдер! Бермеймін! Қызым, кешір мені! Қызым, мен сені жақсы көремін» – деп егіле жыладым. Иә, мен саналы түрде мұндай жағдай боларын білмедім. Дұрыс емес екенін де түсінемін. Бірақ дәл сол сәтте бойымды үрей билеп, тұңғыш ана атанғанымды мойындай алмадым ба, әлде неден жерінгенімді де білмеймін. Әйтеуір тоңым жібімеді. Шаранаға жылы шырай таныта алмадым. Бірақ бұл баламнан бас тартқым келді деген сөз емес. Әрине, мұндай қателікке бармасым анық та. Есесіне сол перзентханада жатып, көп ессіздіктің куәсі болдым. Алғаш босанған түнім еді. Ала таңнан шырылдап жылаған бөбек үні түн ауса да толастамады. Отадан кейін отырып-тұруым қиынға соғып жатса да, белімді көрпенің тысымен байлап алып, палатадан шықтым. «Сәби неге жылайды, анасы қайда?» деген ой маза бермеді. Ұзын-сонар дәліз ұшы-қиыры жоқ даладай кең. Түн іргесінде естілген іңгә жаққа аяңдап келемін. Төбеден төнген әлсіз сәуленің жарығымен төсекте жатқан сәбилерді жақындағанда барып анық байқадым, олар екеу екен. 16 жасар жас қыз егіз ұл мен қызды босанып кете барған. Ал дәрігерлердің айтуынша, бала қолға үйренбеуі тиіс. Себебі олар енді ана махаббатынсыз, қамқорлығынсыз ғұмыр кешпек. Енді олар безбүйрек ананың қатыгез қоғамға үйреткен сабағынан дәріс алады. Өздерінің тастанды екенін, оларды ешкім аймалауға, көтеруге міндетті емес екенін осылай түсінуі тиіс көрінеді. Алайда бұл егіз сәбиді де баласыз отбасы құшағына басты. Бүгінде он жастан асқан қос бөбекке ата-анасы асырап алғандықтарын ашық айтыпты. Алайда екі бала жердің бетінде оларды тапқан ананың бар екендігін білгісі де келмейтінін жеткізіпті.

Бірде балалар үйінде тәрбиеленуші қыздан смс-хат алдым. Ол өз хатында анасын сағынғанын айтып, оны табуға көмектесуімді сұрапты. Мен «Қарекет» хабарына қоңырау шалып, 16 жасар қыздың анасын тауып беруін өтіндім. Бұл өтініш жауапсыз қалмады. Анасын іздеген қыз жайлы хабар қолға алынып, түсірілім барысында жас қызға «Анаңды көргің келудегі басты себебің не?» деген сұрақ қойылды. Сонда ол: «Жай ғана құшақтағым келеді» – деп жауап берген еді елжіреп. Сол сәт тілшілердің атсалысуымен табылған қыз анасы хабар барысында ішке еніп, құрсағын жарып шыққан қызы анасының алдынан ботадай боздап шыққанда, селсоқ қана бас изеген әйел журналистердің жағасынан алып: «16 жыл бұрын тастап кеткенмін. Мен қалай асыраймын бұл қызды?» – деп дүрсе қоя бергенінің куәсі болдық. Соңыра бәрін ұққан қыз: «Мен анамды құшақтағым келіп еді. Менің анам ол менің тәрбиешілерім екен. Ал туған анам енді мен үшін жоқ» – деді…

Менің шешемді баласыз туыстары бауырына басқан. Кейін баққан анасы өмірден озғанда, небәрі 12 жасар анам шешесіне ешкімді жолатпай табандап тұрып алыпты. Молданың үйретуімен анасының сүйегін өзі жуып, мейрам суын да өз қолымен берген. Өз әке-шешесінің кім екенін біле тұра, маңдайын өптірмей, құшағына енбей, баққан анасын ғана аңсап, сағынып ғұмыр кешуде.

Иә, тоғыз ай, он күн көтеріп тапқан ана емес, мұздай бесік таянып, сәбиімен бірге оянып, мейіріміне қандырып, баққан ана ғана нағыз ана екенін мойындайсың.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.