Қалалық қоғамдық-саяси газет

Талайды таң қалдырған «Тараз-Арена»

0 353

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осы уақыт аралығында дамудың даңғыл жолындағы еліміз сан салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Ел мерейін үстем етуді мақсат еткен спортшылар әлемдік аренада атой салды.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Рас, өңірде де спорт саласын дамыту бағытында қомақты жұмыстар атқарылды. Соның бірі ретінде 2013 жылы ашылып, бүгінде үздік спортшылардың шеберханасына айналған «Тараз-Арена» спорт сарайын айтсақ болады.

Өткен аптада «Тараз-Арена» спорт сарайының тыныс-тіршілігімен танысып, алдағы жоспарлы жұмыстарының бағытын толығырақ білу үшін мекеме басшысы Нұрлан Саурықовпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Алыстан менмұндалап тұратын кешеннің сыртқы көрінісі самұрық құсқа ұқсайды. Соған қарап 2011 жылы құрылысы басталған нысанға шебер құрылысшылардың тартылғанын бірден аңғардық. Жалпы ауданы 7,7 гектарды алып жатқан орынның келешекте басқа да ірі спорт алаңдарын салуға орайластырылғаны көрініп-ақ тұр. Төрт қабаттан тұратын кешеннің жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болса, соның 17 мың шаршы метрінде спорт залдары бар. 12 спорт залында тәулігіне 2500 спортшыға дейін шынығуға мүмкіндік қарастырылған. Әр залда спортшыларға киіну, тынығу, жуыну бөлмелері бар. Стандартқа сай волейбол, баскетбол, шағын футболға арналған алаң үлкен жарыстар өткізуге қолайлы. Себебі онда көрермендерге арналған 1200 және қосымша тағы 600 орын дайын. Спорт сарайына дзюдо, еркін күрес, ауыр атлетика, таэквондо, бокс залдарынан бөлек, тренажер, спорттық би залы, тир ату, жүзу бассейндері келемін деушілерге әрдайым ашық. Барлық жаттығу залдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Шынығуға ақылы түрде келетін ересектерге де бір жылға немесе айға абонемент қарастырылған. Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын ақылы келушілер үшін бағаны негізсіз өсірмейді. Себебі соңғы рет 2019 жылы енгізілген бағаны көтеру мәселесі биыл да облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау таппаған. Әрине, бұл шешім өңір тұрғындарына тиімді. Бірақ мекеме басшылығы соңғы екі жылда коммуналдық қызметтің бағасы өскенін, жалпы спорт сарайын күтіп ұстауға жұмсалатын қаржының артып жатқанын айтады.

Спорт сарайындаҰОС ардагерлеріне, I, II топтағы мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдер мен спорт ардагерлеріне тегін қызмет көрсетіледі. Студенттер, зейнеткерлер мен мектеп оқушыларына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Білім беру, спорт және медицина саласында жұмыс істейтін мамандарға бассейн мен дене шынықтыру залына 50 пайыз жеңілдік бар. Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар бассейнде тегін шомылады. Қаладағы 14 спорт мектебінде жаттығатын балалар да кешенде тегін дайындалады. Мұнда Бейбіт Ыстыбаев, Елдос Сметов сынды балуандар, жүзуден әлемнің алты дүркін чемпионы Зульфия Габидуллина, таеквондошы Руслан Жапаровтар да шыныққан. Бұдан бөлек, қол күресінің шеберлері, волейбол клубы мен шебер боксшылар тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, талантты жастардың спорт кешенінде жаттығып, жасындай жарқырауына еш кедергі жоқ.

Жалпы кешен пайдалануға берілген жылы-ақ спорт түрлерінен ел біріншіліктері, байрақты бәсекелер өте бастады. Қазақ күресінен «Еуразия барысы» ұйымдастырылып, 2015 жылы бильярдтан ерлер арасында әлем чемпионаты өтті. Оған 53 мемлекеттің спортшылары қатысты. Еркін күрестен Д.Қонаев атындағы халықаралық турнир өткізу дәстүрге айналған. Бокстан өткен ел біріншілігінен бөлек, басқа да ірі республикалық, халықаралық турнирлердің ұйымдастырылғанын жұртшылық жақсы біледі. Мекеме басшысы Нұрлан Саурықовтың айтуынша, «Тараз-Аренада» 2020 жылы дуы басым додалар өткізу жоспарланыпты. Енді елдегі жағдайға байланысты кейінге шегерілген жарыстар биыл өтуі бек мүмкін. Бірақ бұл сұрақтың жауабы әзірге белгісіз болып тұр.

– Елде жұқпалы індет тарамай тұрып, кешенде күніне 1200 спортшы жаттығатын. Бұл қатарға ақылы келетіндерді қоспаңыз. Пандемия жағдайына байланысты олардың қатары сейілді. Біз спортшыларға шектеу қоймадық. Санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс істедік. Қазір спорт кешеніне жастарды көптеп тарту үшін түрлі шаралар ұйымдастырудамыз. Себебі өңірде талапты балалардың бар екенін білеміз. Бірақ коронавирус инфекциясы тарап, жағдай бақылаудан шыққан кезде бұрыннан қатынап жүрген жас спортшылар да залға уақытша келген жоқ. Олардың қатарында спорттан қол үзіп кеткендері тағы бар, – дейді Нұрлан Байұзақұлы.

Мекеме басшысы жыл өткен сайын табысы артып келе жатқан кешенді 100 пайыз қамту үшін келушілердің санын арттырып, ақылы түрде өтетін жарыстарды жиі өткізу қажет дейді. Сондай-ақ қосымша ақылы түрде өтетін спорт түрлеріне басымдық беру жоспарда бар. Ең біріншіден, спорт кешенінің қомақты табыс таппауына қала халқының саны мен спорт сарайының қала аумағынан шет орналасқаны себеп болып отыр. Бірақ қазіргі жағдай да біршама жақсы. Жылдарды салыстырып қарасақ, өсу динамикасы байқалады. Мәселен, 2014-2015 жылы спорт кешенінің жылдық табысы 30-40 миллион теңгенің көлемі болса, қазіргі жылдық табыс 130-150 миллион теңгеге артқан. Нәтиже жақсы. Тағы бір жағымды жаңалық, облыс әкімінің ұсынысымен «Тараз-Арена» спорт сарайының аумағына жабық теннис корды мен мұз айдынын салу жоспарланыпты. Мекеме басшысы Нұрлан Саурықов көп ұзамай құрылысы басталатын екі нысанның сызбасы сызылып, нобайы жасалып қойғанын айтты. Бұл жоба «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да көрсетілген. «Тараз-Арена» спорт кешені алдағы уақытта жаңа спорт нысандарымен толықса, келушілер саны да артады. Демек, спорт сарайы басшылығының алға қойған жоспары орындалып, талай байрақты бәсекелерді бірге тамашалайтын күн алыс емес.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.