Қалалық қоғамдық-саяси газет

Табиғат тағы да топ жарды

0 177

Қазақ әдебиетінің алыбы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың айбоз Әбіші» атты республикалық ақындар мүшәйрасында тараздық ақын Табиғат Абаилдаев жүлдегер атанды.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Республикамыздың белгілі ақындарын түйістірген жыр додасына 18-45 жас аралығындағы 180 ақын қатысты. Әуелі олардың өлеңдері «Қаламгер» порталында жарияланды. Мүшәйра талабына сәйкес ақындар Әбіш Кекілбаевтың рухына арнап бір өлең, сондай-ақ еркін тақырыптағы бір шығармасын ұсынды. Жүлдегерлер Атырау қаласындағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияда өткен жиында марапатталды.
Қазақтың адуынды ақыны Серік Ақсұңқар, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Гүлнар Салықбай, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, алаштың аяулы ақыны Светқали Нұржанов бастаған қазылар алқасы жыр аламанына төрелік етті. Мүшәйра қорытындысы бойынша Табиғаттың «Альциона» , «Миллениум» атты өлеңдері бәйгелі болды. Ақындар аламанында жүлделі екінші орынды иеленіп, 400 000 теңге қаржылай сыйлық алды.
Естеріңізде болса, Табиғат Абаилдаев қазан айында Қарағанды облысында өткен Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық ақындар мүшәйрасында да екінші орынды еншілеген еді.

АЛЬЦИОНА
(Әбіш Кекілбаевқа)
Абызын сағынды ма мынау халық?
Леп белгі қаптап кетті, сұрау қалып.
Өзімшіл қазағына күлімсіреп,
Кекілбаев жұлдызы тұр-ау жанып.

Сезінген шақтарымда ұятты анық,
Жүрегім тастайтындай күй ақтарып.
Мұңға ауыр берілемін мен кей кезде,
Бір дәуір көшіп кеткен сияқтанып.

«Елім» деп соғатұғын қан тамыры,
Өзіңдей болар ма ердің хал-қадірі.
Жұлдыздар арасынан көз тастайды,
Қазақтың аласармас Хан Тәңірі!

Затың да оңай емес, атың да оңай,
Орныңнан ойпаттарға атылмағай.
Габодай құрбан болмай тұра берші,
Қазаққа, қара жерге жақындамай!

Бітпейтін бір арманды бастадың да,
Дүние, сен де айналдың қас қағымға.
Габоның қасіреті қара жерде,
Әбіштің қасиеті аспанымда!

Алаштай ұлы атырап, байтағымда,
Мен енді тек естелік айтамын ба?
Аспанның жүрегінде абыз болып,
Альциона жанып тұр байқадың ба?

Жерге емес, кеңістікке сыятындай,
Шоқ жұлдыз тек жылуын қиятындай.
Альциона қарайды қазағына,
Қазақтың бетіндегі ұятындай.

Дүние-ай, адамдарда бар ма талғам,
Алашта тағдыр аз ба, жарда қалған.
Альциона қарайды қазағына,
Қазақтың көз жасындай қарға тамған!
Ескерту: Альциона «Үркер» жұлдыздар шоғырындағы ең жарық жұлдыз;
Габо – жер бетіне құлаған ең алып жұлдыз, метеорит.

МИЛЛЕНИУМ
Дүние мынау тұрақ емес қой,
Мәңгі мейірімді тарата алар кім?
Айшаны шаққан жылан емес қой,
Сағынышы шығар Қарахан бабаның.

Дәуірім, жеткіз, шапағаты бар,
Хұсни хаттардың қимай қанатын.
Кей адамдардың махаббаты бар,
Мыңжылдыққа да сыймай қалатын.

Ғасырда мына тымық түні мұңды,
Қасымда қалшы, тәтті дәурен тек.
Шорт сынған кенет сынық шыны сынды,
Жүрегіңе қонсын сәулем кеп.

Жүрегіңменен жаным сез мұны,
Күнді қайтесің сұрап өтетін.
Біз кешкен күндер көктем мезгілі,
Сіркіреп көзден құлап кететін.

Бағымда өскен жайнап ақ гүлсің,
Сезімге сертім, пейілім де осы.
Жанардан біздің тайғанап тұрсың,
Мұңсыз тағдырдың мейірім жасы.

Жалғыздығыңды білемін, қалқам,
Жанардан тәтті у құлай ағады.
Сезім деп соқса жүрегің әр таң,
Мың жылдан соң да жылай алады.
***
Жалғыздығымды жүрегіңе сап алып кет
Қамай алмайды, қайратты жанды тегі мұң,
Сөне қоймайды сезімің барда сенімің.
Бостандығыңнан шаршады білем жүрегің,
Еркіндігіңнен шаршады білем ерінің!
Көрсе сол көрсін, бізді енді тобыр көп күндеп,
Тұтанар сәті жеткен секілді шоқтың көп.
Байқап қашпадың, шайқап тастадың келдің де,
Ойнастарым да оята алмаған отты үрлеп!
Қамасын көздер, қарғасын сөздер қарғаса,
Өз ойы барға маңызды емес ол да аса.
15 минуттық ойыншық болып кетер ме ең,
Махаббаттан да биік тұратының болмаса.
Қарай алмадым, жалғанға сенсіз жарық деп,
Жүрегің сенің жанып тұрады жарық боп.
Біз жаққа қайта оралып күнім жатсынбай,
Жалғыздығымды жүрегіңе сап алып кет!

Айтпашы бірақ ешкімге…
Жанымды дерттей меңдеп қалсаңшы,
Сарғайған Сары Күз керім.
Еріндеріммен емдеп алсаңшы,
Жүректегі сезім іздерін.
Жасындай сірә, сөне көрмеші,
Жарқырап тұрып кенеттен.
Ғасырға мына сене бермеші,
Өткен бе өмір електен?
Арман таңыңнан мені көрсеңші,
Жанымды тосын тылсым ғып.
Өмірді бірге келіп өрсеңші,
Алақаныңнан мұң сырғып.
Жүректі, шіркін, ойландырайық,
Түнімен көзін ілдірмей.
Алтыбақанды айналдырайық,
Құрбыларыңа білдірмей.
Бір жолда тағдыр түйісе қалсын,
Ғайып боп жаннан ес мүлде,
Еріндеріміз сүйісе салсын,
Айтпашы бірақ ешкімге…

Өлең ағып барады Есілменен
Тарам-тарам әжім боп Аспан әрі,
Түсіреді есіме Астананы.
Көкіректің жүзінде жылдар ойнап,
Жанарынан Сезімнің Жас тамады.
Кездерімдей қатемді кешірмеген,
Сәттерімдей отымды өшірмеген.
Өмір қалып барады меніменен,,
Өлең ағып барады Есілменен.
Ренжулі, аяулы түріменен,
Ең әдемі қолдағы гүліменен.
Толқынында Есілдің тербетіліп,
Менен қашып барады Тірі Өлең!
Пенде бар ма, беу жаны сiрi мендей,
Жарасына Жанымның үңiлердей.
Ендi мен де сұлбамды сүйретем де,
Өлі өмірді сүремін тірілердей!

Өлеңімнің жолдарынан
Қайта жанды өшіргенім,
Қате болды кешіргенім.
Өлеңімде түпнұсқамын,
Өмірімде көшірмемін.

Арбағандай өзге сенім,
Толып қалды көзге шерім.
Ертеңімнен түк таба алмай,
Ертегіммен кездесемін…

Ей, ертегім, ойымды ап кел,
Сен де ақынды мойындап көр.
Сызылмаған өлеңдерім,
Жазылмаған қойын дәптер.

Кеткен күндер кетті дедім,
Ерткен күндер ертті дедім,
Қойын дәптер табар ма екен,
Бойымдағы дертті менің.

Сөйлей қалсам сөзім бөтен,
Сәттер ғайып төзімге тең.
Айлар бойы айыға алмай,
Өз дертіммен өзім кетем.

Тағдырымның тоңдары нән,
Қайырым жоқ қорғанынан.
Бір кешірім күтіп келем,
Өлеңімнің жолдарынан.
Есімде еді,
Есімде еді, есіңде еді,
Бізбен бірге талдардың шешінгені.

Қимылымды құп алып, қарсы болмай,
Кінәлі ғып тастадың сосын мені.
Есіңде еді, есімде еді,
Тұсауыңның әп-сәтте кесілгені.

Өміріңді бір күнде тәрк етіп,
Талап еттің тағы да сосын нені?
Есімде еді, есіңде еді,
Іңірде емес, кәдімгі бесінде еді.

Мен емеспін, алдымен сен қаладың,
Сол үшін де, күнім-ау, кешір мені.
Есімде еді, есіңде еді.
Күңіренген жиектің тосын демі.

Ашық аспан астында… болды бәрі,
Есімде еді, есіңде еді…
Кұлы болып күдіктің,
Мен бәрін ұмыттым,
Сен де ұмыт!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.