Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек», – деп атап өткен болатын.
Бұл ретте «Келешек мектебі» оқушыларының нанотехнология, VR технология, биотехнология салаларында жүргізген зерттеулері алғашқы нәтижелерін беруде. Айталық, Тараз қаласы №66 мектебінің 7-сынып оқушысы Інжу Дәулет өсірген 3 мың талды Қала күніне орай сыйға тартты.
Інжудің «Қара ағаш қолтұқымымен гидрокарбонизациялау» зерттеу жұмысы «Bio Spectra» жобасында жалғасын тауып, 3 мың қарағаш өсірілді. Талапты жас алғашында биология кабинеті зертханасында егілген талдарды жазғы демалысында тынбай жылыжайға отырғызып, оның күтімімен айналысты. Осылайша ол жоба жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Айнұр Бегманқызының берген нұсқауы бойынша қаланың көгалдануына атсалысып отыр.
Нәтижесінде Інжу мереке қарсаңында 100 түп ағашты мектеп ауласына отырғызып, қалған 2 900 көшетті Тараз қаласын көгалдандыру мақсатында қала әкімдігіне сыйға тартты. Мектеп ұжымы бұл бастаманы өзге оқушыларға үлгі боларлық іс деп санайды.
Жасыл қала – жасампаз ұлттың белгісі. Тараз – көктемінде жыр, күзінде сыр тұнған қала. Ел ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың жүрегінде табиғат болса, болашағымыз баянды болмақ.
Жас зерттеушінің ғылымға жасаған алғашқы қадамына қолдау білдіру мақсатында қала әкімінің кеңесшісі Медет Нұрділлаұлы шаһар басшысының Алғыс хатын Інжуге арнайы тапсырды.
Ерсұлтан НУСИПЖАНОВ,
№ 66 орта мектеп директорының орынбасары.
Тараз қаласы