Қалалық қоғамдық-саяси газет

Талантты және дарынды балалармен жұмыс жүйесі – ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту факторы

0 439

Өмірге келген әрбір пенде өзімен түрлі талант, белгілі бір деңгейде дарын, кемінде қадақ қабілет ала келеді. Уақыт өте келе әлгі талант пен дарынды адамның өзі, көбіне айналасы байқайды.

«Алмас қылыш қын түбінде жатпайтыны» секілді, туа біткен талант та тесіп шықпай қоймайды. Тек талант біреуге батпандап, біреуге мысқалдап қана бұйырған. Бірақ мәселе оның кімде көп, кімде азы, кімде қандай талант барында емес. Бойға біткен қабілетін толық ашуға әркімнің шамасы жете бермейді. Бірі құлықсыздықтың құрбаны болса, бірі тау таланттың парқын білмейді. Осындайда М. Шахановтың «Арман» атты шығармасы еріксіз еске түседі. Қос дарын Дойыл мен Әбудің оқиғасы ой салады. Құлын-тайдай тебісіп өскен қос ұлдың бірі табиғат берген талантын толық ашып, дарынымен дараланып, адамзаттың игілігі мен ізгілік жолында еңбек етсе, екіншісі талантына тоғышарлық танытып, қара басы мен қарынның қамын күйттеуден әрі аса алмайды. Сол Дойыл мен Әбулер арамызда жетерлік. Ал біздің басты мақсатымыз – бала бойындағы талантты жарыққа шығару.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың талантты, дарынды балалармен жұмысты ерекше назарға алып, өзінің жыл сайынғы Жолдауында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп отыр. Дарынды жастарды іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керегін, оларға конкурстан тыс гранттар берілетінін, тіпті бір реттік қаржылай сыйақы төленетінін де айтты. Өткен оқу жылында халықаралық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жоба жеңімпаздары 28 жеңімпазы сыйақы алып, зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 10 жеңімпазы мен жүлдегері алғаш рет жоғары оқу орындарында оқу үшін грантқа ие болды. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықтың көрінісі.
«Ұстаздан сабақ алсаңыз, алуан шекер, балмен тең»,- деп Шал ақын айтқандай, мектеп қабырғасынан-ақ әр баланың талантын шыңдауда ұстаздар телегей тер төгіп, талантын танытуға бар мүмкіндікті қарастырады. Шәкірт жанына білім мен ғылымның шамын жағу үшін аянбай еңбек етеді.
Өткен жылы да дарынды балалармен жүргізілген жұмыс жемісті болды.
Пән олимпиадасы мен ғылыми жоба жарысында Тараз қаласының оқушылары облыстық деңгейде 190 орын, Республикада – 52 орын, халықаралық деңгейде – 6 жүлделі орындарды иеленді.
Республикалық «Бастау» математикалық турнирінде №5,40 мектеп-гимназия оқушылары командалық есепте ІІІ орынды иеленді. Бұл әрине ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегімен келген жеңіс.
Оқу жылын 2702 мектеп бітірушінің 83-і Алтын белгіге, 103-і үздік аттестатқа бітірді. Түлектердің 2167-сі (80,1%) Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Қорытындысы бойынша Республика көлемінде «Үздік 100 мектеп» қатарына №45 гимназия енді.
Мұның барлығы ұстаздардың күш-жігері мен балалармен жүргізілген тиімді жұмыстың нәтижесі. Кездейсоқ жеңіс болмайды. Тынымсыз еңбек пен ісіңе деген адалдық қана мақсатқа жеткізбек.
Ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту үшін өскелең ұрпақты ұшпаққа шығару керек. Жаһандану дәуірінде еліміздің әр баласында әлемнің озық елдеріндегі өз қатарластарымен бәсекелесе алуы үшін мүмкіндіктер тең болуы шарт, кем болмауы керек. Ең керегі – қолжетімді технология мен қолдау. Дарынды жастар, оларды баптап, дайындайтын білікті ұстаздар.
Қала мұғалімдері 3 халықаралық, 13 республикалық, 33 облыстық конкурстарда және 2500 қашықтық байқауларда жүлделі орындарды иеленді.
Математиктердің ҮІІІ халықаралық шығармашылық байқауында №49 мектеп-гимназиясының мұғалімі Мұратбаев Айбек, №45 гимназиясының мұғалімі Кеңесов Бауыржан, №5 мектеп-гимназиясының мұғалімі Убишов Думан жүлделі болды.
«Үздік педагог-2022» атағына №49 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Мұратбеков Айбек ие болды.
Республика деңгейінде өткен «Үздік авторлық бағдарлама», «Дарынды балаға талантты ұстаз», «Жаңа мектепке жаңашыл ұстаз», «Алтын тұғыр» байқауларында №№1,5,45 гимназия мұғалімдері жоғары нәтиже көрсетіп, І,ІІ,ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Халқымыз үшін білім мен тәрбиенің орны қашан да бөлек. Білімді болу үшін – оқу, күшті болу үшін – бірлік керек. Алдымызға қойып отырған мақсатқа жетуге бар күшімізді аянбай жұмсауға дайынбыз.

Р .Қожамжарова,
«Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Тараз қаласы
білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.