Қалалық қоғамдық-саяси газет

«TALQYLAU»-да жастар мәселесі талқыланды

0 773

«Жастар және жұмыссыздық» тақырыбында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңының алғашқы отырысы өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Ж.Баласағұн музейінде өткен келелі шараға өңірдегі азаматтық қоғам белсенділері мен тиісті басқарма басшылары қатысты.

Айта кетерлігі, «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы республикада алғаш рет қолға алынса, өңірлер арасында Жамбыл облысында ең бірінші болып өткізіп отыр. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді, халықтың проблемаларын қозғап, оның шешілуіне ықпал етуді мақсат еткен жиында қоғам белсенділері ойларын ашық айтып, шешілу жолдарын қарастырды. Шараны облыстық «Jambyl TV» телеарнасының шеф-редакторы Жалғас Қошқарбай жүргізіп, қоғамның басты қозғаушы күші саналатын жастардың мәселесіне тұздық ретінде ойын ортаға салып отырды. Басқосуда алғаш болып сөз тізгіндеген «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов жиынның мақсаты пиар жасап, ат шығару емес өзекті мәселелердің шешу шешу жолдарын қарастыру екенін баса айтты. Сондай-ақ ол «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы жұмыссыз жастардың мәселесін мүмкіндігінше шешуді, оларды қоғаммен байланыстырып, қоғамдық және тұрақты жұмысқа тартуға бағытталғанын сөз етті. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз аймақтық университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов жастардың жұмыссыздығына тоқталып, оның шешімі білім алу мен бәсекеге қабылетті болуында екенін жеткізді. Сонымен қатар блогер, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан өңірдегі зейнет жасына жетсе де жұмыстан қол үзбейтін азаматтардың қылығын қатаң сынға алды.
Өңірдегі қоғам белсенділерінің ойы мен пікірі бір арнада тоғысқан келелі кездесуде жастар мәселелерінің шешілу жолдары да жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, олардың бәсекелестікке қабілеттілігі мен мамандық таңдаудағы немқұрайлылығы айтылды. Сондай-ақ оларға қатысты идеологиялық жұмыстардың кемшін тұстар сараланып, аға буынның жауапсыздығы олардың тәрбиесіне кері әсер етіп жатқаны сөз болды. Сол секілді олардың сапалы білім алуы мен тұрақты жұмысқа орналасудағы кедергілер әңгіме өзегіне айналды. Ол бойынша жауапты мекемелерге ұсыныстар жасалатын болады.
Сонымен қатар қоғамдық диалог алаңының отырысы партия облыстық филиалының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы таратылды. Желі қолданушылары тақырып аясында отырыс қатысушыларына сұрақтарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.