Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таблиғи жамағаттың торына түспе!

0 303

«Таблиғи жамағат» атауы арабша «Жамағатқа сенім ілімін жеткізушілер» деген мағынаны білдіреді. Оның негізін қалау-шы – Үндістанның Кандахла ауылында дүниеге келген Мухаммед Илияс. Ол алғаш сауатын өз ауылында ашып, ұстазы Рашид Ахмад Канкухиден он жылдай дәріс алады. Содан соң Үндістандағы медреседе білімін жетілдіріп, «Мазахирул-улум» атты медреседе дәріс береді. Көп ұзамай ұстаздықты тастап, 1926 жылы «Таблиғи жамағаттың» негізін қалайды. Орталығы – Дели қаласы. Сонымен қатар оның Пәкістанның Карачи, Лахор қалаларында да үлкен бөлімшелері бар.

Олар алғашында Үндістаннан, Пәкістаннан үш-төрт адамдық топ болып шығып, әлемнің түкпір-түкпіріне барады. Барған жерлерінде Исламды таратуға тырысатындықтарын айтады. Өздерін сахабалардың жолындамыз деп таныстырады. Ханафи мазхабында екендіктерін айтады. Кейде Ибн Таймияны құптайтындары да кездеседі. «Таблиғи жамағат» діни ұйымының негізгі ұстанымы мен мақсаты – «барлық адамзатты дінге кіргізу үшін адамдармен жеке-жеке жұмыс істеп, әр адамды түзеп барып қоғамды өзгерту» идеясына негізделген. Олар адамдарды артынан ертіп алып, елме-ел, үйме-үй жүріп дін тарату ісін Құрандағы: «Адамдардың арасынан шыққан ең қайырлы үммет болдыңдар», – деген Әл-Имран сүресінің 110-аятымен негіздейді. Бірақ берілген аят абстрактілі мағынаға ие әрі классикалық Ислам ғұламаларының ғылыми еңбектерінде кеңірек және тереңірек мағыналармен тәпсірленген. Басқа діни ағымдардан ерекшелі- гі – таблиғшылар атқарып келген іс-әрекеттерінде аз материалдық шығындарды қанағат тұтып, жұпыны киім-кешек, аз қарапайым тамақпен күн кешіп, белгілі бір елде халықты Ислам дініне шақыру ісін өздеріне міндет деп санайды. «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметі христиан дініндегі протестандық миссионерлердің қызмет ету әдістеріне ұқсас. Мұндай іс-шараға әр топқа 8-10 адамнан жиналып, араларындағы біреуі әмір етіп сайланады. Дәрет алып, екі рәкағат намазымен Құдайдан тілеу тілеп, жолға шығады. Ұйым мүшелері қызмет барысында азға қанағат етіп, өз қаражаттарын (көлікке, тамақ пен киімге, т.с.с.) өздері көтереді. Әрі сырттан берілетін садақаны да пайдаланады. Таблиғшылар алыстағы түрлі елді мекендерді кезіп, сол жердің базарлары мен арнайы белгіленген тұрақтайтын мекенжайларда тұрғындарға насихаттарын жүргізеді. «Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойұсынуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, Ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді. Дегенмен таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы – зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады. Жолындағы тоқтаған елде дінге дағуат етіп шақырған таблиғи мүшелері сол дағуаттарын «баян» немесе «хұтпа» деп атайды. «Баян» кезінде барлығы дағуат жасаушының маңына жиналып уағызды тыңдайды. Содан кейін олар топ-топқа бөлініп, адамдарға діни парыздар мен сүннет амалдарын үйретуге кіріседі. Дағуатшы – Исламды басқаларға үйретуші болғандықтан, оның өзі ислам қағидалары мен парыздарын мүлтіксіз әрі ықыласпен орындауы қажет деп тәрбиеленеді. Ұйым мүшелері көбіне пацифисттік сипатта өмір сүреді. Басқалармен араздасуға әкелетін жағдайлардан аулақ жүруге тырысады. Өйткені араздасқандар оның дағуат жасау қызметіне зиян тигізу мүмкін деп сескенеді.Таблиғи жамағат өкілдері арасында ішінара кең тараған терминдерге тоқтала кетсек, олар: дағуат, таблиғ, ілім алу, фазаилул амал, машура, гаш, баян, әмірсап. Ұйым мүшелері дағуатқа шығар алдын міндетті түрде төменде көрсетілген шарттарды орындаулары қажет:
•Дағуат етуге шығушы адамның әрекеті өз еркімен, қалауымен болу; •Сапарға адал тапқан қаражатпен шығу;
•Адал уақытта шығу (яғни дағуатқа шыққан адам оның қатысуын қажет ететін істері немесе мойнына тапсырылған аманат пен міндеттердің болмауы);
•Аллаға деген шексіз мұқтаждық (өзінің миссиясына ықыласпен сену). «Таблиғи жамағат» ұйымының басты идеологиялық құралы «Фазаиль ‘Амали» кітабы болып табылады. Кітап мазмұнында ұйым мүшелері мен қатарға жаңа қосылған дағуатшылар өз қызметінде мынадай бес қағиданы орындауы керек: 1) Дағуатшы тамақ, көлік және тағы басқа шығындарын өзі көтеру, ал шамасы жетсе, жанындағы мүсәпір бауырларына да жәрдем беру; 2) Дағуатшы қызметте жүрген бауырлары мен басқа да жандарға дұрыс қызмет етуді, оларға сый-құрмет көрсетуді өзіне бақыт деп білу. Олардың абыройы мен арын қорғау; 3) Қарапайым мұсылмандарға кішіпейіл әрі кеңпейіл назармен қарау. Жұмсақ әрі сыпайы сөйлеу. Ешбір мұсылманға жаман көзбен қарамау. Әсіресе ғалымдарға сын көзбен, құрметсіздік танытпау; 4)Бос уақыттарын қажетсіз істермен: өсек айтумен, жанжалдасу немесе бос ойын-күлкімен өткізбей, діни кітаптар оқу және діни білімі бар адамдармен сұхбаттасу. Уақытты ілім-білім жинаумен, зікір айтып, жарылқау тілеумен өткізу; 5) Ризық-несібесін адал жолмен тауып, ебімен жұмсау. Отбасы мен туған-туыстар алдындағы борыштарды өтеу; 6)Діни негіздегі араздықтарды тудыруы мүмкін болған мәселелерді көтермей, таухидтің (бір Құдайға сыйыну) негіздері мен ислам парыздарын орындауға шақыру; 7) Кез келген іс пен сөзді жақсы ниетпен жасау не айту.
Таблиғи жамағат – саясаттан тыс әрі сырт көзге жабық, халықаралық деңгейде жұмыс жасайтын аса қуатты исламдық ұйым. Сырт көзге момақан болып көрінетін бұл ұйым – жастарды шетелге апарып оқыту, тәрбиелеу ісінде ерекше белсенділік танытады. Олар салафилер немесе «Хизбут – Тахрир» сияқты өзге қозғалыстармен тез тіл табыса алады. Сонымен бірге отбасын асырау олар үшін парыз емес. Кей аймақтарда аталған ағым мүшелері 4 күндік дағуат, 40 күндік дағуатқа шығып, тіпті кейде 4 жылға дейін із-түзсіз үйлерінен жоғалып кетіп қалып, «Алла өзі асырайды» деп отбасыларын қиын жағдайға тастап кеткен.
Өткізілетін іс-шаралары – «Таблиғи жамағат» өкілдері ел-елді, жер-жерді жаяу аралап, ислам негіздерін қалың бұқараға насихаттайды және оларды хақ дінге шақырумен айналысады. Бірақ өте тұжырымды, дұрыс сөйлегенімен, олардың Ислам ғалымдары мен олардың сөздерін ауыздарына алмаулары, әһли сүннет мәселелерінің бір бөлігін жасырулары күмән тудыратындықтан, Үндістан мен Пәкістанда кейбір дін ғалымдары олардың тура жолдан тайғандығын жазады. Олар өздерін «жамағат-ут-таблиғ» деп атайды. Ілімдері һәм көзқарастары қарапайым, тартымды болғандықтан жастар таблиғтердің тұзағына оңай ілігеді.
Сыртқы бейнелері – үстеріне сүннет киім деп ұзын көйлек немесе шапан, мәсі киіп жүреді. Қаба сақал қойып алады. Көбіне қоғамдық көліктерге мінбей жаяу немесе жолшыбай кетіп бара жатқан көліктерге мініп жүреді.
«Таблиғи жамағат» діни ұйымының қоғам ішінде тудырған алауыздықтарын және жастарды Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан елдеріне жасырын түрде медреселерге жіберулері үдеуіне орай Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының ұсынысы бойынша 2013 жылдың 26 ақпанында №2 Сарыарқа аудандық соты экстремистік ұйым деп тапты. Аталған ұйымның республика аймағында таралуына және қызмет етуіне заңмен тыйым салынғандығын хабарлаймыз.

Т.Ескулова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.