Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Талай танымал тұлғалар шыңдалып шықты»

0 102

Баттал ЖАҢАБАЙҰЛЫ, облыстың Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, облыстық «Aq jol» газетінің 1965-1985 жылдардағы бас редакторы

«Бұл дүние көзді ашып жұмғандай-ақ» деген бабалардың дана сөзі рас екен. 1950 жылы Қазақ Ұлттық университетін «журналистика» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолымды бұрынғы Семей облыстық «Екпінді» газетінің редакциясында тілші болып бастағаным кеше ғана секілді еді. Содан кейінірек туған жерге ту тігіп, 1957 жылы облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Aq jol») газеті редакциясында бөлім меңгерушісі болып оралдым. Мұнан кейінгі барлық жылдарым Тараз қаласында, «Aq jol» газетімен тығыз байланысты өтіп келеді.
Таратып айтсам, 1965-85 жылдары облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің бас редакторы қызметін атқардым. Редакторлыққа тағайындаларда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, ол кісінің: «Қарағым, редакторлық деген – өте жауапты жұмыс. Жауапты қызметті үлкен жауапкершілікпен атқар. Тілектеспін», – деген батасын алсам, сол бата мен сенімге қашанда лайық болдым деп айта аламын.
Мен басқарған жылдары газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Оны Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Төралқасының төрағасы С.Ниязбеков арнайы келіп, өзі тапсырып еді. Ол уақытта облыстың бас газетінің бедел, абыройы осындай биік болатын. Ал өзім де екі рет «Құрмет белгісі» орденінің иегері атандым. «Aq jol» газетінің 50 және 60 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өтуге бас редактор ретінде үлкен күш-жігерімді жұмсадым десем артық болмас.
Бұл басылымнан талай танымал тұлғалар шыңдалып шықты. Олардың көпшілігі елімізге кеңінен танымал ақын-жазушы атанды. «Aq jol» газетінің мектебі – қашанда үлкен мектеп. Бұл мектептен өткендер жаман болмайды. Қазіргі таңда облыс аумағында қалам ұстап, түрлі басылымдарды басқарып жүрген жігіттердің, қызметте отырған азаматтардың көпшілігінің тағдыры облыс баспасөзінің қара шаңырағымен тығыз байланысты.
Мен бұл күнде 94 жасқа келген ақсақалмын. Кейінгі толқынға беретін бата-тілегім: «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейлі тойы жақсы өтсін. Облыстың қара шаңырағы «Aq jol» жасай берсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.