Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тамды ауылындағы жағдай тұрақталды ма?

0 452

Жамбыл облысы, Талас ауданында Сібір жарасына байланысты бүтін бір ауыл карантинге жабылды. Тамды ауылына 15 күндік шектеу шаралары қойылып, елді мекенге төрт түлікті кіргізіп, шығару және ет пен сүт өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынып отыр.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, індет мүйізді ірі қараны сою кезінде жұғып, үш үйдің 35 мүшесі бақылауға алынған.
Ауру жұқтырған 50, 55 және 59 жастағы азаматтар аудандық ауруханаға жатқызылып, ем-домын қабылдап шықты. Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тұрғындарға вирус ветеринарлық рұқсатсыз малды сойғаннан жұқты деп отыр.
– Негізі, науқастар мүйізді ірі қараны ветеринарлық рұқсатсыз сойғаны анықталып отыр. Тағы бір жағдайда инфекция көзі анықталу үстінде. Бұл жағдайға байланысты тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Жамбыл облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова.
Эпидемиолог мамандар сойылған сиыр етін өлексе өртейтін арнайы пеште жойған. Сондай-ақ мал сойылған аула толықтай залалсыздандырылған. Ауру ошаға анықталған үйлерден 21 сынама алынып, елді мекен ішінде төрт түлікті еркін алып жүруге шектеу қойылып отыр. Десе де, мамандар үрейленуге еш негіз жоқ екенін алға тартады.
– Тамды ауылының тұрғындары бұқа сүзген сиырды сойған. Ауру соның етінен жұққан. Бұл – бір ауылдың ішінде ғана болып отырған жағдай. Сондықтан даурығатындай еш нәрсе жоқ. Тек тиісті сақтық, алдын алу шараларын жасап жатырмыз.
Жамбыл облысында 100 жылдан бері келе жатқан Сібір жарасының 189 ошағы бар. Олардың барлығы біздің бақылауымызда. Жылына 2 рет сына-ма алынып, тексерістен өткізіледі, – дейді Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.
Әрине, барлығы мамандар айтқандай бақылауда болса құба-құп. Алайда бүтін бір ауылдың карантинге жабылғаны ойландырмай қоймайды. Осы ретте Тамды ауылының тұрғындарына хабарласып, елді мекендегі жағдайды сұраған едік.
– Жағдай жалпы қалыпты. Тұрғындардың қозғалысына еш кедергі келтіріліп жатқан жоқ. Дүкенге барып, сауда-саттық жасауымызда да еш қиындықтар туындамауда. Әрине, «індет анықталды» деген кезде қорыққанымыз рас. Алайда қазір бәрі тұрақталып келе-ді, – дейді Жансая есімді ауыл тұрғыны.
Негізі, ел ішінде «індет жұқтырған отбасы өлген малды сойып алған» деген де ақпар тараған. Алайда эпидемиолог мамандар бұны жоққа шығарып отыр.
– Сиырды бұқа сүзгенде ауыр жарақат алғаны рас. Алайда мал арам өлмеген. Соның алдын алу үшін отбасы мүйізді ірі қараны тез сойып алған. Малды сойғаннан кейін үй иесінің қолына жара пайда болған. Міне, осы жараны тексерген кезде «Сібір жарасы» деген қауіп туған. Сынама алған кезде бұқаның ауырмағаны белгілі болды. Ауру сиыр етінен жұғып отыр. Абырой болғанда етті бөліп алған көршілері оны тағамға пайдаланып үлгермеген. Мамандарымыз барлық етті жинап, көзін жойды. Әзірге ауылды 15 күндік карантинге жауып отырмыз. Барлық сынамалардың қорытындысы шыққаннан кейін карантинге байланысты шешім шығаратын боламыз. Егер қосымша тексерістер қажет болса, карантин уақытын созуымыз мүмкін, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.
Әрине, барлығы оңды шешіліп, ауыл тұрғындарына қауіп төнбесе абырой. Әзірге мамандар ауылдағы төрт түліктен сынама алуда. Ал ауру малдың етімен үш отбасының мүшесі ғана байланысқа түскендіктен, өзге тұрғындар тексерістен өткізіліп жатқан жоқ. Десе де, олардың жағдайын медицина мамандары күнделікті бақылауға алып отыр.
Әлемдік пандемиядан кейін көпшілік «карантин» деген сөзден шошып қалғаны жасырын емес. Сондықтан Тамды ауылындағы карантиндік шектеу шаралары көп ұзамай алынады деп сенеміз. Ең бастысы, індет дендемей, дер кезінде басылғаны абзал.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.