Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Табалдырық арқылы өтем төрге»

0 245

Бәрі де отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, облыстық «Aq jol» газетінің индустрия және инновация бөлімінің редакторы Баймаханбет Ахметтің ұстанымы, міне, осы. 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай Баймаханбет Тоққошқарұлымен журналистика төңірегінде тілдескен едік.

– Бала күніңізде-ақ республикалық басылымдарда жарияланған мақалаларыңызбен танылып, «тілші бала» атаныпсыз. Ауылыңызда жеті-сегіз жылдай көлік жүргізушісі де болған екенсіз. Бірақ қалам мен қағазға, өлеңге адалдық танытып, әсіресе журналистика саласына елеулі еңбек сіңірумен келесіз. Жалпы журналистика сізге не берді, несімен қымбат?
– Бернард Шоу айтты деген бір сөз есімде қалыпты. «Ең бастысы – ой сараптауды үйрену» деген. Журналистиканың маған үйреткені – осы. Белгілі бір мәселені қай жанрда жазып көрсетсе ұтымды шығатыны, жалпы нені жазып, нені жазбауым керектігі қаламды қолға алған сәтте-ақ тілімнің ұшына орала кетеді. Тәжірибенің жетіле түскенінің де жемісі болар. Журналистиканы жасымнан жүрегім қалады. Сонысымен де қымбат.
– «Өзінің осалдығын білген – ең құдіретті кісі» деген сөз бар. Сіз өзіңіздің осал жеріңізді білесіз бе? Ерекше қасиетіңізді ше?
– Мен ерекше кеңмін, адамға сенгішпін, ешкімге де кек сақтамаймын. Осал жерім де, ерекше қасиетім де осылар деп ойлаймын.
– Қалам тілшінің найзасы ғой түйреп алатын. Сіз қолға қалам алғалы кімдерді көбірек түйредіңіз? Нәтижесі қандай болды? Зияны тимеді ме?
– Газет мемлекеттің мүддесін қорғайтындықтан, осы тұрғыда еңбектеніп, қолымыздан келгенін аянып қалмадық. Түйрелгендердің арасында таныстар да болды. Мұның өзі отпен тең дүние ғой. Таразының бір басында – таныстарың, екінші жағында – мемлекеттің, елдің мүддесі. Алайда көрініп тұрған кемшіліктерді тайға таңба басқандай етіп жазып көрсету – қаламыңа серт. Дені экономика және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты. Жазарын жазасың да, мұның арты не болар екен деп өзің қобалжисың. Бірқатары оң шешімін де тапты. Кім өзінің жаман жағын көрсеткенді жақсы көрсін?! Рас, сынға іліккендердің беті ары қарап кетті. Алайда мынауыңыз дұрыс емес деп ешқайсысының қарсы уәж айтқаны жоқ.
– Қазіргі жас журналистер мақала жазуда кейде сөздерді дұрыс қолданбайды. Аға буын өкілі ретінде қандай ақыл айтар едіңіз? Журналист сауатты жазып, ойын дұрыс жеткізіп, дами түсуі үшін не істеуі қажет?
– Қазіргі өзгермелі қоғамда жаңалықтар да, өзгерістер де көп-ақ. Журналистің міндеті – соның бәрін халыққа ұғынықты етіп жазып жеткізу. Өзің түсінбеген нәрсені елге қалай түсіндіре аласың? Ол үшін тілдік қорың мол болуы керек. Кейбір жас журналистер «процес», «процент», «проблема», «пилоттық», «альтернатива», «номинация», «конкурс» деген секілді көптеген орыс сөздерін қазақша жақсы аудармалары бола тұра әлі де жиі қолданудан танбай келеді. Біздің буын өкілдерінің мұндайға жаны қас еді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңітілуі, міне, осындай майда-шүйдеге де тікелей қатысты екенін жастарымыздың ескере бермейтіні қынжылтады. Тіпті көркем әдеби кітаптарды қолына да алмайтын журналистермен бетпе-бет келуіме тура келгенінің несін жасырайын?! Кітап оқудың, оның ішінде көркем сөз зергерлерінің дүниелерімен танысудың тіл ұстартуға, тілдік қорыңды байытуға септігі мол. Олар осыны түсінсе екен.
– Артыңызға көз салғанда не көресіз? Болашақтан не күтесіз? Кеше мен бүгіннің жіберген қателігі мен жетістігі туралы не айтар едіңіз?
– Өзім алғаш газетке келгенімде жадағай жазылған, сүреңсіз мақалалардан көз сүрінерліктей еді. Мақалаларының тақырыптарын «Озат механизатор», «Тәжірибелі сауыншы», «Үздік сатушы» деп қана қоятын, оқып ізденбейтін журналист ағаларым болды. Мақалалар көбінесе бір сарында жазылатын. Қазір газет жанры күрделене түсті ғой. Әсіресе, тұшымды мәселелер қозғаған көлемді мақалалар жиі жарық көріп жатады. Міне, осындай дүниелер газетті оқылымды ете түсері анық. Кешегі күннің жетістігі – газетте жарияланған сын мақалаға дер кезінде жауабы қайтарылып, тиісінше шаралар қолданылатын. Ал қазіргі кезде сын тезіне алынғандарды қорғаушылар қайдан да табылады. Осы тұрғыда журналистерге қолдау болуға тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.