Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тамақ та, көлік те бермейтін»: 15 жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеген полиция ардагері қызметіндегі қиындықтары жайлы айтып берді

0 197

Болат Молдабеков – Ішкі істер саласында 15 жыл жұмыс істеген полиция ардагері. Қазіргі таңда алған тәжірибесін бөлісу үшін Жетісу университетінде сабақ береді. Бұрынғы полиция қызметкері Stan.kz тілшісіне ашқан  қылмыстары, ішкі істер құрылымында жұмыс істеудің қиындықтары мен тәртіп сақшына қойылатын талаптар жайлы айтып берді. 

– Болат аға, ішкі істер саласындағы еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз? 

– Оқу бітіргеннен кейін аудандық партия комитетінде нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің хатшысы болдым. 1986 жылы Талдықорған облысы партия комитеті бюросының шешімімен Мәскеу қаласына КСРО-ның ішкі істер академиясына оқуға түстім. 1988 жылы бітіріп келгеннен кейін бұрынғы Талдықорған облысы ішкі істер басқармасының қоғамдық тәртіпті басқару бөліміне басшы болдым. 1991 жылы Талдықорған облыстық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқардым. 1995 жылы Қазақстанда мемлекеттік тергеу комитеті құрылды. Сол жылы Талдықорған облыстық тергеу комитеті басшысының орынбасары болдым. 1997 жылы тергеу комитеті тарағаннан кейін отставкаға кеттім. Бұдан кейін Алматы облыстық Отан жүргізушілер дайындайтын орталықта бастықтың орынбасары қызметін атқардым. 2003 жылдан бастап Жетісу университетінде экономика және заң факультетінде сабақ беремін.

1991 жылы Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары сол кездегі Талдықорған облысында ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып жүргенмін. Барлық тарихи сәт есімде. КСРО тарап, Тәуелсіздік алғанымыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш президент болғаны көпке дейін есімізде сақталатыны анық. Өз билігіміз өзімізге тиді деп бөрікті аспанға атып, қуанғанымыз есімде.

– Ішкі істер саласынан біржола кеткіңіз келген сәттер болды ма?

– Жоқ, жұмыс істеп жүргенде мүлдем ондай ойымызда болмады. Негізінде ғылыммен шұғылданғым келген. Бірақ оған мұршам келмеді деп айтсам болады. Полицияның жұмысы оңай емес, алған біліміңді тәжірибе жүзінде көрсету керек. Ойымызда сол ғана болды. Полицияның жұмыс бір ғана режимнен тұрмайды. Таңның атысы, күннің батысы демей қылмыс болған жерге баратынбыз. Оның бас-қасында жүресің, зерттейсің. Адамның еті үйреніп кетеді екен. Тәуелсіздік алған жылдары қылмыс көп болды, алғашқы екі-үш жыл бізге қиынға тиді. Қылмыс саны артты, жарық жоқ болды. Кей тұста жалақымызды ала алмадық. Тіпті, қылмыс жасалған орынға әркім шамасына қарай жаяу баратын. 90-жылдары бізде қылмыстың жаңа түрлері пайда болды. Тапсырыспен адам өлтіру, қарақшылық көбейді. Сол уақытта жағдайдың қиындығына қарамастан полиция қызметкерлер қаншама қылмысты ашып жүрді. Кейде өзім соған таңғаламын. Бір жағы жұмысымыз өзімізге қызық. Бір жағынан өте ауыр әрі жауапты қызмет. Жалпы адамдар полицияны сынға алғанды жақсы көреді. Бірақ тәртіп сақшысы болып көрмеген соң жұмысымызды көбі түсіне бермейді. Тіпті, көшедегі бағдаршам сөніп қалса қаншама тәртіпсіздік орнайтынын ескермейді. Сондықтан, менің ойымша, қоғамдағы тәртіпсіздіктермен тек полиция ғана емес, бүкіл қоғам болып күресу керек.

Сондай-ақ КСРО тарағаннан кейін әркім тарихи отанына кетті. Сол себепті кадр мәселесі қиыншылық туғызды. Кей жерлерге адам жетіспеді. Қазір жағдаймен сол кезді салыстыратын болсақ, арасы жер мен көктей. Бүгінгі таңда қолда не керектің барлығы бар. Бейнебақылау камералары, техника жаңарған. Ол кезде ескі фотоаппараттармен суретке түсіретінбіз, басқа қолымызда ешнәрсе болмады. Сол кездегі жігіттер жағдайға қарамастан қылмыспен күресіп, небір қиыншылыққа шыдай білді. Бізді кейінгі ұрпаққа соны айтып отырамыз. Сол кездегі қызметкерлерімізге, ерлік көрсеткен сақшыларымызға, ардагерлерімізге  әрқашан басымды иіп, алғысымды айтамын. Ардагер ретінде әрқашан дүниеден өткен полиция қаһармандарының ерлігін студенттер мен оқушыларға жеткізіп, үлгі етіп отырамыз.

– Жұмыс тәжірибеңізде кезіккен оқиғалар туралы айтып берсеңіз. Өмірге қауіп төнген сәттер болды ма? 

– Бір рет тірек пунктінде отырғанымызда телефонға қоңырау түсті. Бөлімшелік полиция қызметкерлері шығып кеткен. Ол кезде мен қоғамдық тәртіпті сақтау бөлімінің бастығы болып қызмет етемін. Полиция шақырған әйел “Көмектесіңіздер! Мені өлтірейін деп жатыр” деп айқайлағаннан кейін жүгіріп бардық. Үй біз орналасқан жердің жанында екен. Шопырымыз екеуміз кіріп барғанда әйел “Байқаңыздар, оның қолында қаруы бар” деп тағы да айқай салды. Есікті аштық та, қабырғаға тұра қалдық. Қылмыскер бізге балтаны лақтырып жіберді. Лақтырған кезде тура есікке барып қадалды. Мен алдында келе жатқанмын, сәл болмағанда маңдайыма барып тиер еді. Полиция қызметкерлері болғаннан кейін осындай сәттер кездеседі. Полицейлердің арасында көптеген ерлік жасаған азаматтар жетерлік. Бірнеше рет өлім аузынан қалғандар бар.

Қызметті істеп бастағанымызда көптеген қиындықтарға тап болдық. Әсіресе, алғашқы жылдары қылмыс көбейді. Бізде жалғыз тергеу изоляторы бар болған. Сол жаққа жан-жақтан қылмыскерлерді қамайтынбыз. Өзіміз қолдан электромотор қойдық. Кейде тамақ та жоқ. Кейде жарық болмай қалатын. Сол кезде тәртіпті сақтау, олардың тыныштығын күзету, тергеу жүргізу шаралары өте қиын болды.

– Қазір полицейлер қаншалықты халық сеніміне ие деп ойлайсыз?

– Полицейдің қызметі жоғарыда айтып кеткенімдей қиын. Күні-түні жүреді, үй көрмей кетеді. Ол да адам баласы, оның да демалғысы келеді, жанұясы бар дегендей. Бұрынғы кезде жалақы аз болды. Кейін жалақы көтерілді. Менің ойымша, полиция халыққа ең жақын қызметкер. Өйткені біз халық үшін қызмет істейміз, еліміздің тыныштығын ойлаймыз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мен ар-ождан бостандығын қамтамасыз етеміз. Түрлі жағдайдан қорғап, құтқарудың амалын жасап жүрміз. Бірақ кейінгі ұрпақтың алдында біз жасайтын жұмыс көп. Халықтың сенімінен шықпауымыз керек. Алайда технология, экономика өрлеген сайын қылмыстың да неше түрі пайда болды. Сол себепті өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқара білуіміз қажет.

– Қазіргі Қазақстанның ішкі істер құрылымына көңіліңіз тола ма? Қандай да бір өзгерістер қажет деп санайсыз ба?

– Менің ойымша, полицейлер өз деңгейінде қызмет етіп жатыр. Техника бар, отыратын орындары бар. Халыққа жақын болу үшін үш-төрт ауылды қарайтын бір полицейге көмекші беріп отыр.Қазір шама келгенше халыққа жақын болу үшін осындай реформалар жүргізіп жатыр. Тірек пунктерінің өзін халық көп жиналатын орындарға қойып жатыр. Осының өзі халыққа бір табан  жақындағандықты білдіріп тұр.

Соған қарамастан әлі де шешілуі керек мәселелер бар. Мысалы, шетелдік полицейлердің құқықтары заңмен қорғалған. Ал бізде кейде полиция қызметкерлеріне дөрекілік көрсетіліп жатады. Полицияның шұғылданбайтын саласы, араласпайтын жері жоқ. Сол себепті заң жүзінде полицейлердің құқығы қорғалуы керек деп санаймын. Сондай-ақ жалақыларын көтеру мәселесі мен әскерилер секілді үймен қамтамасыз ету мәселесі дұрыс жолға қойылса, жақсы болар еді.

Сонымен қатар полиция ардагерлерінің бір мәселесі бар. Мысалы, прокуратура органында және Қарулы күштерде жұмыс істейтін қызметкерлерге зейнетке шыққанда әскери атағы үшін қосымша төлем қосылады. Бірақ Ішкі істер қызметкерлері бұл тізімде жоқ. Полиция органында жұмыс істейтіндерге де отставкаға шыққаннан кейін осы төлемді қосып беруді талап етіп жүрміз. Өз арамызда осы мәселе көтеріліп жатыр. Болашақта шешіледі деген ойдамын.

– Полицейлердің күдіктілерді соққыға жығу жағдайлары кездесіп жатады. Бұл туралы не айта аласыз?

– Бұл, әрине, дұрыс емес жағдай. Бүкіл полиция қызметкерлерінің атына кір келтіру деп ойлаймын. Ондай қызметкерлерді қатаң жазалау керек. Өйткені қандай жағдай, қандай адам болмасын біз оның ар-ожданына, намысына тимеуіміз керек. Полиция қызметкерлерінің күдіктіге қол жұмсауы өте дұрыс емес. Өз басым бұндайды қолдамаймын.

– Жемқор деген сөзді полицейлермен де байланыстырып жатады. Бұл туралы ойыңыз қандай?

– Полицияға, әсіресе, жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапына неше түрлі сөздер айтылады. Қазір камералар іске қосылды. Ауылдық жерлерде қиыншылық тудыруы мүмкін. Жемқорлық фактілері бірен-саран болуы мүмкін. Бұндай жағдайдың алдын алу үшін ішкі істер қызметкерлерінің жалақыларын көтеру керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда полиция органдарына жұмысқа қабылдау үшін міндеттерді күшейтіп жатыр. Конкурстық негізде қандай адамды қызметке алып жатқаны тексеріліп жүр. Сондай-ақ басшылық жағынан қатаң бақылау жүргізіледі. Бұнымен қоса осындай мәселелерді тексеретін арнайы органдар бар. Бәрі қатаң бақылауда. Сол себепті мұндай жағдайлар азайды деп ойлаймын. Жалпылай алғанда, қылмыспен, жемқорлықпен халық болып қылмыспен күресуіміз керек. Бәрін полицияға жүктеп қоюға болмайды.

– Қазақстандық полицей қандай болуы керек? Полицей болғысы келетін жастарға не ақыл айтасыз?

– Бірінші – әрбір жас білімді болуы керек. Екіншіден – өз ісіне адал болуы қажет. Дене бітімі шыныққан болуы тиіс. Өз ісіне беріліп, таңдаған мамандығын сүюі қажет. Полиция органдарында қызмет істеймін дегендерге шектеу жоқ. Сертификат алып, жақсы оқыса болды. Ең бастысы – оқу орнында жүріп, дене бітімін дайындаса дұрыс болады. Менің де көптеген студенттерім “Жас Қыран” полиция жасағында қызмет атқарып жүр. Мен секілді оықтушылар Талдықорған ішкі істер басқармасына осылай көмектесеміз. Кез келген уақытта полиция боламын дегендерге көмегімізді тигіземіз. Полиция саласында қызмет етемін деушілерге мүмкіндік жетеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.